Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы еліміздің бас газеті – “Егемен Қазақстанда” 1991 – 2010 жылдар аралығында жарияланған мақалалар, сараптамалар, өлең-жырлар, Мемлекет басшысымен жүргізілген сұхбаттар топтастырылған “Елбасы” кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл шараға ғалымдар, Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, жазушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, басқа да кітапқұмар қауым қатысып, жинақтың мән-маңызымен, авторлардың елдігіміз, мемлекеттігіміз туралы тағылымды ойларымен танысты.
Рәсімде “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов: “Бұл жинақ мерейтойға тарту әзірлеу мақсатымен дайындалмаған. Бұл жинақ басымыздағы бағымызды бағалауға шақыру үшін, қолдағы қазынамыздың қадіріне жетуге үндеу үшін дайындалған. Президент туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек. Келешегіміз үшін керек. Қадым заманнан қағанын қадірлеп, ханын қасиет тұтқан елдің болашақта да биліктің бағасын білетін, халықтың өзі сайлап, екі тізгін, бір шылбырды қолға берген адамын қалтқысыз құрметтеу, ел басшысына тақ тұру дәстүрі орныға түсуі үшін керек. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел”, – деп бұдан кейінгі ойын Мемлекет басшысының феноменімен, Елбасы ұғымының мән-маңызымен толықтырып әңгімелеп берді. Осы орайда басылым басшысы жинақтың маңызы жөнінде айтқанда көлемі 880 беттік кітаптың өн бойында жиырма жылға да жетпейтін уақыт ішінде қирандыдан, құландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыстыру, өтпелі кезеңдегі қиыншылықтардан есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, алыс та жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындап, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге байланысты бірнеше ғасыр бойы дүниежүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту, тіпті ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекеттің Еуропаға төбе би болатындай жағдайға жеткізу сияқты ұлы міндеттерді шеше алған Азаматтың асқақ бейнесінің айшықты ашылғанын атап өтті. Осылай дей келіп, С.Абдрахманов еліміз тәуелсіздік алған кезден бері зиялы қауым өкілдерінің бәрі Елбасы, елтану тақырыбында жиі қалам тартып жүргендерін, солардың дені газет бетінде жарияланып келе жатқанын, олардың бәрін көпшіліктің кітапханалардан іздеп оқуына уақыт кететінін ескере отырып, басылым ұжымы Президент туралы газет бетінде шыққан материалдарды “Елбасы” кітабына топтастыруды жөн көргенін айтты.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев кітаптың тұсаукесеріне қатысуды ойластырған екен. Маңызды іс-шаралардың қат-қабат келуіне байланысты тұсаукесер рәсіміне қатыса алмаған министр “Елбасы” кітабына құттықтау сөзін жеткізуді орынбасары Нұрай Оразовқа тапсырыпты. Онда былай делінген: “Құрметті әріптестер!
“Егемен Қазақстанның” 90 жылдық мерейтойында Нұрсұлтан Әбішұлының басылымға биік баға бергені бәріміздің есімізде. Президент “Егемен Қазақстан” газетін “Отанымыздың бас газеті” деп атап айтқаны барлығымызға мәлім. “Егемен Қазақстан” газеті бұл мәртебеге әбден лайық екенін бүгін тағы бір рет танытты деп ойлаймын.
“Елбасы” жинағымен алдын-ала таныса алдым. Кітап өте жақсы шыққан. Мақалалар да, сұхбаттар да тартымды оқылады. Сұхбаттарда Президенттің әр жылдардағы айтылған ойлары толық жеткізілген. Мақалалар Президент еңбегін әр қырынан сәтті ашады.
Бұл кітапты тәуелсіздік тарихнамасына қосылған үлкен үлес деп санауға болады.
Мен редакция ұжымына шығармашылық тамаша табыс тілеп, қаламдарыңыз ұштала берсін дегім келеді”.
Осыдан кейін Парламент Сенатының депутаты Өмірбек Байгелди сөз алып, кітаптың жарыққа шығуы заңдылық екенін, бір сағат, бір күн, бір ай, бір жыл, бір ғасыр, бір заман, бір дәуір болып бөлінетін уақыттың қадір-қасиеті, сол кездері болатын ұлы құбылыстар туралы айтып, сондай уақытта болмыс-бітімі бөлек адамдар дүниеге келетінін, олардың өмірде орны басқалардан гөрі айрықша болатынын атап өтті. Сөйтіп “Елбасы” кітабы негізінен осы мақсатта жарық көрген деген ойын жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім газет ұжымына жинақты шығарғандары үшін алғыс сезімін білдіріп, Абайдың: “Әркімді заман сүйремек, заманды қандай адам билемек”, деген сөзімен жалғастыра келе, осы мағынасы терең ойды тереңнен ойлап қарағанда, қаншама дүниенің жатқанын атап өтті. Әрбір адам өз заманында өмір сүрсе, сол заманды өзгертетін жандардың санаулы ғана болатынын айтқысы келген шешен қазір мемлекет басында Нұрсұлтан Назарбаев секілді тұлға тұрғанда әр адамның өміріне өзгеріс келетінін, оның өзі еліміз тәуелсіздігін алған кездері ел қамы мен қарын қамын ойлап кеткен адамдардың басын бір мақсатқа: елдігімізге, тәуелсіздігімізге қызмет етуге жұмылдырған еңбегінен көруге болатынын айтты. Сонымен бірге ол азаттық алған жылы туған балалардың өзі қазір 20 жасқа келсе, олардың енді бір осыншама жылдан кейін 40-та қамал алатын азаматтар болатынын, сол кезде ұрпақтар сабақтастығы заңды жалғасын тауып, еліміздің одан әрі жаңа қырынан да дамитынына сенімінің мол екенін білдірді.
Рәсімде кітаппен алдын-ала танысқан ағаларымыздың бірі, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиевтің де сөзі әсерлі шықты. Бұл жинақ алдымен Президентке емес, бізге, халыққа керек деп сөзін бастаған академик еңбектің “Елбасы” деп аталуы өзіне ұнайтынын, өйткені, көшбасшы деген белгілі бір ұжымға, Президент деген кез келген мемлекет басшысына айтылатынын, ал Елбасы сөзі олардың бәрінен биік тұратынын түсіндіріп, Нұрсұлтан Әбішұлын осылай атауымыздың өзі елдіктің, елді танудың, елімізбен мақтанудың белгісі деп білетінін жеткізді. Осы орайда ол Тұңғыш Президент еліміз үшін тарихта маңызды істерді қалдырып отырғанын, оның ішінде шекарамызды бекітіп, ел ішінде бірлік пен саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық сахнада шетелдермен қарым-қатынасты уақыт талабына сай жүргізіп келе жатқаны халқымыздың мемлекетіміз үшін мақтануға тұрарлық істері екенін жеткізді. Сөз орайы келгенде ғалым жақында Иорданияның Амман қаласында Елбасының атына даңғыл берілгенін, Түркияның Анкара қаласында оның құрметіне ескерткіш орнатылғанын айтып, осының өзі бір жағынан Президентке деген құрмет болса, екінші жағынан елімізге мақтаныш екенін жасырмады. Осы жерде басылым басшысы С.Абдрахманов академиктің сөзіне тұздық ретінде дүние жүзінің ешбір елінде өзге мемлекет басшысына ескерткіш орнатылмағанын, біздің ел ол құрметті алғашқы болып көріп отырғанын айтып, академиктің Елбасы ұғымын елдік ұғымымен астастырған пікірінің орынды екенін айтып келешекте Елбасы аты тек Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен ғана байланысты болу керек деген ойын білдірді. “Ел басшысының бәрін Елбасы деуге болмайды. Елбасы – елдің басы. Елдіктің басы. Елдің, елдіктің басында бастауында тұрған адам. Ел болуды бастап берген, елді орнатып берген адам. Елбасы – Мемлекет құрушы”, деді басылым басшысы. Ол ой тұсаукесерге қатысқан көпшіліктің қолдауына ие болды.
Одан әрі Мемлекет басшысының еңбегіне берілген осындай жоғары баға көрнекті ақын Нұрғожа Оразов, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Фариза Оңғарсынова мен Әнес Сарайдың сөйлеген сөздерінен де жақсы көрініс тапты. Содан кейін рәсім әншілер Гүлмира Сарина мен Ахат Кенжебаевтың орындауындағы әндермен, кітаптың тұсаукесері өткен Ұлттық кітапхананың фойесіне жинақтың шығуына арналып, қойылған көрмемен жалғасты. Рәсімге қатысушылардың бірі әріптес ағамыз Кеңес Юсупов бізге: “Бұл кітап – Азаматты ардақтаудың антологиясы екен”, деген пікір айтты. Көкейге қонады.
Дастан КЕНЖАЛИН.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.