13 Ақпан, 2015

Алып анадан туады

2459 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДАСидней Олимпиадасында төрткүл дүниеден жиналған білегі күшті балуандар арасында Қазақстан атынан елдің, жердің намысын жыртқан қарашайлық жігіт Ислам Байрамуков та бар еді. Сол жолғы боз кілемдегі белдесуде еркін күрестен күміс медальді иеленген балуан еліміздің Көк туын желбіретіп, Қазақстанның абыройына абырой қосқан-ды. «Алып анадан туады» деген, алтын құрсақты Роза апай – атақ-даңқы иісі қазаққа ортақ атақты балуан Ислам Байрамуковтың анасы. Жайсаң, өте қарапайым, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұрады. Әрі әңгімешіл жан. Бүгінде жетпістің мол ішіндегі көпті көрген көнекөз кейуана бес баласы мен одан тараған ұрпақтарының тілеуін тілеп, Аллаға мың да бір шүкірлік етеді. Бар болса, барына айналады, жоқ болса, жоғына толғанады. «Сенесің бе, қарағым, кесірім балаларыма тиіп кете ме деп, үстіме жарқыратып киім киюге де қорқамын. Қолымнан келгенше бетегеден биік, жусаннан аласа жүруге тырысамын», деп жаны балаларының үстінде жүрген Роза БОСТАНОВАНЫҢ айтары да көп екен. Ислам БайрамуковҚАРАШАЙЛАР ҚАЗАҚҚА ЖАҚЫНЫРАҚ... Біздің ұғымымызда қарашай мен балқар ағайынды халық. Апай екеуміздің әңгімеміздің басы осы екі халықтың қаншалықты жақын екенін білуден басталды. Апайдың айтуынша, ең бастысы, діндері бір, ұлттық салт-дәстүрлері, алыс-бе­ріс­тері бір, тек тілдерінде азда­ған айырмашылықтар бар. Мә­се­лен, қазақта үлкен адамды аға десе, қарашайлар қарнашым, ал бал­қар­лар қарындашым дейтін көрінеді. Қарашайлықтар қантты шекер десе, балқарлар балтұз дейді екен. «Роза апай, сонда қазаққа екі халықтың қайсысы жақынырақ?» деп сұрағанымызда: «Қарашайлар жақын-ау деймін, өйткені, мен қазақтың сөзінің бәрін түсінемін. Салт-дәстүрлеріміз де ұқсас. Мәселен, келін түсіргенде, өлім-жітімде аздаған өзгешеліктер болмаса, басқалары бірдей. Бізде де қалыңмал бар, бірақ қазақтан көп береміз. Сіздерде құдалықта құдаға ат мінгізіп жатса, бізде «сый» деген кәдемізде келінді бір айдан кейін үйіне жібергенде мінісімізді, алтын-күмісімізді, киітімізді сонда салып жібереміз», деді сәл жымиып. Ал қарашайлықтардың қазақ топы­рағына қалай келгенін білгіміз ке­ліп, әңгімемізді тарихқа бұрғанда жүзін төмен салып «Қарағым-ай, ол бір зұлмат заман болды ғой. Он­дай қасіретті еш халықтың басы­на бермесін», деді де әңгіменің ше­тін шығарып, ақырын шешіле бас­тады... «Ең алғаш қарашайлар Қазақ­стан­ға 1936 жылы «бай-кулак­тың» заманында жер аударылып келген. Солардың ішінде әкемнің ағасы, інілері болды. Одан кейін 1943 жылы сталиндік солақай саясаттың салқынымен бас тіреді. Солардың арасында біздің де ата-анамыз болды. Соғыс жүріп жатқан кез. Қараша айында әкем төрт баламен үйде қалады да, шешей базарға сауда жасап қайтып келе жатып жолай туған сіңлісінің үйіне соғады. Сіңлісі болса «Әрі-бері өткенде үнемі үйге кірмей кетесіз, бір түнесеңіз қайтеді», деп қолқа салған соң, көңілін жықпай қалады. Ертесіне үйге келе жатқанда жолда автомат асынған қаптаған солдаттарды көреді. Жақындап келсе, әрі қарай жібермейді. «Оу, менің бала-шағам, күйеуім бар, үйге жіберіңдер» десе, «бала-шағаңды вокзалдан табасың» деп итеріп жібереді. Вокзалға келе сала вагонға қуып кіргізеді. Анамның айтуынша, олар 7 қарашаны жолда қарсы алады. Содан бірнеше күн жүргеннен кейін пойыз Луговой деген стансадан тоқтап, су алады екен. Есіктен қараса, ауылының адамдары жүреді. «Менің бала-шағамды көрдіңдер ме?» деп айғайлайды. Олар: «Стансаның атын есіңе сақта, бала-шағаң, туған-туыстарыңды осы жерден табасың», дейді. Содан шешей Қырғызстанның Люксембург колхозынан бір-ақ шығады. Құдай жар болып, ол жерден сіңлісін табады. Ал он күннен соң, 28 желтоқсанда мені босанады. Аман-есен аяқ-қолын бауырына алғаннан кейін сіңлісінің күйеуіне қалайда Қазақстанға – бала-шағама жеткіз деп өтінеді. Ол кісі машинистермен сөйлесіп, базардан сауда жасаған ақшасын соларға беріп, Луговой стансасына жетеді-ау. Сұрастыра жүріп, базардан қайынсіңлісін тауып алып, балаларына барса, менен үлкен екі ағайым аналарын танымайды. Қиын уақыт еді ғой. Шешем айтып отыратын, ол кезде енемнің атасы тірі екен, ақ ешкінің терісін илеп, жайнамаз жасап, намазын оқып жатқанда қазақтың шалдары келіп: «Ой, айналайындар, сендер мұсылман екенсіңдер ғой, бізді адам жейтіндер келді деп қорқытып еді», депті. Содан танысып, білісіп, жеті баламен кел­ген енеме қоржын тамның үл­кен бөлмесін босатып беріп, бір үйдей болып кеткен. Сондай жақсылық жасаған қазақтан айналайын, адам сыйлаған ақкөңіл халық қой. Міне, біздер осылай өсіп, әке-шешеміздің арқасында ержеттік...». Роза апай Ілияс ағаймен Луговой стансасында танысып, үйленген соң, бес перзент көреді. Оның төртеуі – ұл, біреуі – қыз. Отағасы Ленинградтағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Кейін аспирантураға түскенмен, отбасы жағдайымен аяқтай алмайды. Алғаш мұғалім, кейіннен агроном болып жұмыс істейді. Ілияс ағаның дүниеден өткеніне биыл он үш жыл толады екен. – Жұбайым өте балажан адам еді. Балаларының маңдайынан бір шертпей-ақ кетті ғой. Кейде «Еркек балалар ғой, кішкене қорқытып қоймайсың ба?» деп ұрысcам, «Жоқ, өзім әкені де, әкенің еркелеткенін де көрмедім. Үйде бір айғайшы бар ғой, сен жетесің», дейтін де қоятын. Бірде ауылға кетіп қайтып келсем, қызым папасының өкпелеп тамақ іш­пей қойғанын айтты. Сөйтсем, ең кенже баласына үлкендері ұрысқан болуы керек. Сол үшін тамақ ішпей отыр екен. Әйтеуір, төртінші баласын өзгеше, ерекше жақсы көретін. Ол да әкесін жақсы көрді. Менің айтарым, құдай баланың жамандығын көрсетпесін. Балаң жақсы болса, ата-ананың да жүзі жарқын, ел ішінде төмен қарамайсың. Құдайға тоба, өзім деп айтпайын, Алланың бергені, балаларым тәртіпті, алды елуге келіп қалса да бір жерде ұялт­қан емес, – деді отағасы туралы айтқанда мейірім шашып тұратын көзі жалт-жұлт етіп. «ЖАТТЫҚТЫРУШЫМДЫ, ДОСТАРЫМДЫ ТАСТАП КЕТПЕЙМІН...» Ата-ана үшін баланың бәрі бірдей. Дегенмен, ішінде мінезі, түсінігі ерекше, анасына жақыны болады емес пе. Ислам да сондай бала екен. Ол кішкене кезінен бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын мінезді, намысшыл болып өседі. Ислам күресуді 4-5-сыныптан бастаған. Нағашы ағасы Биболат үйге келгенде төсеніштерді жайып тастап, балаларды күрестіретін көрінеді. Сонда: «Әй, Роза, осы қара баладан бірдеңе шығады», дегені әлі есінде екен. Оның үстіне жаттықтырушысы әрі көршілері Серік Нұрманбетов те кешке балалардың бәрін жинап күрестіріп, байқап жүріпті. Жалпы, Байрамуковтар отбасындағы бала­лар­дың бәрі кішкене кезінен спортқа әуес болады. Үлкен ұл­дары Алмаз, Руслан, кенжелері де еркін күреспен біраз айналысып, Қазақстанның неше дүркін чемпионы атанады. Ал Ислам 8-сыныптан соң Алматыдағы Қажымұқан атын­дағы спорт мектебін, одан дене­шы­нықтыру институтын біті­реді. Өте сезімтал, жаны ашығыш, үйде де, сыртта да адамдарға көп көңіл бөліп жүреді. Жағдайы жоқ, жетім-жесірге шамасы келгенше көмектескенді жақсы көреді. Руслан мен Ислам екеуі осы жағы­нан ерекше. Ата-аналары намаз оқымаса да, балаларының барлығы мұсылмандық парыздарын қолдан келгенше ұстауға тырысады. – Балама жанкүйер болу өмірім­дегі ең қиын сәттерім десем болады. Оны қазақтар «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысып отырады», деп қалай дәл тауып айтқан. Күндіз-түні Алла тағаладан тілек тілеп, жалынып сұраймын. Әр жарысқа кеткен сайын ауылдастарымды шақырып мал сойып, құдайы тамақ таратамын. Бір қызық оқиға айтайын. Ислам Олимпиадаға жүрерде құдайы тамақ берейік дедік. Онда әкесі тірі, бірақ инсульт­тан кейін ауырып жүрген. Сол құдайы тамақты таратып жатқанда балам «папалап» әкесін айналсоқтап қалды. Ілиясқа қарасам, көкпеңбек болып кетіп барады. Папаңа не болды десем, қақалғаннан тұншығып барады дегені. Бір құдайға сыйындым да, жағын ашып қолымды салсам, тілі кетіп қалыпты. Бір кезде құсқысы келді, бармағымды қайта салдым. Сөйткенше, әйтеуір «уф» деп дыбыс беріп, демалды. Қарасам, қолыма кішкене түйір ет ілігіпті. Сонда Исламның: «Мәссаған, мама, Олимпиаданың көкесі сонда болатын еді ғой», деп ауыр күрсінгені бар. Ислам жүрерден екі күн бұрын: «Мама, түсімде шал адам бірі алтын, екіншісі күміс екі медальды қатар ұстап отыр екен. Мен қолымды алтынға созып едім: «Жоқ, балам, алдымен күмісті ал, мынаны кейін аласың», деді. Маған шынымен күміс бұйырып тұр ма екен”, дегенді маған сыр ғып айтты. Содан тікелей хабарды жібермей көреміз. Әсіресе, Ілияс теледидардың алдын бер­мейді. Жартылай финалдағы белдесуде ең соңғы әдіс-тәсілін қолданған баласының қолын көтергенін көргенде әкесінің қуанғанынан дауыс шығарып жылағаны әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Күйеуімнің жылағаны, ауылдастарымыздың құт­тықтап келіп жатқаны бар, өзімді қалай сезінгенімді де білмей қалдым. Баласының жақ­сы болғанын кім жаман көреді дейсіз, – деді баласы жайлы әңгіме сұрағанымызда кейуананың жүзі бал-бұл жайнап. Иә, сол әулие шалдың екін­ші медалін бәрі де күтеді. Бірақ, ден­саулығына байланысты келесі жолғы аламан бәйгеге баруға жолы түспейді. 2001 жылы Жапо­ния­дағы Азия ойындарынан бірінші орын алып келген соң, Афина Олимпиадасына барар алдында бір жарыста иығын ауыртып алады. Неше түрлі жасаған ем қонбай, ақыры Красноярск қаласына ба­рып операция жасатады. Бір жыл­дан соң Олимпиадаға жолдама алып, дайындық жасағанымен, иы­ғы қайта-қайта шыға берген соң, жат­тықтырушылары рұқсат бермейді. Иә, уақыт өте келе заман да, жағдай да түзелді. Байрамуковтар отбасы, шүкір, балалары ержетті, ел қатарлы өмір сүріп жатты. Кав­каз­дағы ағайындарымен де қарым-қатынасты үзбеді. Дегенмен, туған жерден ерік­терінен тыс күштеп әкелінген соң, жасы үлкендерінің көңілі отанға оралуды аңсамады емес, аңсады. Роза апай әкелерінің көзі тірісінде балаларын жинап, «туған жерге оралсақ қайтеді» деген әңгімені бастайды. Бәрі өре-түрегеліп келіспейтінін айтады. – Әсіресе, Ислам: «Бұл жерді қалай қиып тастап кетемін. Жат­тық­тырушы­ларым, достарым да осында. Оларды сата алмаймын», деді. Сонымен қалдық. Қазір балалар не айтса, соны құптайсың ғой, өйткені, бар бақыт осы балаларда емес пе – деп әңгімесін жалғаған Роза апайдан бала, әсіресе, ұлдар­дың тәрбиесіне қатысты ойымен бөлісуді өтіндік. – Бәрі отбасындағы тәртіптен. Мысалы, мектепте ата-аналар коми­тетінде болғанымда бай­қағаным, көбінесе кінәні мұға­лімнен іздеп жатады. Сонда «Ей, айналайын­дар, балалар көбінесе мектепте бола ма, үйде бола ма? Үйде тәр­биелемейсіңдер ме. Оның үстіне бір сыныпта әр ұлттың ба­лалары оқиды. Мұғалім 45 минөтте сабақ бере ме, жоқ оқу­шы­­ларды тәртіпке шақыра ма? Бала тәрбиесінің көзі – отбасында», дейтінмін. Шыны солай ғой. Зады, ерлі-зайыптының арасында сыйластық, бірлік болса, балалар да содан үлгі алады, тәртіпті болып өседі. Ең алдымен, ата-ананың өзі үлгі болуы керек. Мен солай ойлаймын. Біз ағаң екеуміз тату-тәтті ғұмыр кештік, қайсысын ай­­тайын. Ұрыс-керіс, талас-тартыс, жанжал дегенді білмей өттік. Бір-бірімізден көңіліміз қалып көрмепті. Сондықтан мен кез келген доктор, профессорыңмен таласып, айтыса аламын, баланың тәрбиелі болуы тікелей үйдегі ата-ананың тәртібіне байланысты. Айтады ғой, «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп. Енем марқұм: «Балам, осы мінезіңнен тайма, бала-шағам өсті, жеттім, жетілдім деме. Құдай кесірінен сақтасын», деп ақылын айтып отыратын, – деп Роза апай әңгімесін аяқтады. Иә, «анасы бар адамдар еш­қашан қартаймайды». Бұл өлең жолдары әр баланың көңілінде жүрері хақ. Бірақ, қазір уақыт өзгерді. Енді осы өлең жолдарына «Иә, баласы жақсы аналар ешқашан қартаймайды» деп қосып айтсақ, еш артықтығы жоқ сияқты. Міне, балаларының жақсылығынан әдемі қартайып, аузынан Алласы түспей, күндіз-түні балаларының тілеуін тілеп отырған Роза апай келін-бала­ларының, немерелерінің сүйіс­пеншілігіне бөленіп, бақытты өмір сүруде. Аналық қасиет – жалпы адамзатқа ор­тақ ұлы қасиет. Ол ұлтқа, ұлыс­қа бөлінбейді. Ендеше, осы бір атағы бүкіл Қазақстанға ор­тақ Исламдай ұл өсірген Роза апайдың аналық, әжелік ба­қы­тын барша аналарға тілейміз. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».