Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы ел халқының көпұлтты, көпконфессиялы қалыптасуы жағдайында жүзеге асты. Мұнымен қоса монархиялық және кеңестік биліктің барынша асқынған ауыр зардаптары еншіге қалды. Саяси және экономикалық отарлық тегеурін қазақ халқының дербестікке ұмтылысына барынша кедергісін келтіріп бақты. Соған қарамастан, еліміз тәуелсіздікке ие болу мұратынан бір сәтке жаңылған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеті әлемге гуманистік, демократиялық және толеранттылық сипатымен даралана бастады. Мұның айқын бір көрінісі – ұлтаралық татулық пен келісімді ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымының өмірге келуі. Ең алғаш мұндай қоғамдық институттың қажеттілігін тәуелсіздіктің елең-алаңында Президент Н.Ә. Назарбаев жан-жақты дәлелдеп, негіздеп бергені мәлім.1992 жылы ел тәуелсіздігінің бір жылдығына арналған Қазақстан халқының бірінші форумы аталмыш құрылымның тарихи тұрғыдан іргетасын қалап берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда ел Президентінің Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды. Ассамблеяның басты мақсаты ортақ Отанымыз Қазақстанның өркендеуі мен гүлденуіне өзіндік үлес қосу, қазақстандық патриотизмді, қазақстандық азаматтық бірегейлікті, бәсекеге қабілетті ұлтты дамытуға, еліміздегі ұлтаралық келісімді қалыпты орнықтыруға қызмет ету болып табылады. Уақыт алға жылжыған сайын, Ассамблеяның саяси және заңдық-құқықтық тұрғыдан мәртебесі мен қоғамдық орны барынша айқындалып, толықтай қалыптасып келеді. Бұған 2008 жылы 20 қазан айында арнайы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңды және Қазақстан Парламенті Мәжілісіне Ассамблеядан өкілдер (9 депутат) сайланатын ерекше мәртебесін атап өтуге болады. Әрбір ұлттың жеке-дара бірегейлігін сезінуі, ұлттың тек өзіне ғана тән бітім-болмысын тану мен қабылдауы сол ұлттың мәдени құндылықтар жүйесінің, тарихы мен тілінің даму еркіндігі арқылы жүзеге асады. Бұрын негізінен, орыс тілінде сөйлеп және жазып келген 100-ден астам қазақстандық ұлттарға ана тілінде білім алуға, ана тілін барлық жастағыларға үйренуге, ана тілінде баспа, баспасөз бен бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуге, ұлттық мейрам-мерекелерін, салт-дәстүрлерін насихаттауға, ұлттық театр (орыс, өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары) өнерін өркендетуге барынша жағдай жасалынған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қадағалауымен тұрғызылған Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайы қазақстандық ұлттардың құрылтайлары, басқосулары мен іс-шараларын өткізуге айқара ашық. Ассамблеяның нақтылы міндеті заңдық негізде жүйеленген. Атап айтқанда, «этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау; халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту; қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу; азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру». Қазақстандық қоғамдағы мақсаты мен міндеті толықтай айқындалған, елдің бірінші басшысының тікелей қолдауындағы Ассамблея өзіне жүктелген сенім мен парызды барынша жауапкершілікпен атқарып келеді. Ассамблеяның белсенді мүшелерінің арасында отансүйгіштік рухты өз істерімен дәлелдеп жүрген азаматтар жеткілікті. Түрлі ұлт өкілдері Қазақстан билігінде, ғылымында, әдебиетінде, оқу-ағарту саласында, өнерінде, спортында, бизнесінде молынан ұшырасады. Кезінде саяси және басқалай объективті себептерден атамекендерінен қоныс аударуға мәжбүр болған басқа ұлт өкілдері қазақ халқының дархан пейілі мен кең құшағын ұмытқан емес. Сайын сахарадағы дала демократиясын қанына сіңірген көшпенділердің ұрпақтары – қазақтар сол бір тарихи сын сағатта адамзатты сүюге негізделген гуманизмге беріктігін дәлелдеп берді. Ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресі бірнеше ғасырға созылған, отарлық зар-заман қасіретін кешкен, ұлт ретінде сақталуы күмәнді болған халықтың тарихтан алған тағылымы өте терең. Осы орайда монархиялық Ресейдің басыбайлы отарына айналған қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы ұлт құндылықтары үшін жанкештілік күресіне тоқталған ләзім. Орыс демократиясының 1905 жылғы революциялық толқуы метрополияның бір қиырындағы қазақтар арасында азаттық ұрығын септі. Отарлық жүйеге қарсы күрес ұлттық мүддені көтеру жолындағы сан алуан қозғалыс тәжірибелерінен өтті. Қазақтардың азаттық қозғалысының бұл кезеңі тіл, дін, діл және жер мәселелерін көтерген саяси-экономикалық талаптармен ұштасты. Қазақ зиялыларының, ел ағаларының және қазақ студенттерінің ұлт мүддесі жолындағы ұмтылыстары мен іс-қимылдары мерзімді баспасөз беттерінде, алдыңғы қатарлы саналатын саяси партияларға (конституциялық-демократиялық, социалист-революциялық, автономиялық-федеральдық) мүше болумен, үкіметке петициялар мен қоғамдық хаттар ұйымдастырумен сипатталады. 14500 адам қол қойған атақты Қарқаралы петициясы қазақ халқының табиғи ұлттық тілек-талаптары болатын. Саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған Алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1938) ІІ Николай патшаның демократияның ұшқыны бар 1905 жылғы 18 ақпан жарлығын пайдаланып, Ресей Министрлер комитетінің төрағасы С.Ю.Виттеге ресми хатын жазды. Бүкіл қазақ халқының атынан жазылған хатта, 1868 ж.,1891 ж. қазақтарды басқару туралы «ережелердің» халық тұрмысы мен жағдайын барынша күйзеліске ұшыратқаны нақтылы дәйектермен талданған. Қазақтардың рухани-діни мәселесінің ауыр жағдайы ашып көрсетіледі. Аталмыш мәселе, «ереже» бойынша жалпы азаматтық басқаруға, одан әрі Ішкі істер министріне қараған. Мұсылман дінінен еш хабары жоқ шенеуніктері қаптаған мекемелерге рухани істің берілуі жөнсіз еді. Хат иесі әр шенеуніктің қазақ халқының діни істеріне араласуды бұлжымас міндетке айналдырғаны, мешіт, медреселерді жауып, мұсылман дінін қорлау, діни кітаптарға қатаң цензура қою, есесіне христиан дінінің уағыздалуына айрықша көңіл бөлу тәрізді іс-әрекеттері көрсетеді дейді. Бұл іске толық бостандық берілуін көтерген автор өз ұсынысын жеткізеді: «Қазақтардың рухани-діни істерін жоғарыдағыдай әкімшілік мекемелерінен алып, оны қазақ дінбасы (мүфтиі) басқаратын арнайы қазақ діни жиылысына беру, мүфтидің түрлі мекемелерден, миссионерлік қоғамдардан тәуелсіз болуы; мешіт, медресе, намаз оқитын орындардың орыс үкіметінің рұқсатынсыз салынуы; қазақ, араб, татар тілдеріндегі діни кітаптарға цензураның жойылуы; туу туралы куәліктердің діни басқармаларға берілуі; миссионерлерге халықтың ашық қарсылық көрсете алуы, оларға әкімшіліктің бөгет болмауы тиіс». Әрине, мұндай талапты отарлық билік орындамауы былай тұрсын, тұтас халыққа деген сенімсіздік шараларымен жауап берді. 2014 жылы 18 сәуірде Ассамблеяның XXI сессия-құрылтайында сөйлеген Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ислам діні әу баста Жаратушыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның ешбір хақы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, барлық және әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды жат ықпалдардан қорғауға, адасқандарды ақылға шақырып, оларды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіспіз», – деп жете тоқталып өтті. Наным-сенім, діни ұстаным адамзат ұрпағының саналы ерекшелігін көрсететін басты сипаттарының қатарында болса, одан қасақана айырудың зардаптары да белгілі жайт. Кеңестік билік ұлттық мүддені көздеген қозғалыстарға екіжүзді бағыт ұстанды. Большевиктердің 1917 жылы 2 (15) қарашада жарияланған «Ресей халықтарының құқықтары туралы әйгілі декларациясы» мен 20 қарашада (3 желтоқсан) жарияланған «Ресей мен Шығыстың еңбекші мұсылмандарына» атты үндеуі, алғашқы кезде аз халықтарды өзінің «жүрекжарды» мазмұнымен баурап алды. Отар елдер өзін өзі билеуге, тіпті, бөлініп шығып жеке мемлекет құруға толық құқылы екендігі, оның төңкеріс органдары күшімен қорғалатындығын лениндік басшылық уәде етті. Алайда, орталық Ресейдің әлеуметтік төңкерісінің тұтас Түркістан аймағында шовинистік пиғылдағы еуропалық-келімсектер қолымен жүзеге асырылуы, сенімсіздік туғызды. Мұндай түсініксіз жағдайлар ұлттық қозғалыс жетекшілерін нақтылы шешімдер қабылдауға итермеледі. Сөйтіп, 1917 жылы ұлт мүддесін көздеген «Алаш автономиясы», «Түркістан автономиясы» дүниеге келді. Олардың бағдарламалары мен шешім-қаулыларын да демократиялық принциптер мен гуманистік құндылықтар айқын көрінді. Бірақ кеңестік биліктің ұлт саясаты таптық мүдденің астарындағы отарлық пиғылмен алмастырылды. Кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да қазақ халқының ұлттық құндылықтары үшін табиғи ұмтылысы болатын. Алайда, ел болашағы саналған жас өркендерді, жастарды тоталитарлық жүйе тұншықтырып тастады. Мұның барлығы қазақ халқының ұлт мүддесі жолындағы ұмтылысын шыңдады. Ол шыңдалу мен ширығу басқа ұлттарға деген өшпенділіктен тыс, ерекше ұлттық иммунитетті қалыптастырды. Тәуелсіздікті жариялаған бастапқы кезеңде, отар халықтарда болатын эйфориялық көңіл-күйді прагматикалық салқынқанды өмір шындығына жеңдірген қазақ халқы отандас ұлттарды тағдырдың тәлкегіне тастаған жоқ. Ұлт бауырластығын көтеріп, бірегей институционалдық құрылым Ассамблеяға дейін ашып, басқа ұлттардың өркендеуіне мемлекеттік деңгейде жан-жақты жағдай туғызу, әлемде жоқ тәжірибе екендігін қайталаған артық болмас. Әлі де болса, рухани-мәдени өмірдегі отаршылдық зардаптарының ықпалы сезілуі, мемлекеттік тіл мәртебесінің «әттеген-айлары» болуы қазақ халқының оптимистік болмысынан хабардар етеді. «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты ел халқына Жолдауында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойын республикада кеңінен атап өтуді ұсынып, «Этносаралық келісім –ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды», деп осы бір аса шетін де нәзік мәселе жайында терең мағынаға толы өз ұстанымын жеткізді. Адамзат тарихының ұлтаралық келісім мен дінаралық төзімділік туралы мәліметтер қалдырған деректері көп емес. Сондықтан, тіптен кең мағынасында алғанда, мәдениеттер мен өркениеттердің заманауи үндестігі сынды қазақстандық тәжірибенің аса салмақтылығын пайымдайтын, зерттеп-зерделейтін уақыт келді. Ассамблеяның еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарында кафедралары құрылуы аздық етеді. Күні бүгінге дейін елімізде әлем халықтарының тарихын зерттейтін, мысалы, жалпы тарих ғылыми-зерттеу институтының құрылмауы мұндай істерге кедергі келтіреді. Ассамблеяның құрамындағы 100-ден астам ұлттың тағдыры мен тарихы, қазақстандық зерттеулердің шекарасын кеңейтер еді. Ел бірлігі доктринасы мемлекеттік тілде сөйлейтін және өз ұлтының құндылықтарын сақтайтын Қазақстан халқын бейбіт өмір мен жасампаз еңбекке жұмылдырады деп сенеміз. Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихнама, деректану және заманауи методология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы. АЛМАТЫ.
Қоғам • 01 Тамыз, 2015
Қазақстандық ұлтаралық келісім: тарих пен тәжірибе
Беларусь 2026 жылды әйелдерге арнады
Әлем • Бүгін, 18:48
Синоптиктер 4 қаңтарға ауа райы болжамын ұсынды
Ауа райы • Бүгін, 18:22
Салық кодексі: арнайы режимдерге көшу мерзімі 28 ақпанда аяқталады
Салық • Бүгін, 17:56
Жер шарындағы ең суық және ең ыстық аймақтар белгілі болды
Әлем • Бүгін, 17:34
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентінің қамау мерзімі тағы ұзартылды
Әлем • Бүгін, 17:17
Елена Рыбакинаның WTA 500 турниріндегі қарсыластары белгілі болды
Спорт • Бүгін, 16:57
Иран БҰҰ-ны Трамптың қоқан-лоққысына жауап беруге шақырды
Әлем • Бүгін, 16:30
Қазақстанда браконьерлерден мыңнан астам киік мүйізі тәркіленді
Қылмыс • Бүгін, 16:14
Түркістан облысында жеміс-жидек өңдейтін зауыт іске қосылды
Аймақтар • Бүгін, 15:54
Трамп: Мадуро ұсталып, елден шығарылды
Әлем • Бүгін, 15:30
Мексикада магнитудасы 6,5 балдық жер сілкінісі болды
Әлем • Бүгін, 15:14
Медициналық қызметкерлерге шабуыл жасағандар 12 жылға сотталуы мүмкін
Заң • Бүгін, 14:57
Ұлттық ұланның жеке құрамы Жаңа жылды жауынгерлік бекетте қарсы алды
Әскер • Бүгін, 14:42
АҚШ Венесуэланың астанасы Каракасқа әуе соққыларын жасады
Әлем • Бүгін, 13:50