13 Ақпан, 2015

ҮКІМЕТ

378 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін
Үкімет Үйі-үлкеніНарық экоөнім күтеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ең басым бағыттарының бірі ретінде атап көрсетілді. Қазір әлемде ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс өсу үстінде. Дүниежүзінің ауыл ша­руа­шылығын талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, адам санының өсуі, қолжетімді ауылшаруашылық жерінің азаюы, топырақ қабатының азуы, ауыз су тапшылығы, дән­ді дақыл шығымдылығының төмен­деуі, балық ресурсының кемуі және адамдардың диеталық тамаққа көшуіне қарай алдағы жарты ғасырда азық-түлікпен қамтамасыз етуде жаһандық проблемалар туындайтын болады. Сондықтан көптеген дамыған елдерде халыққа синтетикалық тыңайтқыштар мен улы қоспаларды пайдаланбай өсіретін экологиялық жағынан таза және органикалық өнімдерді ұсыну өзекті мәселеге айналады. Осы орайда, халықаралық сарап­шылардың пікірі бойынша, Қазақ­станда органикалық ауыл шаруашылығын (ОАШ) дамыту үшін өте зор мүмкіндіктер бар. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау, шұрайлы жер, аграрлық сектордың инфрақұрылымдарын жеткілікті дамыту және басқа да факторларды жүйелі түрде қолға алу бұл саланы тиімі дамытуға ықпал етеді. Соңғы деректерге қарағанда, біздің елімізде ОАШ бойынша 14 өндіруші-компания жұмыс істейді. Олар ауыл шаруашылығында дәнді және май дақылдарының 25 түрін өсіреді екен. Бірақ, дайын өнімдерден әзірше арақ пен шарап қана шығарылады. Өңірлерге шаққанда негізінен ОАШ өндірушілер – Қостанай, Ақмола, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қазақстан қазіргі уақытта өндірілген биоөнімнің 16 пайызға жуығын Италия, Германия, Франция және АҚШ сияқты дамыған мемлекеттерге экспортқа шығарады. Атап айтқанда, шетелдік әріптестерімізді бізде өндірілген жұмсақ және қатты бидай, зығыр, сұлы, рапс, соя, жасыл жасымық қызықтырып отыр. Еуропа елдерінің басым көпшілігі қазақстандық органикалық өнімді сатып алуы мүмкін. Олардың мұндай өнімдерге жалпы сұранысы 20 миллиардтан астам еуроны құрайды. Мәселен, тауар айналымы 6 миллиард еуродан астам Еуродақта Германия экоөнімдерді ең көп пайдаланатын мемлекет болып табылады. Ауыл шаруашылығында келешегі зор осы бағыттағы бәсекелестікке төтеп беру үшін қазақстандық ауылшаруашылық еңбеккерлері жаңа технологияны игеріп, оларды іс жүзінде қолдануы керек. Ол үшін тиісті құқықтық-нормативтік базаны жасап алу қажет. Қазір бізде осы іспеттес «Органик центр Казахстан» сияқты ұйым жұмыс істейді. Бірақ оны мемлекет тарапынан қолдау керек. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің педа­гог-ғалымдары оқу орнының басшысы Махметқали Сарыбековтың ұйымдастыруымен экологиялық таза өнім өндіру үшін инновациялық жұмыстар жүргізіп, өндіріске енгізуде айтарлықтай жұмыстар жүргізіп келеді. Соңғы қысқа мерзімнің ішінде ғалымдар дәнді дақылдар негізінде жаңа өнімдер, соның ішінде қазақтың ұлттық тағам-өнімдерін шығару үшін технологиялар ойлап тапты. Түрлі дәндерден жасалған наноқұрылымды ұн негізінде жоғары сапалы дәмді тағам өнімдерін алатын жаңа ресурс сақтағыш технология құрылды. Бұл дегеніңіз, кәмпиттер, сусындар, галеттер, печенье, нан, кептірілген нан және дәстүрлі емес шикізаттардан жасалған биологиялық белсенді қоспалар. Ендігі күн тәртібіндегі мәселе – біздің елімізде де, шетелде де үлкен маңызға ие болған дұрыс азық-түлікпен тамақтанудың инновациялық технологиясын жасау. Осыған байланысты бұл салада тиісті заңнамалық актіні әзірлеу керек. Сол арқылы саламатты тағам және органикалық ауылшаруашылық өнімдеріне бірыңғай талапты реттеуге, оның көлемі мен сапасын үйлестіруге, жеке тағамдарды, соның ішінде тәуекел тобына жататындарын арнайы зерттеу негізінде халықтың тамақтануы мен денсаулығына мемлекеттік мониторинг бағдар­ламасын әзірлеуге мүмкіндік туады. Сонымен бірге, техникалық регламенттің мемлекеттік деңгейінде бекітілген ерікті сертификаттау жүйесі құрылады. Сол сияқты тамақ өнеркәсібі үшін дәрумендер, ферменттік препараттар, пробиотиктер мен басқа да тағам ингредиенттері, дәрумендер мен минералды заттарға бай көпшілік тұтынатын азық-түлік, балалар және емдік тағам өнімдері, сау немесе сырқат балаларға арналған тамақ өндіруге инвестиция тарту үшін жағдай жасалады. Заңнама аясында БАҚ көмегімен халықтың түрлі топтары бойынша тамақтануға байланысты ағарту бағдарламасы, мұқият тамақтану шаралары әзірленеді. Сөйтіп, тағам өнімдерінің тиісті талаптарға сай болуы үшін өндірушілердің жауапкершілігі нығайтылады, отандық және шетелдік тағамдардың және азық-түлік шикізатының сапасы мен қауіпсіздігін бақылау тетіктері жетілдіріледі. Азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайын талдау нәтижелері көрсетіп отырғанындай, азық-түліктің негізгі түрлері бойынша отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету 2013 жылы 80 пайыздан асқан екен. Ал, құс еті және ірімшік пен сүзбе 50 пайыздай, шұжық өнімдері 54 пайызға жуық, қант 40 пайыздан астам. Елімізде өткен жылы тамақ өнімдерін өндіру 4,2 пайызға ұлғайып, 973 миллиард теңге құрады. Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің мына деректеріне де назар аударайық. Сүт өңдеу көрсеткіші өсіп келеді, қышқыл сүт өнімдері 19,7% (156271-ден 187006 тонна), ірімшік пен сүзбе 13,8% (19161-ден 21800 тонна), торт және кондитерлік бұйымдар 16% (24762-ден 28730 тонна), май 10,2% (12240-тан 13482 тонна), макарон бұйымдары 4,4% (145000-нан 151396 тонна), шұжық өнімдері 3,8% (39566-дан 41058 тонна). Дегенмен, өндіріс көлемі жыл сайын өсіп келе жатқандығына қарамастан ауылшаруашылық шикізатының негізгі түрлері төмен қалуда (сүт – 40%, ет – 30%, томат – 5,2%). Өңдеуші кәсіпорындардың негізгі өнімдер бойынша өндірістік қуаты мынадай: ет бойынша – МІҚ, шошқа, құс – 34%, өңделген сүт – 45,1%, май – 31,5%, ірімшік пен сүзбе – 38%, шұжық бұйымдары – 28%, ұн – 37%, жарма – 21,6%, нан – 41,7%, макарон бұйымдары – 49%, қант – 18,4%, өсімдік майы – 24%, жеміс-жидек консервілеу – 19,6%, көкөніс консервілеу – 41,1%. Мамандар атап көрсеткендей, оның себебі өндірістік сипаттағы шешілмеген проблемаларда. Атап айтқанда, шикізат сапасы төмен, өндіріс маусымдық кезеңмен жүргізіледі, ауылшаруашылық шикізатын дайындау, тасымалдау және сақтау жүйесі дамымаған, негізгі құралдар тозған. Сонымен қатар, техникалық реттеуге бақылау жоқ, демпингтен жеткілікті қорғалмайды, отандық өнімді жүйелі сату үшін жағдай жасалмаған. Дамыған елдерде бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану және жеке тұтынуда ысырап әлдеқайда көп екен. Мысалы, британдық отбасылар жылына 6,7 млн. тонна тамақты лақтырады, бұл халық тұтынатын барлық өнімнің үштен бірі. Ал дамушы елдердегі ысырап негізінен өндірістік тізбектегі инфрақұрылымның болмауына байланысты. Фермаларда өндірілген тамақ өнімдерін сақтау технологиялары тиімсіз. Мойындауымыз керек, біздің елімізде де өндірістен бастап азық-түлік қалдықтарына дейін азық-түлік ресурстарының ысырабы шаш-етектен. Сондықтан елді жеткілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін барлық азық-түлік және тұтыну тізбегінде ысырапты төмендетудің жүйелі шараларын алу басым бағыттардың бірі болмақ. Сонымен бірге, мал бордақылау үшін тамақ қалдықтарын неғұрлым кеңінен пайдалану мәселесін қарастыру қажет. Бұл малдың өзіндік құнын төмендетуге, мал шаруашылығына жайылымды тиімді пайдалануға игі әсер етер еді. Мемлекет басшысының «Қа­зақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дау­ында қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеру басты мақсаттардың бірі ретінде қойылды. Бұл міндетті іске асырудың негізгі тетіктерінің бірі халықты өзіміз өндірген сапалы және қолжетімді тамақпен қамтамасыз ету болып табылады. «Агробизнес-2020» бағдарламасы, басқа да стратегиялық және бағ­дарламалық құжаттар, агроөнеркәсіп кешенін тиімді қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясат отандық өндірісті сатылап кеңейтуге де, азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін аграрлық саланы қа­лыптастыруға да мүмкіндік береді. Мұратбек ҚАСЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Өңірлік экономика ғылыми-зерттеу орталығының директоры. ТАРАЗ.

Ажары артқан аймақ

1962719_1569698276584447_2883848101387942902_n«Қалауын тапса қар жанады». Орайын келтіріп, ретін тауып, мүмкіндігіне қарай қимылдаса жасалмайтын шаруа жоқ. Қолға алған, көзделген жұмыстың бәрін өзінің жік-жігімен, жай-жапсарымен атқаруға болатынын көз көріп жүр. Мысалы, осыған дейін әлдебір аудан бюджетінің есебінен спорт кешені салынды дегенді естіп пе едіңіз? Өзге үшін жауап бермей-ақ қоялық. Бірақ өз басымыз ондайды естімедік. Көрмедік. Өзі ауданның қоржынындағы ақша анау-мынау мектептерді жөндеуге, әлеуметтік нысандарды ретке келтіруге жұмсалады. Одан қалды абаттандыруға, көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер жолын салуға жететін. Тағы да басқа мұқтаждықтарына қазынаның қаржысы шығындалатын. Дегенмен, Қызылорданың Қазалы ауданында осындай жұмыс атқарылды. Енді жастар көшеде құр сенделіп жүрмейді. Бойындағы бұла күшін төбелеске, я болмаса бұзақылыққа жұмсамайды. Әрі-беріден соң бар ғой, олардың саламатты өмір салтын ұстануына жол ашылды. Былтырдан бастап ауданда 8 спорт үйірмесі бар кешен ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Осы қыста Қазалыңызда үлкен мұз айдыны ашылды. Кешкілік орталық алаңға қарай бара қалсаңыз, конькимен зырылдап жүрген жұртты көрер едіңіз. Сол сәтте Астанадағы Есілдің үстінен арнайы жасалған айдынның көз алдыңызға келері анық. Шат-шадыман, у да шу халықтың шын қуанышына тап боласыз. Ауданда инвестиция тарту, құрылыс салу, салықтық базаны дамыта отырып бюджетті нығайту бойынша нақты жұмыстар атқарылған. Мысалы, өнеркәсіп орындарында 10 миллиард 95 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Өнеркәсіп саласынан түскен пайданың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде екен. Айталық, өңдеу өнеркәсібі бойынша былтыр 8 миллиард 855 миллион теңге пайда түскен. Өткен жылмен салыстырғанда табыс 8531,6 миллион теңгеге артқан. Айта кету керек, өңдеу өнеркәсібінің 43 пайызын құрайтын машина жасау саласындағы Қазалы локомотив жөндеу зауыты мен Қазалы вагон жөндеу депосы. Теміржол саласындағы құрылымдық өзгерістерге қарамастан аталған кәсіпорындар өнім көлемін төмендетпеуде пәрменді жұмыстар атқарып келеді. 2014 жылы Қазалы локомотив жөндеу зауыты өзінің негізгі қызмет түрлеріне кірмейтін 16 арнайы мамандандырылған теміржол жөндеу машиналарын жөндеуден өткізіп, өндіріс көлемін 2460,1 миллион теңгеге жеткізді. Былайша айтқанда, жылдық жос­парды 109 пайызға орындады. Ал Қазалы вагон жөндеу депосы 2014 жылдан бастап өндірістегі жаңа вагондарды жөндеуден өткізіп, 1356,9 миллион теңгенің қызметін атқарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 151,6 пайызды құрады. Бұл жұмыстар өз кезегінде жалпы өнеркәсіп өнімінің төмендемеуіне үлкен үлес қосып отыр. Ал ауылшаруашылық құрылымдары 5 миллиард 521 миллион теңге көлемінде өнім жинаған. Аталған сала мемлекеттің нақты қолдауымен жақсы даму үстінде. Өткен жылы егіншілік саласына пайдаланатын дақылдар үшін 278 миллион, минералды тыңайтқыш үшін 56,9 миллион, гербицид үшін 11,4 миллион, суармалы су үшін 22,4 миллион, барлығы 368,7 миллион теңге субсидия берілген. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 120,5 миллион теңгеге артық. – Мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағамен көктемгі егін егу және егін жинау жұмыстары үшін 3410 тонна дизель отыны алынды. Айталық, көктемде 1610 тонна 90,3 теңгеден, күзде 1800 тонна 103,9 теңгеден шаруаларға берілді. 30 техника лизинг арқылы сатып алынған. Соның ішінде, «РЗА-Агро» серіктестігінде өнімділігі жоғары 2 дана, «Жалаңтөс батыр» серіктестігінде 1 дана РМУ «ROUCN» агрегатын сатып алып, шаруашылықта күріш егу науқаны кезінде тұқым себу жұмыстарына пайдаланды. Агрегаттың ауысымдық өнімділігі 40-50 гектарға дейін орындалып, бұған дейінгі пайдаланып жүрген тұқымсепкіштерден өнімділігі 3,5 есе жоғары өскен. Тасарық ауылдық округіне Арал қорынан «МТЗ-80» тракторы алынып, ауылдық округтің теңгеріміне қабылданыпты. Өткен жылы ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 90,1 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығындағы өнім көлемінің төмендеуіне жаз айларындағы түнгі ауа райының салқын болуынан егіннің пісіп-жетілуінің кешігуі әсер етті. Егін жинау 10 күндей кеш басталды және қыркүйек айының 18-20 күндері ауа райының күрт төмендеуінен күріштің 2030 гектарын үсік шалып, осының салдарынан 475 гектар күріштікке мүлде орақ түспей қалды. 2014 жылы 17930 гектар егіс егілді. Оның ішінде күріш 7435 гектарға, мал азықтық дақылдар 7190 гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 2630 гектарға орналастырылды. Күріштің өнімді Маржан, Янтарь, Новатор, Лидер сорттары егілді. Сонымен қатар, гектар түсімділігін арттырып, күріш дақылы сорттарын жаңалау мақсатында Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ ұсынған өңірге бейімделген жаңа КазЕр-6 сортын РЗА-Агро ЖШС-де 5 гектар жерге орналастырып орташа түсімі 56 центнерден, жалпы 30 тонна өнім жинап алып, 2015 жылдың егісі үшін 28 тонна тұқым құйып алды. 26391 тонна дәнді дақылдар, 19 тонна майлы дақылдар, 13887 тонна малазықтық дақылдар өнімдері жиналды. 82,5 мың тонна табиғи шөп дайындалды. Дәстүрлі күріш дақылынан басқа да азық-түліктік маңызы зор картоп, көкөніс, бақша және майлы дақылдарды өндірістік негізде өсіруді, сонымен қатар жүгері, арпа және малазықтық дақылдар көлемін көбейтуді қолға алуымыз қажет. Ол өз кезегінде аудан халқын азық-түлікпен жыл бойы қамтамасыз етуге және мал шаруашылығына қажет сапалы жем-шөп қорын жасауға мүмкіндік береді,– дейді Қазалы ауданының әкімі Бақыт Жаханов. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев аудан әкімдерінің жұмысын инвестиция тартумен бағалайтынын үнемі айтады. «Аудан республикалық және облыстық бюджеттен берілетін қаржыға қол жайып отырмауы керек. Әкімдер инвесторлар тауып, оларды ауданға тартып, нақты жұмыспен айналысулары қажет», деген Қырымбек Елеуұлы. Облыс әкімінің тапсырмасын Қазалы ауданы ойдағыдай атқарып отыр дей аламыз. Өткен жылы негізгі капиталға 6 миллиард 364 миллион теңге инвестиция тартылыпты. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы да тәп-тәуір іске асып жатыр. 12 арендалық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйде халық қоныс тойын тойлады. Бес ауылда дәрігерлік емхана ашылды. Қазалы ауданында шағын кәсіпкерлер саны 3615-ке жетті. Қосымша 8250 адам жұмыспен қамтылды. Бір жылдың ішінде Қазалы ауданы Елбасымен екі рет тікелей телекөпір арқылы байланысты. Біріншісінде, «Отау-ТВ» желісі арқылы көрсетілетін «Телегазет» жобасының тұсауы кесілді. Екіншісінде, «РЗА» АҚ-тың жұмысы көрсетілді. Мемлекет басшысының индустрияландыру бағытындағы тапсырмасын іске асырушы «РЗА» АҚ-тың жұмысына оң бағасын бергенін жұрт көрді. Сонымен қатар, осы кәсіпорын «Алтын сапа» байқауының жеңімпазы атанды. Мемлекеттің басты капиталы адам десек, тұрғындардың денсаулығы үнемі назарда болуы керек. Денсаулық сақтау саласындағы көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – аудан орталығындағы апаттық жағдайдағы аурухана құрылысын салу болатын. Былтыр бұл мәселе шешімін тауып, облыстық бюджеттен «Әйтеке би кентінен 150 төсектік орталық аурухана құрылысын салу» жобасының жоба-сметалық құжатын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 21 миллион теңге қаралды. Жалпы, ауданда «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда профилактикалық іс-шаралар, скринингтік зерттеулер жүргізіліп, көліктік медицина қызмет көрсетуде. Денсаулық саласына бөлінген қаржы көлемі жылдан-жылға артып келеді екен. Мәселен, 2014 жылы барлығы 3 миллиард 34 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 29 пайызға немесе 678 млн. теңгеге артық. Оның ішінде емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 171,6 миллион теңге бөлініп, оның 39,0 миллион теңгесіне 8 санитарлық автокөлік сатып алынған. Ал 14,2 миллион теңгесіне қажетті медициналық құрал-жабдықтар әкелінген. Сөз соңында «Сыр медиа» ЖШС жанындағы ақпа­раттық-талдау орталығы жасаған қорытындыны айтсақ. Аталған орталық был­тыр қала, аудан әкімдерінің рейтингісін анық­тады. Нәтижесінде облыс бойынша жоғары көрсеткіш көрсеткен Қазалы ауда­нының әкімі болып танылды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы, Қазалы ауданы.

«Арманның» арманы орындалмақ

IMG_1895Ботагөз Черноярка ауылына қаладан көшіп келіпті. Ауылға келген соң, өзінің көптен ойлап, жүзеге асырсам ба деп жүрген мақсатын қолға алмақ болады. Жер алады. Көкөніс өсіріп, картоп еккісі келеді. Сөйтіп, «Арман» шаруа қожалығын құрған Ботагөз Ілиясова іске белсене кіріседі. Бірақ, су жоқ, көкөніс пен картоп алқаптары арнайы суландыру жүйесіне қосылмағандықтан, шаруашылық жыл сайын өнім алуда қиындық көріп келді. Осы мәселенің түйінін шешу үшін Ботагөздің бармаған жері болмады, әкімдіктің барлық табалдырығын тоздырады. – Көктем болса келе жатыр. Қазір 40 гектар алқапты көкөніс, картоп өсіреміз деп дайындалып жатырмыз. Алқаптарға су жүйесі, су құбырлары тартылмағандықтан жыл сайын өнім алуға кедергі. Жұ­мысым жүріп кетсе, ауылда әрине, жаңа жұмыс орындары ашылар еді, – дейді кәсіпкер Ботагөз. Ал, жалпы, шаруа­шылықтың 97 гектар жері бар. Шаруашылық 40 гектар жер телімін суландыру жүйесін қосуды сұрап отыр екен. Ботагөздің өтінішін енді аудан әкімі Нұрлан Әутәліпов қарап шығады. Мәселенің түйіні шешілді. Мәселе магистральді құбыр арқылы су тартумен айналысатын «Адис» серіктестігінде болып шықты. Аман Симамбаевтың айтуынша, бір ғана Черноярка ауылдық аумағында суды қажет ететін, суландыру жүйесіне қосылғылары келетін суармалы алқаптары бар көптеген шаруашылықтар жұмыс жасайтын көрінеді. Яғни, іс кезекпен екені де түсінікті. Алдағы науқанда Ботагөздің де «Арман» шаруа қожалығының суармалы алқаптарында техникалық жұмыстар жүргізіліп, биыл суландыру жүйесіне қосылады, дейді. Олай болса, осы күзде-ақ, аудан тұрғындары «Арман» өсірген өнімдерді сатып ала алатын болар дейміз. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Павлодар ауданы.

Ілкімді істер легі

Жол қатынасын жақсарту арқылы елдің ішкі әлеуетін арттыруға болатыны күн сайын айқындалып келеді. Күрежол арқылы мәдениет те, өркениет те, экономика да дамиды. Жамбыл облында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің бойынан 100, 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларын құру жоспарланып, құрылысқа қажетті инфрақұрылым, жер телімдері бөлінген. Осы жоба аясында облыс аудандарында 13 тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталып, сүт бағытындағы асыл тұқымды мал сатып алынуда. Жалпы, 2017 жылға дейін 57 шаруашылық іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл жобаларды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржыландыруға қол жеткізілді. Осы қор арқылы биыл 8 жоба жүзеге асатын болады. Жергілікті әкімдіктер өз кезегінде бұл шаруашылықтарды тиісті жер телімдерімен қамтамасыз етіп, құжат ресімдеуде қолдаулар көрсетіп жатыр. Бұдан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы Жуалы ауданының «Гамбург» ЖШС-ның 600 басқа арналған заманауи сүт фермасын құру жобасы жүзеге асырылуда. Сүт фермаларын салу жобаларын ынталандыру үшін 50 бастан 200 басқа дейін сүт фермаларына жабдықтар, техника және мал сатып алу шығындарын өтеуге 50 пайызға дейін инвестициялық субсидия қарастырылды. Ал, 200 бастан жоғары ірі сүт фермаларын салуға кеткен шығындарының 20 пайызы субсидияланатын болады. Сонымен қатар, осы фермаларды мал азығымен қамтамасыз етуге қажетті техникалар сатып алуға кеткен шығындарын 50 пайызға дейін өтеуге инвестициялық субсидиялар берілетіні де бұл істің адымын кеңейте түсетіні анық. Облыстағы мал табынының басым бөлігі тұрғындардың қосалқы шаруашылықтарында екендігін ескере отырып, 500 бастан жоғары сауын сиырлары бар 145 елді мекенде сүт қабылдау пункттерін ашу жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде облыста өндірілетін сүтті қайта өңдеудің үлесі 30,2 пайыздан 40,0 пайызға ұлғайды. Алдағы жылдары облыста өндірілетін тауарлы сүт көлемін 300 мың тоннаға дейін, сүт өңдеуші кәсіпорындарының жүк телімін биыл 60 пайызға, 2016 жылы 75 пайызға, 2017 жылы 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жамбыл жеріндегі оннан астам қала-аудандардың ішінде Байзақ ауданының орны бөлек. Байзақ – қашанда орасан тірлігімен, береке-бірлігімен ерекшеленеді. Қырманы дәнге, даласы әнге, дастарқаны дәмге толы осынау батыр баба есімін иемденген ауданның еңбекқор халқы тірліктің көзін тауып, ел табысын арттырып, мерейін өсіріп келеді. Ауылдары негізінен үлкен күрежолдың бойында жатқан Байзақ ауданында 10 шағын тауарлы сүт фермаларын ұйымдастыруға ниет білдірген шаруа қожалықтары лизингке мал, құрал-жабдықтар және ауылшаруашылық техникаларын алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-қа алдын ала төленетін 15 пайыз қаражатын қамдауда. «Бүгінгі күнге Е.Саурықов, М.Ақаев 300 бас ірі қара малға шағын тауарлы сүт фермасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайын­дап бітіп, құрылыс жұмыстары бастап жіберді. Сондай-ақ, «Асыл» шаруа қожалығы 50 басқа арналған мал бордақылау фермасын, «Тад­жи­баев Х» шаруа қожалығы 200 бас сауын сиырға арналған, «Жа­дыра» шаруа қожалығы да 100 басқа арналған тауарлы-сүт фер­масының құрылысын бастады. Сонымен қатар Израильдің «Теssа» компаниясының  сүт цехының қондырғыларын алу үшін бастапқы 25 пайыздық төлемдерді  төлеуге және 5 пайыздық несие алуға Еуразиялық банкпен келісімшарт жасасты. Сондай-ақ, «Агали» шаруа қожалығы сүт қабылдайтын танкер алу үшін өтінім берді. Бұл қожалық қазір «ҚазАгроҚаржы» АҚ  арқылы алынатын несиенің 15 пайыз лизингтік қаражатын дайындауда. Сонымен қатар, 43 бас асыл тұқымды құна­жын және 3 бас бұқа сатып алып, Ресейдің Алтай өңірінен тағы 50 бас құнажын сатып алуға алдын ала келісті. Бұдан бөлек  «Ниет» шаруа қожалығы Алматы облысындағы асыл тұқымды мал зауытынан нақты ақшаға 50 бас құнажын және 2 бас бұқа сатып алды. 50 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының жобалық смета­лық құжаттарын әзірлеуде. «Зең­гі баба» шаруа қожалығы жер учаскесінің қаулысын алып, 50 басқа арналған тауарлы-сүт фер­масының тиісті құжаттарын дайындап жатыр. Сүт қабылдау пункттерін ұйымдастыру жұмыс­тары бойынша «Дәнегүл» ЖШС Түймекент ауылдық округіне сүт қабылдау танкерін қойды», дейді Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев. Үлкен жолдың бойында орналасқан ауылдардың тіршілігі басқаша болады ғой. Әйтеуір үлкен жолдың үстіндегі халық сауда-саттық, алыс-беріс жасауға епті келеді. Бұл халықаралық жол көлік ағынын көбейтіп қана қоймай, бірталай шаруашылықтардың дамуы­на жағдай жасамақ. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.

Төрт түрлі шұжық дайындалады

шужык цехыАтырау қаласының іргесіндегі Ақжар елді мекенінде күніне 1 тонна 200 кило шұжық өнімдерін шығаратын жаңа цех іске қосылды. Исатай Батырбаев құрылтайшылық ететін «Жеміс» серіктестігі цехқа Франциядан шығарылған технологиялар орнатыпты. Сондай озық технологияның бірі – «Саріс» пешінде 40 минутта 350 кило шұжық фаршын дайындау мүмкіндігі бар. Цех басшысы Лұқпан Абылаевтың айтуынша, шұжықтар мерзімінен бұрын бұзылуға жол бермейтін таза әрі сапалы қаптамамен қапталады. Ал дәмдеуіштер Алматыдан жеткізіледі. Шұжыққа қажетті ет Аққыстау селосынан тасымалданады. – Біздің цехымызда күніне 1 тонна 200 килоға шұжық дайындауға толық мүмкіндік бар. Жоғары сапамен дайындалған өз өнімдерімізді ашық сөрелерде саудалауға қарсымыз. Тек «Атаба», «Идеал» секілді сауда орталықтары арқылы тұтынушыға ұсынуды жөн көрдік, – дейді цех басшысы Лұқпан Абылаев. Жергілікті өнім өндірушілерге грузиялық Сулхан Чихадзе дәмді шұжық дайындау құпиясы жөнінде кеңес береді. Әзірге цехта төрт түрлі шұжық дайындалады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан».

Берекелі Боран

Күршім ауданындағы Боран ауылдық округі – Қытай елімен шекара шебінде орналасқан еліміздегі ең шеткі елді мекен­дердің бірі. Жеті ауыл қарайтын Боран өңірдегі тірек ауылдар санатына енген. Таяуда Күршімге жұмыс сапары барысында аудан әкімі Алтайбек Сейітов Боран ауылдық округінің тыныс-тір­шілігімен таныстырды. IMG_5689Боран – берекелі ауыл. 2 мыңға жуық тұрғыны бар. Ауылдағы ең көне ғимараттардың бірі – Құ­маш Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназия. Былтыр бұл гимназия күрделі жөндеуден өтті. 1914 жылы шіркеу мектебі болып ашылған білім ордасының 100 жылдық мерейтойы облыс көлемінде кеңінен атап өтілді. «Тағылған жеке дара жұл­дыз еді, Алтайдың алтын шек­пен жағасына» деп ақын Ғафу Қайырбеков жыр арнаған Құ­маш Нұрғалиев – Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагері, КСРО халық мұға­лімі, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім атанған, 1957 жылдан 1988 жылға дейін осы білім орда­сының басшысы болған, гим­назияның негізін қалаған еліміз­дегі абзал ұстаздардың бірі. Сондай-ақ, ауылдағы мем­ле­кеттік мекемелер қатарында ор­ман шаруашылығы, гидробекет бар. Қытайдан келетін Ертіс өзенінің деңгейі мен суының құрамы осы ауылдағы гидробекет арқылы қадағаланады. Тұрғындар 10 мың ірі қара, 15 мың ұсақ мал, 1 жарым мың жылқы өсіріп, 8 жарым мың гектар алқапқа күн­бағыс, бидай, арпа, сұлы сынды дәнді дақылдар егіп отыр. Оның ішінде атамекеніне оралған қан­дастар да ауылдың көркеюіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Мәселен, 2005 жылы Қытайдан қоныс аударған Жігер Қанатбек есімді жас жігіт жылына 40 гектар суармалы жерге бидай егеді екен. Ауыл әкімі Мақсат Ағиековтің айтуынша, соңғы жылдары кәсіп­керлік тез өркендеп келеді. Мыр­забай Мархабаев атты кәсіпкер құрған жиһаз цехының өнімдері мен борандық блок кірпіштерге шекара маңындағы ауыл тұр­ғын­дарынан сұраныс көп түсетін көрінеді. Біз кәсіпкер Нұрлан Алда­жаровтың таяуда салған «Жас-Ай» халыққа қызмет көрсету орталығында болдық. Алтайбек Сейітұлының айтуынша, бұрынғы ғимарат кәсіпкерге мемлекет-жекеменшік серіктестігі шең­берінде сенімді басқаруға беріліп, оған ісін ілгерілетуге «Жұ­мыс­пен қамту-2020» бағдарламасы арқылы 24 миллион теңге көле­мінде қаржы бөлінген. Жал­пы құны 70 млн. теңгеге түс­кен жаңа нысанға жылу, су құбыр­лары тартылды. Екі қабатты ғима­раттың аумағы 1 150 шаршы метрді құрайды. Ауласы көз тартар­лықтай абаттандырылып, көрік­тендірілген. Жаңа нысанда жиһаз, заманауи дәмхана, тігін цехы, шаштараз, интернет клубы және ардагерлер залы орналасқан. Ауыл қарттары күнделікті осы нысанда бас қосып, газет-журнал оқиды, дойбы мен шахмат, тастаяқ ойнайды. Тіпті, борандық қариялар Күршім ауданында ар­дагерлер арасында өтетін бильярд жарыстарында үнемі жеңім­паз атанып жүр. Ермек Сұл­тан­беков есімді кәсіпкер үстел тен­нисі, жаттығу залы бар ша­ғын спорт кешенін салып беріп­ті. Осы арқылы қыстыгүні кешен­нің жа­нындағы хоккей кортына ойнауға келетін балалардың жылы жерде киінуіне де жағдай жасалды. Боранда жаяу жүргінші жолдары да салынып жатқанын байқадық. Ауылдағы мәдениет үйі соңғы 30 жыл бойы қаңырап, бос тұрған екен. Кеңшар құ­ла­ған соң клубтың да төбесі құлап, кетеуі кеткен көрінеді. Тас­тан қаланған қабырғасының қалың­дығы бір құлаш болатын ескі де іргелі ғимарат былтыр күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Клубтың жылу жүйесі жүргізіліп, сахнасы мен көрермен залы, үйірме залдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Мәдениет үйінің жа­нында жастар саябағы бой кө­терген. Онда ауыл өнерпаздары бас қосып, борандық жастар бос уа­қыт­тарын тиімді өткізе бастады. Шекарадан өтіп, елге қарай есіп ағатын Қара Ертістің бойын­дағы Боран ауылының бүгінгі бақуатты тіршілігіне көңіліміз тоғайды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы. Суретте: Боран ауылындағы атақты педагог Қ.Нұрғалиевтің бұрынғы жұмыс кеңсесі, қазіргі мұражайы.

Құс фабрикасының алғашқы өнімі

Павлодар облысы Ақсу қала­сы­ның ауылдық аймағында орналасқан «Қызылжар-Құс» ЖШС алғашқы өнімін берді. Ауылдық жердегі құс фабрикасы 1500 тоннадай құс етін жергілікті нарыққа шығарды. птицы– Әзірге құс еті өнімдері жергілікті тұрғындарға ұсынылып отыр. Бройлер етінің килосы 650 теңгеден сатылуда. Жуық арада құс еті облыс орталығындағы дүкендерге де жеткізілетін болады. Қазіргі таңда фабрикада 145 мыңдай құс бар. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру жоспарлануда. «Қызылжар-Құс» ЖШС басшылығы өңірдегі сауда жүйелерімен құс етін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде, – деді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ержан Түсіпбеков. Еске сала кетейік, 2014 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында қайта жаңғыртудан өткен құс фабрикасы өз жұмысын бастаған болатын. Бұл фабрикада бройлер тұқымды тауық өсіріледі. Ұзақ жылдар тоқырап тұрған фабрика мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» бағдарламалары аясында іске қосылған еді. Жобаға Еуразиялық банк қаржылай қолдау жасады. Болашақта аталмыш құс фаб­рикасы өңірдің құс етіне деген сұранысының 70 пайызын өтейді деген болжам бар. Ақылбек САТЫБАЛДИН. ПАВЛОДАР.

Тұрғын үй салынады

Елбасының тікелей қолдауы­мен жүзеге асқан «Жезқазған-Бейнеу» теміржол магистралі бүгінде са­йын даладағы елді мекендерге жан бітірді. Шойын жолдың 272 шақырымы Қызылорда облысына тиесілі. Осы аралықта 3 станса және 10 бекет салу жоспарланған. Қазіргі таңда стансалар мен бекеттерде электр желілері, өндірістік және техникалық ғимараттар мен әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Ал жаңа стансалардың бірі Арал ауданындағы Абай ауылында орналасатын болады. Екі жарым мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннің негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Жаңа магистраль салынғалы бері мұнда инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерді. Шалғайдағы ауыл жұртшылығы алдағы күндерге сеніммен қарап, жарқын болашағын мүмкіндігі мол болат жолмен байланыстыруда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаржысы есебінен станса аумағынан теміржолшыларға арналып 2 пәтерлі 20 үй салу жоспарланған. Яғни, бұл 40 отбасы баспаналы болады деген сөз. Бүгінде алғашқы үйдің құрылысы аяқталды. Теміржол бойындағы станса құрылысында 40 адам тұрақты жұмыс жасауда. Соның 25-і Абай ауылының тұрғындары. Жалпы, станса толық іске қосылғанда 200 адамға дейін еңбекпен қамтылады. Ал шо­йын жолдың бойында салынуға тиісті барлық стансалардың құрылыстары келер жылы толық аяқталады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.

Студенттер мен кәсіпкерлер альянсы құрылды

Кәсіпкер болу оңай ма? Енді ол туралы кәсіпкерлердің өзі сту­денттерге айтып, бұл кәсіптің қыр-сырын үйрететін болады. Ол үшін Рудный индустриялық инс­титутында Студенттер мен кәсіп­керлер альянсы құрылды. Осы қанатқақты жобаны жаса­ған Рудный индустриялық инс­титутының тәрбие ісі жөнін­дегі проректоры Жасұлан Алпыс­баевтың айтуынша, болашақта өз ісін ашқысы келетін студенттер оның экономикалық-құқықтық жолдарынан бастап, ұжыммен жұмыс істеудің, басшының, кә­сіпкердің мәдениеті мен этикасына дейін үйренетін болады.

«Қазақстан-2050» Стра­те­гия­сында кәсіпкерлікті ұлттық эко­номиканың жетекші күші ретінде жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай екі есеге арттыру міндеті қойылды. Алайда, жастар арасында кәсіпкерліктің бүгінгі жағдайы туралы айтқанда, шешімін таппаған көптеген мәселелер ойға оралатыны анық. Соның ішінде жоғары оқу орны қабырғасында жүрген жастарға кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерту – Елбасы қойып отырған маңызды тапсырмалардың бірі. Осыны негізге алған Рудный индустриялық институты бас­шы­лығы Студенттер мен кәсіп­керлер альянсын құрды. Жуыр­да аталмыш альянстың салта­натты ашылу рәсімі мен оның қарамағындағы бизнес-мек­тептің алғашқы отырысы өтті. Инс­ти­тутта ұйымдастырылған игі шара­ға студенттермен қатар руд­ный­лық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлікті қолдау орталығы мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Альянс үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасының басым ба­ғыттары саналатын металлургиялық кешен, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру, көлік инфрақұрылымы, энергетикалық қауіпсіздік және қызмет көрсету саласын қамтымақ. Мақсат қоғамның белсенді мүшесі болып табылатын және экономикасы мықты, әлеуметтік бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру үшін ауқымды әлеуетке ие жастарды кәсіпкерлікке тарту, оларды ынталандыру болмақ. Бұл жоба студенттер арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап, кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға және жас кәсіпкерлердің өз кәсібін ашуына да мұрындық болады. – Бизнес-мектепте сту­дент­теріміз экономиканың нақты секторында жұмыс істеп жүрген кәсіп­керлерден тәжірибелік-тағы­лым­дық білім алады. Ең бастысы, оқыту тегін және мектепті сәтті тәмамдаған студентке арнайы сер­тификат беріледі, – дейді Сту­дент­тер мен кәсіпкерлер альянсы­ның төрағасы Жасұлан Алпысбаев. Жиын барысында сөз алған Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасы Рудный қалалық филиалының директоры Серікбай Әбілғазиев пен Кәсіпкерлікті қолдау орталығының менеджері Ольга Прядко игі бастамаға табыс тілеп, өз тарапынан студент­терге ақпараттық және консуль­тация­лық көмек көрсетуге әрдайым дайын екендіктерін жеткізді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». РУДНЫЙ.