Тұлғалар толғанысы
Әлемде таңғаларлық оқиғалар болып жатыр. Көзі кейде түсіп, кейде түспейтін керенау дүниенің қас-қабағы түзеле бастағандай. Біразға дейін біреу біліп, біреу білмейтін балғын тәуелсіздіктердің біреуінің басшысын Біріккен Ұлттар Ұйымының кезектен тыс жиылған саммитіне қатынасушылар аңсап жүрген бауырларын көргендей құшақ жая қарсы алды. Қақырайма сахнада қаз-қатар тізілген президенттер арасынан қақ ортадан, қабылдаушы елдің қонақжай басшысының қасынан орын ұсынды. Айтулы саясаткерлерге ғана лайық деп саналған сыйлық табыстады.
Атышулы Батыс көрер көзге өзгерейін депті. Еуропаның ең беделді ұйымына жас тәуелсіз мемлекет төрағалық етеді. Дүниежүзілік қауымдастықтың Бас тағын Қиыр Шығыстың өкілі иеленді. Жан-жақтан жиылған әр алуан қонақтарды құшақ жая қарсы алып жүрген меймандос мемлекеттің президенті де көп көріп, көз үйреніп қалған “Сэм ағайға” ұқсамайды. Аршындай басып, алдыңнан шығып, халыңды сұрап, үйіріліп тұр. “Бәрі де төр иесінің қалай амандасқанынан аңғарылады”, – дейді көп көргендер. Дүниенің сәлемі түзеліп қалғанын аңғартқысы келгендей бір жағымды оқиғаға екіншісі ұласты. ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның басшылық етуі халықаралық саясаттағы айтулы құбылыс ретінде қабылдана бастады. Жиырма жылдай жатпай-тұрмай еңбек сіңірген Азиядағы сенімділік ахуалды нығайту бастамасы жиырма екі елдің тарапынан қолдау тауып, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікке қосқан елеулі үлесі ретінде бағалана бастады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының тізгіні қолға тиді. Алда Ислам Конференциясы Ұйымының төрағалығы күтіп тұр.
Лайым, осы бағытынан жаңылдырмағай!
Иә, жартысы жалтаңдап, жартысы талтаңдап үйренген дүниеде сырттай бедіремей, іштей күдіремей, алыс-жақын, үлкен-кіші, ақ түсті-қара түсті деп бөлінбей, иықтасып отыра қалып, ақылдасып-мақұлдасатын ахуал туыпты.
Ойыңа осындайда қай-қайдағылар оралады екен! Көз алдыңнан көлкештеп неше қилы көріністер өтеді. Соңғы ширек ғасырдың ішінде біздің басымыздан нелер келіп, нелер кетпеді? Биенің боталап, түйенің құлындағанынан басқаның бәрін көрдік. Әншейінде “Халықтар достығының лабораториясы”, “Жүз тілдің планетасы” деп қош-қоштай жүріп, бір-ақ күнде “әй, кәпір” атандық. Жазғанымыз – жұртпен бірдей екендігімізге сенім талап еткендігіміз. Айтуларына қарағанда, күні кешегі періштелер жайлаған пейіш өлкеге бір түнде перілер қаптап кеткендей. Орталық ақпарат құралдарының айтып-жазып жатқандарынан төбе шашың тік тұрады. “Тақтым кінә, жақтым күйе!” – деп дүрбелең дүниені дүбірлетті де жіберді.
Мұның бәрі бұрынғы жүйенің қыр-сырын түгел танытты. Алдап-сулап төріңе озып, түгел жайлап алған соң, “үй менікі, жөніңді таптың” керін келтірді. Азғантай уақыттың ішінде бейбіт Қазақстанды кісіден кісі қорқатын жаппай сенімсіздік аймағына айналдырып, өз келешегіңнен үміт үздіргісі келді. Сөйтіп, кеңес халықтарының қай-қайсысын да демократиялану үдерісі тұтандыра бастаған үміт ұшқындарын қайтадан қаран суға алдырғысы келді. Бұрынғы оптимизммен біржолата қоштасып, қайтадан жасқана жалтақтайтын пессимизмге түсіргісі келді. Өзгерістерден оң дәмелілер күткен өр ұрпақ ол дегенге болмады.
Осындай жағдайда республикаға жіберілген көлденең басшыда қандай бедел қалмақшы?! Қоғамды кеулеп алған қайта құру идеясы да бой бермей бара жатты. Сол жағдайда біржолата жоғалттық па деген үміт сәулесі жалт ете қалды. Ол кездегі ауыртпалықтардан атан түйенің белі шойырылатындай. Ең қатерлісі – аттай одақтас республиканың табан жұртына аяқ астынан сенім көрсетілмеуі еді. Бірақ, бұл да бұрын-соңды көрмей жүрген құқайымыз емес-ті. Алайда, бұл жолғының қабырғаға қатты батар жөні бар еді. Алматыдағы Желтоқсан оқиғаларынан кейін одақтық баспасөзде ұлттық қатынастар үсті-үстіне сөз бола бастаған-ды. 1989 жылы Бүкілодақтық санақ өткізілген-ді. Байырғы халықтың саны Арменияда – 93,3; Әзірбайжанда – 82,6; Ресейде – 73,6; Беларусьте – 78,1; Украинада – 72,8; Түркіменстанда – 71,8; Грузияда – 70,2; Өзбекстанда – 68,7; Молдовада – 64,4; Тәжікстанда – 62,2; Эстонияда – 61,7; Қырғызстанда – 52,4; Латвияда – 52,1; Қазақстанда – 39,7 пайыз құрайды екен. Бұл жетпіс жыл бойы әдейі жүргізіліп келген әзәзіл саясаттың салдары еді. Жер баяғысынша атанғанымен, елді қалаған демографиялық бағытқа өзгерте түсу осыған әкеліп ұрындырған-ды. Байырғы халықтың өзі төл сипатынан айырылып қалған-ды. Онсыз да май ішкендей болып, көкірегі кілкіп отырған халық сол кездегі демократиялану үдерісіне әрі үміттене, әрі үрейлене көз тігер еді. Республика басшысының байырғы халық өкілінен қойылмауы қатты алаңдаушылық туғызып еді.
Міне, сондай жағдайда ситуацияның оқыс өзгеруі көңілдегі күдікті біржолата сергіте алмады. Ол үшін қалыптасып отырған дүдәмал ахуалдың алғышарттары атымен өзгеруі керек еді. Алайда, республиканың басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келуі қара бұлттың арасынан жарқырап күн шыққандай айта қаларлық серпін туғызды. Үміт бәрінен де кейін өледі ғой. Үрейленетініміз – бүлінген елден бүлдіргі алмайтындай болып азып-тозған республикамызда жуық арада жөнге түсіп, көңілден шығара қоятындай ештеңе көрінбейтін еді. Бәрінің де кенеуі кетіп қалған-ды.
Жалпы қалыптасып отырған жағдайда бірдеңе түзеле қояды деп ойлау қиын еді. Кетешек қоғам бәрібір түзелмейтінін күннен-күнге сендіріп келе жатыр еді. Бірақ үмітсіз сайтан деген ғой. Бәрі де оңалып, бәрі де жөнделіп кететіндей көрінеді де тұрады. Ондай қысыр қиялға алдана тұруға да біраз уақыт сарп етілді. Социализмді ізгілендіреміз деп, босқа арам тер болдық. Көбесі сөгілген көне дүние ондай жамап-жасқауға шыдас бермеді. Тін-тінімен сетінеп кете барды. Алайда, ғасырлап аңсап, жетпіс жыл бойы шама-шарқын әбден көрсеткен түлкі құрсақ социализм бұрын-соңды капитализммен табақтас болып көрмеген біздің қауымға біраз “жақсылығын” сіңіріп қалғандай екен. Қайда барсаң да, қарға адым жер мұң болып, қаралай омалып отырғаның. Таптық текетірестің сілтісін өн бойына аямай сіңірген саркемік сана да тапжылтар емес. “Береріміз – мынау, ұсынарымыз – анау” деп, қанша қақсағаныңызбен, көңіліміз бір түрлі қобалжуын қоймайды. Біреуін талай жерде қолбайлау жасап, талай мысыңды құртса да, қимайсың. Екіншісі жайында туғалы естіп келе жатқан “әлеуметтік текетірестің әлеулайымы” құлағыңда әбден қонақтап қалыпты. Тіпті ішің жылымайды. Оның үстіне, өтпелі кезеңде бірді бірге ұрып, оңды-солды сапырылыстырып бағатын сұғанақтық пен пысықайлық та жүрегіңді айнытады.
Біздің республикамызда жаңа басшылық қызметіне, міне, осындай ойнамалы кезеңде кірісіп кетті. Үміт амплитудасы тым шорт кеспе шолақ та, күдік амплитудасын кез келген келеңсіздік шұбалта ұзартып жіберетін. Мұндай жағдайда ел билігін қолға алу, жол айрығында не істерін білмей иіріліп тұрған аңырулы халықтың ертеңгі тағдырына жауап берейін деп тәуекел ету – нағыз жұлын жұтқандық еді. Бірақ, біздің Нұрсұлтан Әбішұлы ондай көзсіз батырлыққа бара алды.
Талай тарихи катаклизмдерді көре-көре ауызы күйіп қалған Қазақстан сияқты қауымның қыл бұйдасын кез келген көлденең керуеннің құйысқанына тіркеп қойып, өзгенің “әйт-шуіне” үйреншікті дағдымен құр босқа изеңдеп қойып, салпақтай беруге болар еді. Назарбаевқа келгенде заман атымен өзгеріп кетті. Ендігі жерде билікті тек көрсетілген сенім ретінде ғана қарастыру тым аздық ететін болды. Ол күнбе күн күш-жігеріңді сынайтын үздіксіз емтиханға айналды. Ондағы жалғыз сарапшы – халық. Оған да өмір үйретеді, Өмір көндіктіреді. Өмір соқталандырады. Оң мен солды, жақсы мен жаманды, баянды мен баянсызды саралай білуге үйретеді. Соның бәріне шыдап, байыппен барлап, аяқ асты өзгерістерге икемділік танытып, өзіңмен бірге қоғамды да шыңдай беру демократия жолына алғаш түскендердің қай-қайсысына болса да әзелгі үрдіс болса керек. Қайта құру дабырығы ұлғая түсті. Қай басшының да ширай түсуі талап етілді. Назарбаевтың басында әуелден де босбелбеулік жоқ болып шықты. Келе сала іске кірісті. КОКП Орталық Комитетінің атышулы пленумының қағидаларын қайта қарауды талап етті. Бұл ол кездегі бірден-бір ұрымтал шешім еді. Мұнсыз Қазақстанды шамалы уақытта сенім кеңістігіне айналдыра алмайтынсың. Халық қамын қанша ойлағаныңмен, кешегі жиренішті айыптаулар адымыңды аштырмас еді. Отырсаң опақ, тұрсаң сопақ күйіңде қала берер едің. Алғашқы кезде Н.Ә.Назарбаевтың бұл қарекетін сан-саққа жүгіртушілер табылды. Кейбір орталық басылымдар бұл ұлтшылдықтың қайта жандануы деп байбаламдады. Кадр саясатында дағдылы “пайызшылдық” қайта бас көтерді.
Алайда, Кеңестер Одағын кеулеп алып бара жатқан ұлтаралық қақтығыстардан бойын аулақ ұстаған Қазақстан еді. Әуелде қандай себеппен келіп қалмасын мейлі, қай азаматты да бөтенсіретпеу, оны республикада істеліп жатқан істердің бірден-бір тілеуқоры сезіндіретіндей ету – идеологиялық қызметтің басты критерийлердің бірі ретінде есептелді. КСРО халық депутаттарының құрылтайы саяси бастамашылдықтың орталықтан шет аймақтарға, жоғарғы жақтан төменгі қабаттарға біртіндеп ауыса бастағанын байқатты. Бұл көрер көзге көрініп тұрған шындық еді.
Сондай қоғамды пәлен жыл қатарынан жайлап алған саяси популизмнің де тым асқынып тұрған тұсы еді. Жаппай кеудемсоқтық кезінде де шын таланттар көзге ілінбей қалмайды. Қазақстаннан барған делегация құрамына жұрт айрықша көз тікті. Кеше ғана басшы болатын адам таба алмай, айдаладан адам шақыртқан республиканың кадрлық ахуалын жұртшылық өз көздерімен көре бастады. Қайта-қайта суырылып сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дипломатиялық таланты депутаттардың көзіне бірден түсті. Сол кездегі шытырманы мен шырғалаңы көп мәселелерді қарайтын жедел топтардың басшылығына дәйім сол аталды. Сөйтіп, оны КСРО халық депутаттарының құрылтайы саясат сахнасында алдыңғы лекке алып шықты.
Қазақстанда басшылықтың өзгеруі басқалар үшін әділеттің қалпына келуі болып көрінді. Ал біз үшін өте дер кезінде, өз тағдырымызды белгілейтін сын сағатта істелген сәтті қадам болды. Ең өміршең мәселелер шешілер тұста стратегиялық ресурстарымызды босқа сарп етіп аламыз ба деген күдігіміз сейілді. Біз үшін ең өзектісі – өз болашағымыз еді. Төл ұрпағымыздың жақсы танылған өкілі Назарбаевтың басшылыққа келуіне жұртшылықтың көбі қуанды. Жұмысшылар ортасынан шығып, құрышпен бірге қайнап өскен қазақ жігітін ешкім бөтенсінбеді. Бұл тағдыр талқысына түскен үдерістердің жемісті өрістеуіне шешуші ықпал ете алған адамдық фактор еді.
Қазақстанда саяси өзгерістер қарқындай түсті. Көп ретте одақта шешілетін түйінді мәселелердің алдын алып отырдық. Көп ұзамай республика өз Жоғарғы Кеңесін сайлайтын болды. Тұңғыш рет баламалы негізде кандидаттар ұсынылатын болды. Оған партия, кәсіподақ, комсомол, қоғамдық ұйымдар қатысты. Жұртшылық белсенділігі тым жоғары еді.
Сәуірдің аяғына қарай жаңа сайланған Жоғарғы Кеңес бас қосты. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиылған қауымды шолып, сайлаушы қауымның елегінен өткендерді көрдік. Жаңа Парламент ең алдымен президенттік билікке көшуді заңдастырды. Елдегі саяси билікті біртіндеп, партияның қолынан алып, мемлекеттік билік институттарына беруді жүзеге асырды. Бір жағынан, одақтық шартты жаңарту үдерістеріне қатынасатын өкілдер жіберілсе, екінші жағынан, егемендік туралы мәлімдемені әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. Қазақстанның саяси кемесі уақыт мұхитында асқан абайшылдықпен жүзіп келе жатты. Өйткені, аз-ақ мерзім бұрын Кеңестер Одағының басшылығы ол жүзетін алып шығанақты керек кезінде қатерлі қопарылыс аймағына айналдыра салуға не керектің бәрін артығымен жасап үлгерген-ді. Енді сол аймақты өзгеріп жатқан уақыт талаптарына сай үміт, тіпті сенім аймағына айналдыра білу міндеті тұрды.
Менің үстелімде сарғайып кеткен ескі құжат жатыр. “Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы” Мәлімдеменің дауысқа қойылған нұсқасы. Соған қарап отырсам, әр баптың қабылдануы қаншалықты күшке түскені көз алдыма келеді. Әрқайсысының тұсында Нұрсұлтан Әбішұлы неше рет орнынан көтеріліп, неше рет асқына қызып тұрған дискуссия алаңын сабасына түсіріп, райынан қайтарып отырды. Бұл тарихи құжаттың біздің тағдырымызда қаншалықта маңызы бар екендігіне келесі 1991 жылғы тамыз оқиғаларының тұсында баршамыздың көзіміз жетті. Семей полигонын жабуда да негізгі тілге тиек сол болды.
Енді реформаның тағдыры орталықтан одақтас республикалардың қолына көшті. Н.Ә.Назарбаев сол жылғы 20 тамыздағы Мәлімдемесінде Қазақстан аумағында төтенше жағдай енгізілмейтінін, елдегі өкімет билігі Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация мен Конституцияға сәйкес толығымен кеңес орындарының қолына көшетінін айрықша атап өтті. Сөйтіп, 1990 жылғы үлкен айтыс-тартыспен жарияланған егемендігіміз тарихи маңызды құжат екендігін тұңғыш рет іс жүзінде дәлелдеді. КСРО халық депутаттарының 1990 жылғы 2 қыркүйектегі жиналысына одақтас республикалардың Жоғарғы Кеңестерінің өкілдері де қатысты. КСРО және одақтас республикаларының басшыларының бірлескен мәлімдемесін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялады. Онда тамыздағы мемлекеттік төңкеріс салдарынан егемен мемлекеттер арасындағы жаңа одақтық қатынастардың қалыптасу үдерісі бұзылды, мұның өзі елімізді апат шегіне әкеліп қойды деп бағаланды. Егеменді мемлекеттер Одағы туралы шартты әзірлеп, оған барлық тілек білдіруші республикалар қол қойып, қажет деп танылып, шұғыл түрде экономикалық одақ жасасу, азаматтардың ұлтына, тұрғылықты жеріне, партияға мүшелігіне және саяси көзқарастарына қарамастан олардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ саны аз ұлттардың құқықтарына кепілдік беретін мәлімдеме қабылдау, өтпелі кезеңде одақтық мемлекеттік қызметті орындау үшін тең өкілеттілік қағидасы бойынша Мемлекеттік Кеңес, халық депутаттары кеңесі, уақытша республикааралық орталық экономикалық комитет құру ұсынылды. Біріккен Ұлттар Ұйымынан егемен республикаларды халықаралық құқық субъектісі деп тану жөнінде мәселе қарау сұралды.
Құрылтай Н.Ә.Назарбаев баяндаған мәлімдемені, негізінен, мақұлдады. Қабылданған қаулыда: “Егемен мемлекеттер одағы туралы шартты әзірлеу және оған қол қою жеделдетіліп, бұл шартта олардың әрқайсысы өзінің одаққа қатысуының түрін дербес айқындай алады. Жаңа Одақ мемлекеттердің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы, адамдар мен халықтар құқықтарының сақталуы, әлеуметтік әділеттілік пен демократия қағидаларына негізделуі тиіс”, – деп көрсетілді. Бұл – КСРО-ның дәурені өтті деген сөз еді. Бұдан екі күн бұрын Қазақстан Президенті бұрынғы одаққа бағынған кәсіпорындар мен ұжымдарды өзімізге бағындыру, Қазақстандағы сыртқы экономикалық қызметтің дербестігі, алтын қорын және алмас қорын құру туралы Жарлықтарын шығарып та қойып еді. Сол күндері Нұрсұлтан Әбішұлының жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген күндері еді. Көп ұзамай Қырғыз делегациясымен балконда мәжілістесіп отырған Қазақстан делегациясының қасына Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де келіп қосылды. Дүние әлем тапырық болып жатса да, жүріс-тұрысы нық, сөзі тың. Емін-еркін жүрді.
Алматыда қауырт жұмыстар күтіп тұр екен. Тоғызыншы қыркүйекте Қазақстан Компартиясының төтенше құрылтайы өтті. Құрылтайға дейін 19 обкомның бесеуі ғана партияны тарату жөнінде шешім қабылдаған. Тек екеуі өз қызметін доғарған. 46 қалалық комитеттердің тек екеуі өз ұйымдарын таратып, тек біреуі қызметін тыйған. 224 аудандық комитеттің тек 24-і ғана тарату туралы шешім қабылдап, бесеуі ғана қызметін тоқтатқан. Түске дейінгі әңгіменің негізгі желісі делегаттардың көпшілігінде партияны сақтап қалудан басқа аманаттар жоқтығын, басқадай шешімге қосылмайтындықтарын мәлімдеу болды. Түс ауа Нұрсұлтан Әбішұлы сөз сөйледі. “Бірауыздылық тіні” сетінейін деді. Саяси салғылас бірте-бірте саябырсыды. Құрылтай КОКП-ден бөлініп шығып, социалистік партия құрды. Бұл – егемен еліміздің саяси өміріндегі іргелі бетбұрыс еді. Жоғарғы дәрежелі жолаушылар да ағылып кетті. Токиоға ұшып бара жатқан М.Тетчэр Н.Ә.Назарбаевпен сөйлесуге әдейі аялдады. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Дж.Бейкер зайыбымен арнайы сапармен келді. Сегіз мемлекеттің басшылары Алматыда маңызды құжаттарға қол қойды. Тамыздың тауқыметті күндері президенттік биліктің пәрменділігін байқатты. Бүкіл халықтың сенім мандаты берілмесе, орталық саяси тұлға әрі-сәрі күштердің қолындағы саяси қуыршаққа айналып кетеді екен. Бұл мәселе кейін Жоғарғы Кеңесте талқыланды.
1 желтоқсанда бүкілхалықтық тікелей дауыс берумен президент сайлауын өткізетін болды. 10 желтоқсанда Президент қызметіне кірісті. Республика Сарайындағы салтанат үш ғасырдан соң оралған саяси дербестіктің алдындағы шақ еді. Жаңа ғана ант қабылдап, ақ киіз үстіне көтерілген Президентке тұңғыш тілек айту маған тапсырылды. Аузыма құдай салды ма: “Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегі келді. Төрелескенде де ренжитін ретіміз жоқ. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз”, – деппін.
Иә, расында да, ол күндері үлкен тілектің үстінде едік. Екі күн ғана бұрын Ресей, Украина, Беларусь басшылары бір кезде өздері құрған Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын таратты. Соны сезген бойда Ашхабадта Орталық Азия республикалары басшылары кездесіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру қажет деп тапты.
Жаңа тағдырымыздың алтын арқауы болып табылатын “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы” Заңын қабылдайтын күн де туды. Жұмыс тобының басшысы Сұлтан Сартаевтың қысқаша баяндамасынан кейін сауалдар қарша борады. “Кімнен және неден тәуелсіз болмақпыз? Жетпіс жыл бойы желкелеп келген ресейлік империя үлгісі бойынша Қазақ империясын құруға әрекеттеніп жатқан жоқпыз ба?” “Біздің парламентіміз тағдыр-талабын шешетін күрделі мәселелерді тездетуге неге құмар? Біз мұнда мемлекет тәуелсіздігі мәселесін шешеміз, ертең 17 миллион адамның бақандай жартысы басқа жат мемлекетте қалып қоймай ма? Мұның салмағын арттыру, елеулі екенін айғақтау үшін референдум өткізген абзал емес пе?”.
Үшеуі де мірдің оғындай сауал еді. Ол күнгі сауалдардың қай-қайсысы да қапысыз ойлап-пішілген-ді. Осының өзінен-ақ ол күндері ауа райының қандай екендігін қапысыз аңғара беруге болады. Егемендік мәлімдемесі қабылдағаннан бергі оқиғалар парламентшілерімізді әккілендірген. Тәуелсіздік мәселесін өткірлеген. Алайда оны заңдастырудың жолын әбден жіңішкерткен. Мұндай жағдайда жапа-тармағай шабуылдаумен жеңіске жете алмайтынсың-ды. Әрі күрделі, әрі нәзік тәсілдер керек еді. Сондай қиын сәттерде Президентіміз асқан тапқырлық танытты. Ұрымталдан тап беріп, ұғымтал көкірек ұғынбай қоймайтын дәлелдерге жүгінген-ді. Ол күндердегі қазақ зиялыларының ауыз бірлігі мен бір-бірінің ой-пікір жалғастыру шеберлігін әдейі атап айтқан жөн. Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Байгелди, Манаш Қозыбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Балғабек Қыдырбекұлы, Әнуар Әлімжанов, Сауық Тәкежанов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Камал Смайылов, Қаратай Тұрысов, Қуаныш Сұлтанов, Нұрлан Оразалин... Санап тауыса алмайсың. Бәрі де ұтырын тауып, қазықты қалаған жеріне қаға білді.
Біле білген кісіге бұл тәуелсіздік тек қазақтарға ғана қажет емес еді. Қазақстанды мекендейтін барша халықтардың ұл-қыздарына керек еді. Қай шаңырақтың басына да қауіп төнбеуі үшін жапанда жүріп күн кешкен Нұқ пайғамбарымыздың кемесіндей Қазақстанның тезірек халықаралық құқтың субъектісі болғаны тиімді еді. Тек осындай жағдайда 17 миллион халық ертең қай кеменің құйырығына жармасамыз деп уайымдамас еді. Бәрімізге ортақ дағдарыстар кезеңінен қалай тез шығамыз деп, бірлесе әрекет жасар еді.
Н.Ә.Назарбаев көпшіліктің көңіл ауанын жіті байқай білді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда “Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заң басым дауыспен қабылданды. Ол Алматыдағы демократияшыл жастар ереуілінің бес жылдығына бір күн қалғанда болып еді. Желтоқсаннан кейін қазақ қауымы енді өз мойнындағы бұғаудың шыңғыртып жаныңды алар қыл тұзаққа айналғанына әбден көзі жетті. Ендігі кеш қалу үміт етер соңғы сәтті зая жіберіп, біржола қапы қалу екендігін түсінді.
Сол күндері Алматыда айрықша маңызға ие саммит өтті. Ол атақты “Алматы декларациясын” қабылдады. Онда: “Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылуына байланысты Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатады”, – деп жариялады. Мәлімдемені КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар Кеңесінің төрағасы Әнуар Әлімжанов жасады.
Бұл жаңа тәуелсіздіктер әлемінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қай мәселеде де қайсар батылдығымен, мөлдір таза шыншылдығымен, қандай мәселенің де салдарын алдын ала аңғарып отыратын көріпкелдігімен көзге түскен жылдары еді. Ол елдегі жағдайлардың қалай болары әлі анықтала қоймаған алашарбыт шағында аса батыл қадам жасады. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның әлі тәуелсіздік ала қоймаған кезінде, 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Нұрсұлтан Назарбаев есімі ең тажал қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет басшысы ретінде адамзат тарихында мәңгілікке қалады. Оған АҚШ президенті Барак Обама, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бас июі әбден заңды еді. Расында да, бұл ешкімнің батылы бармаған мәрттік еді.
Еуразияны шыр айналдыра қоршап жатқан дүниежүзілік мұхиттың еш қай жерінен зеңбірекпен атып жеткізе алмаған жердің болуы үлкен геосаяси проблема тудырған-ды. Ол адамзатты трансконтиненталдық баллистикалық зымырандар жасауға мәжбүрлеген-ді. Жер бетіндегі зымырандардың бәрінің оқталған нүктесінде тажал қарулар сыналар еді. Одан бас тарту іс жүзінде адамзат санасын атымен өзгертудің жаңа бір амалы деуге болады. Бұл қадам соғыс атаулыдан бас тартумен барабар еді. Мұндай күллі дүние көз тіккен “Хартленд” (Жер кіндігі) атанған қатер аймағының бейбіт қарусыздануына жол ашып берді. Бұл кикілжің атаулыны бейбіт жолмен реттеудегі оптимистік көзқарасты одан сайын орнықтырды. Қапелімде қауырт оқиғалар тасасында қалып келген бұл бастаманың маңызы жыл санап артып келеді. Мұндай адамзаттық прогрестің іргетасы боларлық ізденістің біздің жас тәуелсіздігіміздің басшысынан шыққандығы біздің жүрегімізде заңғар мақтаныш тудырады.
Тәй-тәй тәуелсіздігіміз алғашқы адымдарынан бастап, түбегейлі өзгерістердің түйінді кезеңдеріне куә қылды. Ресейде “естен тандыра емдеу” (шоковая терапия) ерекше меңдеді. Халық қалтасындағы соңғы тиын-тебенін сарықты. Бағаның ырықсыздандырылуы бізде де басталды. Әлеуметтік жағдай шиеленісе түсті. Қаржы саясатын қауқарсыз рубль биледі. Қазақстан Президенті Ұлттық теңге шығару туралы құпия Жарлыққа қол қойды.
Сыныққа сылтау табу жиіледі. 1992 жылы 28 мамырда Жоғарғы Кеңесте “саяси бомба” жарылды. Депутат Т.В.Жаворонкова “Азаматтық келісім” тобының атынан мәлімдеме жасады. Онда “тілдік текетірес” қайта қоздырылды. Мәлімдеме жиналыс соңында жасалғандықтан ешқандай жауап берілмеді. Түні бойы көрер таңды көзімнен атқыздым.
Таңертең Жоғарғы Кеңестің Ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде сөз сөйледім. “Халықты өзін-өзі билеу құқы сақталмай тұрып, жеке адамның құқы да сақталмайды. Өйткені, ұлты азат емес адамның өзі азат болуы еш ақылға сыймайтын шаруа. Ендеше, “Азаматтық келісім” депутаттық тобының адам құқы мен бостандығын аяқ басушылық деп жүргендері, соның ішінде халықаралық құқық қағидаларына қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын жолдармен көп ұлттық сипат алған мемлекетіміздегі тілдердің әрекеттестігін реттейтін заң қабылдағанымыз, түптеп келгенде, әлгі әр халықтың қол сұқпас құқын жүзеге асырғанымыз болып табылады. Ол заң халықаралық құқық қағидаларының біреуін біреуіне қарсы қоймайды. Оның дұрыстығын Хельсинки келісімінің қорытынды құжаты да (1973), соны жүзеге асыру мақсатында Мадрид (1980), Вена (1986), Копенгаген (1990) мәслихаттарының қорытынды құжаттары да, атышулы “Жаңа Еуропаның Париж хартиясы” да (1990) айғақтайды”, – дедім.
Зал сілтідей тынды. Сөзім біткенде де жұрт жым-жырт отырып қалды. Осындай жағдай бұрын да болып еді. Оны Сауытбек Абдрахманов: “Тіл тағдыры таразыға түсіп, тар кезеңге тірелген шақта Әбіш Кекілбаевтың депутат болмаса да Парламент мінберіне көтеріліп, сондағы өзге ұлт сөздеріне: “Немене, кеше ел басына күн туғанда тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде, бүгінгідей демократия орнатып кемелденеміз деп жатқан заманда, өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!” дегенін біз ешуақытта ұмытпауға тиіспіз”, – деп жазған.
Бұл сөзді бастан-аяқ тыңдап отырған Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: “Менің Әбекеңе ешқандай алып-қосарым жоқ”, деп, орнынан көтерілген-ді. Тіл туралы майдан ол кезде қазіргіден әлдеқайда өткір болатын. Қазір, құдайға шүкір, мемлекеттік тілімізді білудің міндеттілігін жұртшылық тегіс мойындап келеді. Ал ол кезде жер астынан жік шығаратындар аз болмайтын. Көп ұзамай Орал дүрбелеңі шықты. Оған іле-шала Өскемен бүлінді. Тәуелсіздікті тек төзімділік қорғайды. Төзімділікті сарқу – болашақты да сарқу болуы ғажап емес-ті. Ол күндерде көз жеткен бір ақиқат осы еді.
Жер бетіне тарыдай шашырап кеткен қазақтарды жиыстыру республикадағы орнықтылық ахуалды нығайтудың бір жолы еді. Президент қай елге барған сапарында да жергілікті қазақ диаспорасымен кездесті. Оларды елге қайтуға шақырды. Ең болмаса, көріп қайтуға кеңес берді. Соның нәтижесінде Дүние қазақтарының тұңғыш құрылтайы дүрілдеп өтті. Елге басталған ұлы көш сол күндерден бастау алды. Ұлт өкілдерімен бас қосу жиіледі. Қазақстан халық Ассамблеясын құру идеясы туды. Өз тілімізде ғана емес, өзгелермен тіл табысу бір сәт назардан шығарылған жоқ. Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөз сөйледі. Ядролық қарусыздану пысықталды. “Мен дегеніме жетпей тынбау үшін тәуекелге міндім... Ақыры америкалықтар райларынан қайтты. АҚШ-тың біз сұраған кепілдіктерді беретіндіктері туралы құжатқа қол қойылды”, – деп жазды Президент “Ғасырлар тоғысында” кітабында.
Саяси ілгерілеуіміз табысты болғанымен, экономикамыз мүшкілдене түсті. Популизм реформаның аяғын тұсады. Егемендікті орнықтыру одан әрі өрістеді. Бұл ретте Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттерінің Ордабасы кездесуі ел болашағын ойласар келелі кеңес болды. Іле-шала Белжайлауда өткен Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы тәуелсіздік тағдырына бекем болуға үндеді. Жер-жерде халық бастамасымен Бұқар, Ақан, Мұрат, Құрманғазы, Ықылас, Естай, Қашаған, Мағжан тойлары өтті. Халық күннен күнге қиындап келе жатқан экологиялық жағдайға алаңдамай, қайта тірілген ардақтыларын құрметтеді.
Ұлттық теңге айналымға түсті. Ресейдің айналымынан шыққан пішен ақшасынан құтылудың жолы табылды. Сол күндегі ахуал әлі есімде. Аэропорттар қаңырап бос тұрды. Ұшақтар ұшпады. Бензин жоқ. Әншейінде сып-сыпайы жолбикелер бұртың-бұртың етеді. “Теңгелерімен ертең қабырғаларды желімдеп жатқанын көреміз” – дейді. Алматыда жиналысқа келген бір топ металлург-директорлар бір ұшақ жалдады. Жалынып-жалпайып, біреуі Балқашқа дейін бензин тапты. Балқашта тағы біреуі Павлодарға дейін бензин тапты. Сөйтіп, аэропорттан аэропорт тастамай, бензин сұрай жүріп таңертең Ақтөбеге жеттік. Ар жағында Ақтау астық. Енді кешіксек, сайлауға құжат қабылдамайды. Сол кеткеннен мол кеттік. Бір облыста елді мекен тастамай, араладық. Ел әлі теңгені көрмеген. Қапшық арқалап, тең көтеріп, тентіреп жүрген бір жұрт. Пойызда орын жоқ. Түссең міне алмайсың, мінсең – түсе алмайсың. Адамдар сеңдей соғылысады. Мектепке жалаңаяқ барғандарды көрдік. Киім табылмай мектепке бармай, үйінде иіріліп отырған оқушыларға кезіктік. Сол жылы сайланған Жоғарғы Кеңес аса тез тарады. Халықтың демократия жайлы түсінігі нарықтық қатынастармен қабыспады. 1995 жылдың 29 сәуірінде бүкілхалықтық референдум өткізу ұйғарылды. Онда Президент Назарбаевтың өкілеттілігі 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартылды. Сол жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық дауыс беру жолымен Жаңа Конституция қабылданды. Осы мерзім ішінде 140-тан астам заң күші бар Жарлыққа қол қойылды. Реформаның өрістеуіне мүмкіндік туды. АҚШ-тың сол кездегі елшісі Қазақстан демократияның шәкіртінен ұстазына айналды деп мәлімдеді.
30 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 51-сессиясында Президент Н.Ә.Назарбаевтың мәлімдемесі таратылды. Қазақстан атынан ядролық сынақтарға тыйым салу шартының мәтініне қол қойылды. Бұған дейін Қазақстанда СС-18 қаһарлы ракетасының 104 данасы тұратын. Оларға 1200 ядролық бомба ілулі еді. Содан өз еркімізбен бір күнде бас тарттық. Қазақ жері ядролық қарудан тазара бастады. Сол жылы өткен Абайдың 150 жылдығы дүние жүзі алдындағы Қазақстан руханиятының салтанатты тұсаукесері болды. Жаңа жылға қос шатырлы Парламентпен аттадық. Байырғы халық 51 пайызға жетті. Астана Ақмолаға бет түзеді. Сөйтіп, 1997 жыл ұлттық үдерістің елеулі белесі болды.
Экономикада дағдарыс еңсеріле қоймады. Зауыт мұржаларының көбі сөнген. Халыққа айлық табу қиынға түсті. Ай сайын Президент үстелді тоқпақтап отырып, қайдан қанша ақша жиналғанын анықтады. Оның кімге жетіп, кімге жетпейтінін кеңеседі. Зейнетақы мен шәкіртақыны өтеудің өзі күш. Әркім елін іздеп кете бастады. Мұнда жылап-сықтап әзер қоштасқандар анда барып, Қазақстан сыйыстырмаған саяси қуғындар болып шыға келді. Талай совхоз, талай шағын аудандар қаңырап бос қалды. Шағын жұмысшы қалалар түгелге жуық дағдарды. Бір шиша араққа бір қой, бір жәшік араққа – бір ірі қара мал төлейтін күн туды. Бартер тірідей тонап бітті.
Сондай тұста елге шығып, халықпен сөйлесу оңай болмайтын. Аш-жалаңаш қауымды көргенде аузыңа сөз түспейтін. Анадайда состиып-состиып тұрған бауырлар қойдай жамырап, сұрақ қояды. Әр сөздері жүрегіңе инедей қадалады. “Осының бәрін жоғарыдағылар біле ме?” – деп сұрайды. Әлдебір уақытта қинала-қинала: “Біледі!” – дейсіз. Сонда жиналған топ “Уһ!” деп бір серпіледі. “Қиналсақ, қайтеміз? Бізден басқалар да қиналып отыр екен. Болмасқа болаттай берік бол деген. Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз. Әлі-ақ түзеліп кетеміз. Алмақтың да салмағы бар деген ғой. Өстіп ойсырамаса, озбырлық шылбырына жан жолата ма? Тәуелсіздік тегін келді деп пе едіңдер. Тәуелсіздікке бекем болсақ, бәрін де жеңеміз!” – деп саңқылдаған талай ақсақалдар бұл дүниеден біртіндеп өтіп жатыр. Солар ұйытқан ұлтты жұмылған жұдырықтай топтастыра түсу керек болды.
Мұндай жағдайда елді ұстау үшін өткеннің өнегесіне көбірек үңілесің. Халықтың жылдар бойғы қалыптастырған эпосын мұқият қарайсың. “Қай қасиет қалай орнықты?” – деп толғанасың. Жоқтықта жолдас – бірауыздылық. Халық қайткенде бір ауызды болады? Оған өткеннен оң да, теріс те мысал таба аласың. Қырсыққанда, кейінгі кеңестік жылдарда ондай ел үйірер оң мысал табу айнатаздың басынан сірке қараумен бірдей бос әуре болып шықты.
Президент “1997 жылды Жалпы ұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы” Жарлыққа қол қойды. Сол жылы 1936-1937 жылғы жаппай жазалау мен қуғын-сүргіндерге алпыс жыл толды. Жарлық жұртшылық тарапынан түсіністік пен қолдау тапты. Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, ұлттық-мәдени орталықтар, негізінен оны жүзеге асыруға белсене ат салысатындарын, Елбасының қоғамымызды ынтымақтастыруға, тарихи шындықты қалпына келтіруге, саяси қудалау құрбандарын ұлықтауға ұстанып отырған бағыты деп танитындарын мәлімдеп, бұл мақсатта бірлесе қимыл жасасуға келісімге келді.
Қазақстанда реформа ең үлкен әрі сын кезеңіне жетті. Алдан күткен үміт те, артта қалған күдік те баршаны бірлесе қимылдауға шақырды. Жаппай тәркілену жылдарында ғана бір жарым миллион қазақ бұл дүниеден өтіпті. Бір миллион үш жүз мыңы тірідей жер ауыпты. Егер 1930 жылы 5 миллион 873 мың адам тұрса, 1933 жылы 2 миллион 493 мың кісі қалып, екі еседен астамға азайыпты. Сондағы демографиялық соққыдан күні бүгінге дейін есеңгіреп келеміз. Одан бергі онжылдықтар да жаймашуақ бола қалған жоқ. Тіпті, күні кешегі Кеңгір, Теміртау, Алматы, Жаңаөзен көтерілістерін алайықшы. Бәрі де жаппай қудалауды қоздырды. Тек саяси қудалаудың өзі 103 мың адамға салқынын тигізді. Олардың салдарымен табанды әрі мұқият күресуіміз керек. Қоғамына шындап жаны ауыратын, замандастарына шындап жаны ашитын адамдар ынтымақтан гөрі алауыздыққа, мәміледен гөрі текетіреске іш бұра қоймаса керек. Президент Жарлығы бүкілхалықтық энтузиазм туғызып, бүкілхалықтық қозғалысқа айналды.
Тарихи экскурс болашақты барлаумен жалғасты. Енді бұл қимыл “Қазақстан-2030” Стратегиясын жүзеге асыруға ұласты. Келесі жыл “Халық бірлігі мен ұлттық тарих” жылы атанды. Қазір “Тарихи мұра”, “Мәдени мұра” бағдарламаларына негіз болған барлық бағытта жұмыстар қолға алынды. Қаражат тапшылығына қарамастан, барлық өлкелерге, одақтас республикаларға, тамырластығымыз бен байланысымыз бар елдердің бәріне тарихи, этнографиялық, археологиялық және археографиялық экспедициялар жіберілді. Еуразия университетінің кіре берісіне көне түркі жазуларының көшірмелері қойылды. Жиырма бестен астам ірі-ірі ғылыми конференциялар өтті. Орыс, батыс, шығыс және отандық зерттеушілердің шығармалары қайта басылып шықты. Көкшетауда Шоқан Уәлихановқа, Таразда Мұхамед Хайдар Дулатиға, Ақтөбеде Құдайберген Жұбановқа, Алматыда Шәкен Аймановқа ескерткіш орнатылды. Ол Ақтөбеде Әбілқайыр, Атырауда Исатай-Махамбет, Алматыда – Абылай, Астанада – Кенесары ескерткіштерімен байыды. Бұл игі бастамалар ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы аталған 1999 жылы да жалғасты. Халықтың реформаға деген сенімінің байқауы ретінде мерзімінен бұрын Президент сайлауы да өтті. 1999 жылдың 20 қаңтарында Н.Ә.Назарбаевтың жаңа президенттік кезеңі басталды. Әлемді шарпыған қаржы дағдарысы Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Бірақ реформа келешегіне деген сенім нық күйінде қалды. Қатерлі жылдың қай тұстарына да шыдас берген республика 29 желтоқсанда алдын ала қорытындылар шығарды. Экономикада оң өзгерістер байқалды. Алтын қоры алғаш рет 2 миллиард долларға жуықтады. Жылды зейнетақы және еңбекақы қарыздарынсыз қорытындыладық. Көңілге оптимизм ұялады. Ол 2000 жылдың Мәдениетті қолдау жылы деп атағанымыздан көрінеді. Өйткені, реформа руханият еді. Ол орашолақтықтың салдарын түзетуге ауқымды іс атқарылды. Тек аталмыш жылдың өзінде 727 мәдениет мекемелері жаңадан ашылды, жұмысын қайта жаңғыртты. Соның ішінде 468 кітапхана, 239 клуб, 5 жаңа театр, 5 мұражай бар. Барлығы 2368 мәдени объектілер, 1449 кітапхана, 681 клуб, 49 мұражай, 11 театр, 6 кинотеатр, 2 филармония, тағы да басқа мәдени ошақтар жөндеуден өтті. 847 объектіні жөндеу Мәдениетті қолдау жылының аяғына таман тәмамдалды. Мәдени объектілерді жаңартуға 3 миллиардтан астам теңге бөлінді. Мәдениетті қолдауды қаражаттандыруға кәсіпкерлер мен өндіріс орындары көп көмектесті. Мәдениет базасының мұншалықты қарқынмен байығанын бұған дейінгі кезеңдерде ешқашан байқаған емеспіз. Жыл бойына Қарасай мен Ағынтайға Солтүстік Қазақстанда, Құрманғазы, Дина, Бейбарысқа Атырауда, Абайға Астанада, Тарас Шевченкоға Алматыда, Ахмет Байтұрсыновқа Қостанайда, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа Павлодарда ескерткіштер орнатылды. Құрамында мемлекеттік мұражай, кітапхана және көрме залы бар Президенттің Мәдениет орталығы және К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының ашылуы Астана көркін асыра түсті.
Қазақ мәдениеті көне дәуірлерден бастау алады. Түркістан қаласының 1500 жылдығы қарсаңында адам танымастай боп өзгерген көне шаһар келбетінен, Күлтөбе, Отырар қаласының, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің, Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қ