айрықша қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін иелене ала ма?
Республика аумағын басып өтетін ірі өзендердің дені трансшекаралық өзендер екені белгілі. Сондықтан да мұндай су айдындарының төңірегіндегі түйткілдерді республика Үкіметі дербес шеше алмайды. Бүгінгі күні дәл осындай түйіні көп, күрделі мәселелері мен проблемасы мол трансшекаралық су артериясының бірі – Жайық өзені болып отыр.
Оның экологиялық жүйесін, өзеннің маңындағы өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, ғылыми-салалық тілмен айтқанда флорасы мен фаунасын қалай сақтап қалуға болады? Бұл сауал Жайықтың бойын жайлаған жұртшылық пен үкіметтік емес ұйымдарды, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарын және жергілікті маслихат депутаттары мен кейбір Парламент депутаттарын көптен бері толғандырып келеді.
Олар қордаланып қалған Жайық өзенінің мүшкіл жәй-күйі жөніндегі жанайқайларын әртүрлі деңгейдегі атқарушы органдардың назарына ұсынып жүргені де шындық. Өз кезегінде билік тармақтары халық үнін түсіністікпен қабыл алып, өз мүмкіндіктері мен өкілеттіліктері шеңберінде бірқатар істерді қолға алғанын да жоққа шығаруға болмайды.
Соның бірі қазіргі кезде тайыздап, қайраңдап қалған Жайық өзені суының деңгейін көтеру жөніндегі іс-шаралар десек, қателеспейміз. Жаз бел ортадан ауғанда Жайық өзенінің кейбір тұстарының тереңдігі адамның тізесінен ғана келеді. Қазір мұнда теплоходтар мен баржалар, катерлер мен шағын кемелер еркін жүзе алмайды. Өйткені, қайраңдап, малтығып қала береді. Су көлігінің асты өзеннің табанына тіреліп жүргізбейді. Мұндай жағдайға ұшырамау үшін бір адам арнайы ұзын өлшеуіш құрылғымен катердің алдын барлап түртіп жүргенін де батысқазақстандықтар мен өңір қонақтарының көздері жиі шалады. Тіпті, өзеннің кейбір тұстарында су құмырсқаның беліндей болып үзіліп кете жаздайды.
Жайық өзені суының деңгейін шұғыл көтеру қажеттілігі де оның мүлдем тартылып, құрып кету қаупінен туындап отырғаны оқырмандарымызға айтпаса да түсінікті деп ойлаймыз. Әйтеуір бұл жөнінде арнайы жоба ойластырылғаны көңілге кәдімгідей медеу. Соған сәйкес оның тиісті техникалық-экономикалық негіздемесі жасалғанын да айта кеткеннің артықшылығы жоқ. Егер алдағы уақытта осы негіздемеге сәйкес қаржыландыру мәселесі шешімін тапса, Жайықтың табанын тазалап, бекіту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туады.
Әйтсе де мұның өзі босқа кеткен есіл еңбек, маңдай тер, пайда бермейтін іске шашылған қаражат, орыс халқы орынды айтқандай, «мартышкин труд» болып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Неге? Өйткені, Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, бұл іс өзеннің бастау алатын тұсынан басталған кезде ғана нәтижелі болмақ.
Ал бұл белдік өзімізде емес, Ресей аумағында. Сондықтан, оны қазақстандықтар барып өз еркімен реттеп бере алмайды. Жоғарыда айтылғандай, трансшекаралық өзендердің ерекшелігі де осында. Сонда не істеу керек? Бұл сауалдың басты жауабы біреу ғана десек-ше?! Яғни екі елге ортақ трансшекаралық Жайық өзенінің экологиялық жүйесін сауықтыру мен сақтау жөнінде Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында арнайы келісімге қол қойылса, бұл айтылған мәселе өз шешімін таба алатыны анық. Көршілес екі ел арасында бұған дейін мұндай келісім құжаттың жобасы жасалғаны да белгілі. Алайда, оны әзірлеу үрдістері тым ұзаққа созылып келе жатқаны да жасырын емес.
Мұның бірқатар объективті және субъективті себептері бар екенін де айту парыз. Соның бірі әртүрлі мемлекетаралық ведомстволық және төрешілдік кедергілердің кездесуі десек, қателік болмайтын шығар. Бұлай дейтініміз су ресурстарын сақтау бағытындағы келіссөздер кез келген елдегі билік органдарының төменгі, орта және жоғары буынындағы барлық билік тармақтарымен келісе отырылып жасалады деп тұжырымдайды сала мамандары. Ең бастысы, қазіргі таңда Жайық өзенінің экологиялық жүйесін жақсарту жөніндегі келісім жобасын Ресей үкіметі қолдап, мақұлдап отырғаны мемлекетаралық мәселенің оң шешімін табуына сенім туғызады.
Ендеше, бұған Қазақстан Үкіметі де сергек көзқарас танытса, халық шаруашылығында және әлеуметтік салада айрықша маңызы бар ірі табиғи нысан – Жайық өзенін құрып кетуден сақтап қалудың кілті табылмақ. Әрі мұндағы су ресурстарын ұқыпты және тиімді түрде пайдалана білудің көршілес мемлекеттерге ортақ шешімі мен жолдары айқындалмақ.
Әрине, бұл арада Жайыққа араша түсу жалаң ұғым болып қалуға тиісті емес. Осы арқылы Жайық өзенін нәрлендіріп, қоректендіріп отыратын Шаған және Деркөл секілді бірқатар шағын өзендердің проблемалары да өз шешімін таба алар еді. Бүгінде қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ ерке – Ақжайық» әніне ақын Төлеген Айбергенов жазған мәтіндегі «Жайықтың жағалай талы» жылдан жылға сиреп, қурап, азайып барады. Өзен бойында орналасқан елді мекендер тұрғындарының да еңселері түсіңкі көрінеді. Өйткені, ырыс көзі саналған Жайық суы күннен-күнге тартылып, азайып бара жатса, экологиялық жағдай да нашарлай түспесіне кім кепіл?
Мұндай тығырықтан шығатын жолдың басы ерте ме, кеш пе, әйтеуір Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісім құжатқа қол қойылуы дер едік. Егер бұл іс сәтімен жүзеге асатын болса, трансшекаралық Жайық өзенін айрықша қорғалатын табиғат аумағы қатарына кіргізуге жол ашылмақ. Өз кезегінде осындай биік экологиялық және әлеуметтік мәселені мұрат тұтқан мемлекетаралық тұрақты комиссия құрылатын болса, нұр үстіне нұр. Оның мүшелері жоғарыда көрсетілген түйткілді мәселелердің сапалы әрі табанды түрде орындалуына ықпал жасай алатынына сенгіміз келеді.
Біз материалымыздың басында Жайық өзені бассейні бойында орналасқан күрделі ахуал жөнінде қоғамдық пікір туғыза білген ұйымдар туралы айтып өткен едік. Соның бастауында «Жайық – достық өзені» атты қазақстандық-ресейлік тарихи-мәдени және экологиялық экспедиция тұр. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко жетекшілік етеді. Олар биыл өздерінің 19-шы экспедициясын аяқтаған екен. Осыған байланысты ол өз ой-пікірі мен түйінін газет тілшісіне былайша жеткізді.
– Экспедиция мүшелерінің атқаратын міндеттері мен рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің басты мақсатымыз – көршілес елдер үкіметтері мен ондағы жұртшылықтың назарын трансшекаралық Жайық өзені бассейніндегі қалыптасып отырған ауыр ахуалға аудару. Оның шешімін Ресей мен Қазақстан өкілдіктерінің бірлесіп ойластыруын көздеу. Осы бағытты біз Қазақстан мен Ресей үкіметтері алдына Ақжайыққа айрықша қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін беру жөнінде үндеу мәтінін әзірлеу қажеттілігі жөніндегі ұйғарымға келдік.
Әрине, мұндай оң, дұрыс ниет іске асып жатса игі.
Осы орайда сәл шегініс жасаудың да реті келіп тұрғандай. Сонау сексенінші жылдардың аяқ кезінде Ресейдің Еділ бойындағы өңірлері – Саратов пен Волгоградқа және Астраханьға жолымыз түскен болатын. Сол кезде ресейлік басылымдар мен телеарналарда арнасы тартыла бастаған Еділ өзенін қорғап қалу жөнінде үлкен қоғамдық пікір өрістеп жатқанына куә болып едік. Арада 25-30 жыл өткен кезде олардың жанайқайы аяқсыз қалмағанына көзіміз айқын жетіп отыр. Өйткені, бұған бүгінгі күні Еділдің арнасынан асып-тасып шалқып жатқаны куә. Осындай қам-қарекет бізге де сіңісті болса, еш өкінбесіміз кәміл.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Суреттерде: Жайық өзенінің көріністері.
Суреттерді түсірген
Рафхат ХАЛЕЛОВ.