Елімізде дағдарысқа қарсы дер уақытында шаралар жүзеге асып жатыр. Елбасының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі жаһанды уысында ұстап отырған дағдарыстан шығудың ішкі мүмкіндіктерін ортаға салды. Негізі, елімізде дағдарысқа қарсы бағдарлама алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы дер едім. Қазақстан бүгінгі әлемде қара дара болып өмір сүре алмайды. Біз әлемдік экономикамен байланысты үзе алмаймыз. Көптеген елдерді қамтып отырған қаржы-экономикалық дағдарыстың салқыны бізді де шарпитыны анық. Сондықтан еліміз қалыптасып отырған жағдайды шынайы қабылдап, оған тиісінше дайын болуы керек. Бұл орайда, біздің Мемлекет басшысы мен Үкімет көреген, кәсіптік деңгейде іс-қимыл жасап отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткерлігі біліммен қатар, халық даналығынан да сусындауымен ерекшеленеді. Бүгін тойып отырып, ертеңгіні ойлап қою туралы халықтың ескертпе-даналықтары жетерлік. Нұрсұлтан Әбішұлының осы уақытқа дейін жиналған Ұлттық қордан 2015-2017 жылдар арасында жылына 3 миллиард доллар қаржы бөлуге жасаған шешімі осыны дәлелдейді. Бұл елді дағдарыстың шырмауына түсірмей, тығырықтан шығарар басты жолдың бірі болары сөзсіз.
Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ішкі мүмкіндіктерді пайдалануға зор мән берілді. Үнем мәселесіне көп мән берілуде. Дағдарыс келеді, кетеді. Ал халық қалады. Дағдарыс уақыттың халыққа сыны да секілді. Сондықтан, қиындықтарды жұдырықтай жұмылғанда ғана еңсереміз. Ең алдымен, қазақстандық патриотизм солғынданбауы тиіс. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, барын қысқартпай сақтап қалу істің көзін табуға байланысты. Біздің елімізде ондай мүмкіндіктер бар. Қостанайдың өзінен өндіріске де, тұтынуға да қажетті бұйымдар өндіріліп жатыр. Сырттан келетін арзан бұйымдарға жүгірмей, өзімізде өндірілген өнімдерді алу намыстың, патриоттық келбеттің ісі болса, қанекей. Қазақстандық кәсіпкерлер де, тұтынушылар да мұны дағдарыстан шығудың жолы деп түсінеді деп ойлаймын. Оны бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауы, әрине, керек әрі көп ықпал етері сөзсіз.
Осы орайда, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен журналистердің кәсіби біліктілігі зор маңызға ие екені анық. Олар Мемлекет басшысының, Үкіметтің саясатын терең түсінуі керек. Адамдарға ақпарат қалай жетсе, олар солай ойланады, солай жұмыс істейді. Ішкі рухани, материалдық қуаты мықты елден дағдарыс тайғанақтап кетеді. Баспасөз осыған қызмет етуі тиіс.
Сергей ХАРЧЕНКО,
аймақтық «Костанайские новости» газетінің бас редакторы.
ҚОСТАНАЙ.