13 Ақпан, 2015

Еуропа әлі ентігу үстінде

264 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Еуропаны жайлап алған қаржы-экономикалық дағдарыстың әлі аяқталар түрі көрінбейді. Бірқатар сарапшылар жалпы жағдайды біршама жақсарды деп есептегенімен кәрі құрлықтың кейбір өңірлерінде халықтың күйзелуі одан әрі жалғасуда. Грекия бұрынғысынша – дағдарыстың басты ошағы. Басқа да шағын елдердің жағдайы оңалып кете қоймағандығы сезіледі. Өйткені, қазіргі интернет шырмауығы осы өңірдегі жағдайдың қиындағандығы туралы жағымсыз хабарларға толып жүр. Солардың бірсыпырасын баяндай кетейік.

Көмек көрсетуді кейінге қалдырды

Грекия-1-1Еуроаймақ елдері қаржы министрлерінің кеңесі кешегі күні болып өткен отырыстарында Грекияға қаржы көмегін көрсету жөніндегі мәселені талқылап, бірақ бір қорытындыға келе алмады. Сөй­тіп, осы мәселенің шешімі келесі аптаның дүйсенбісі күні тағы талқыланатын болды. Еуропалық  одақтың дипломаттары және грек тарабы мәселе сол күні шешіледі дегендей үмітпен тарасты. Еуропалық топтың жетекшісі Йерун Дейсельблумның атап өтке­ніндей, көмек ұсынушы қаржы инсти­туттары Грекияның жаңа бас­шы­лығымен жұмыс істеуге әзір екендіктерін білдірген. Бірақ ол үшін саяси қорытынды қажет болады. Оның айтуынша, мәселені талқылау барысында Грекияға көмек көрсетуді одан әрі жалғастыру отырысқа қатысу­шылардың көпшілік бөлігі үшін тиімді нұсқа екендігі айқын сезілген. Ал Грекияның қаржы министрі Яннис Варуфакистің сөзімен айтсақ, екі жақтың қатысуымен өткен талқылаудың өзі о баста нақты бір қорытындыға келуді көздемеген болатын. Дегенмен, осының өзін «кон­структивті» деп бағалауға болады. Осы ақпаратты таратқан Рейтер агенттігі тілшісінің Еуропалық одақ тарапынан қатысқан дипломаттан білгеніндей, Грекияға материалдық көмек көрсетуді жалғастыру туралы мәлімдеме әзір болған еді. Алай­да, Грекия делегациясы оған келісім бере қоймаған. Мәселені талқылау барысында Грекия өкіл­дері Афинамен телефон арқылы байланысып, өзара кеңескен. Еуропалық топтың Грекия жөніндегі кезектен тыс отырысына Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард, Еуропалық орталық банктің басшысы Марио Драги, Экономикалық және қаржы істері жөніндегі еурокомиссар  Пьер Московичи қатысқан. Егер оқиғаның өрбу барысына қайта оралатын болсақ, үстіміздегі жылдың 1 ақпаны күні Грекияның жаңа қаржы министрі Яннис Варуфакис өз елінің бұдан былай өздерін борышқа бел­шесінен батырған несиені алмай­тындықтарын  мәлімдеген болатын. «Грекияның ағымдағы берешектерін өтеу ісі экономикалық өсіммен байланыстырылуы керек. Әйтпеген жағдайда, Афина бұдан бы­лайғы уақытта еуропалық несие берушілер «үштігімен» (Еу­ропалық одақ, Еуропалық орталық банк, Халықаралық валюта қо­ры) ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүлдем құлықсыз», деген болатын ол. Грекияның Еуропалық одақпен ара қатынасы осы елде 25 қаңтар күні өткен парламенттік сайлауда әсіре солшылдардың СИРИЗА партиясы жеңіске жеткен сәттен бастап нашарлаған болатын. Осы партия құрған Алексис Ципрастың жаңа үкіметі еуропалық қарыз берушілер үштігінен дағдарыстың әбден қызған сәтінде берілген 320 млрд. доллардың қарызын кешіруді талап етті. Алайда, Еуропалық одақ, сондай-ақ Еуропалық орталық банк Грекияның қарызын кешіруге де, тіпті оны қайта құрылымдауға да қатыса алмайтындықтарын мәлімдеген болатын.

Испания королі өз еңбекақысын қысқартты

Испания-1Испания королі Филипп VІ өзінің жалақысын қысқарту жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп, ол өзінің алдында король болған Хуан Карлостың кезіндегі жалақыға қарағанда 20 пайыз аз алатын болды. Нақтырағын айтсақ, ол енді салықтық алымды есепке алмағанда жылына  234 мың еуро табады. Бұл бұрынғы жалақыдан 58 мың еуроға аз. Король отбасының басқа мү­шелерінің табыстары да король еңбекақысына байланысты болғандықтан, олардың кірістері де қысқара түсетін болады. Мәселен, Хуан Карлос биылғы жылы 36 пайызға аз табыс табады. Ал королева  Литистің жалақысы 26 пайызға, королева Софияныкі 20 пайызға қысқара түседі. Король отбасының және корольдік әкімшіліктің шығын­дарына биылғы жылы мемлекеттік бюджеттен 7,8 миллион еуро қарастырылған. Бұл былтырғы жылдың шығындарымен сәйкес көрсеткіш. Король отбасы мүшелерінің жалақыларының қысқаруы король­дік әкімшілік үшін жаңа ақ­параттық технологияларды енгізу шығындарының артуы есебінен өтелетін болады.

Латвияда жұмыссыздар көбейді

Латвия-1-1Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Латвияда тіркелген жұ­мыссыздық деңгейі елдегі экономикалық белсенді халықтың 9 пайызын құрады. Бұл өткен жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіштен 0,5 пайызға артық. Латвияның жұмыспен қам­ту жөніндегі мемлекеттік агенттігінің хабарлағанындай, елдегі ең төменгі жұмыссыздық деңгейі Рига аймағында тіркеліп отыр. Ол 5,5 пайызды құрайды. Бұл өткен жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіштен 0,3 пайызға артық. Ең жоғары жұмыссыздық Латгалияға тиесілі. Мұнда ол 18,5 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш те өткен жылдың желтоқсанындағыдан 0,7 пайызға артық. Курземеде жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың желтоқ­санында 10,7 пайызды құраса, қазір енді 11,4 пайызға жетіп отыр. Видземеде бұрын 9,9 пайыз болса, қазір – 10,4 пайыз. Земгаледе – 9 пайыз. Бұл да өткен жылдың желтоқсанындағы көрсеткіштен 0,7 пайызға артық. Рига қаласының өзінде қаң­тардағы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыз болса, бұл көрсеткіш Юрмалада – 6,3 пайыз, Елгавада – 6,9 пайыз, Валмиерада – 7,2 пайыз, Вентспилсте – 9,3 пайыз, Дау­гавпилсте – 10,2 пайыз, Екабпилсте – 11,2 пайыз, Лиепайда – 13 пайыз, Резекнеде 15,8 пайыз болды. Жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік агенттік осының алдында қысқа қарай жұмыссыздық деңгейінің арта түсетіндігі туралы болжам жасаған еді. Өйткені, осы кезеңде жазғы маусымдық жұмыстардың қысқарып, құ­рылыс саласында тыныштық ор­найтындығы белгілі. Осыған байланысты агенттік наурыз айында жаңа жұмыс көздерінің ашылатындығын, ал жұмыссыздар санының азаюы сәуір мен маусым айының аралығында белсенді сипат алатындығын айтып, халықты жұбату үстінде.

Румыниядағы ипотекалық құлдырау

Румыния-1-1Жеке меншікке үй сатып алу жағдайы әр адам үшін өмірдің бақытты сәтін білдіретіндігі түсінікті. Ал Румынияның 75 мың азаматы үшін ол нағыз қиындықтың тұзағына айналып отыр. Мұның себебі, Швейцарияның ұлттық банкі қаңтар айында франктың еуроға қатынасын төмендету жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұл бағам айырмашылығының күрт артуына әкелді де франкпен алынған ипотекалық несиелер қымбаттап шыға келді. Франкпен ипотекалық несие алу бұрын Еуропаның шығыс өңіріндегі елдері үшін барынша тиімді болып келген болатын. Олар осы арқылы бағам айырмашылығының тербелуі кезінде біршама жағымды жағдайға ие болған еді. Ал енді мүлде керісінше болып отыр. «Енді менің үйімді алып қоятын шығар деп қорқамын. Өйткені, басқа бір тиімді нұсқаны көре алмай отырмын. Қазіргі бағам бойынша 740 франкты төлеп отыру біздің жалпы кірісімізден ұлттық валюта бойынша алғанда 4 000 леевті жеп қойып отыр. Енді бірдемені жоспарлаудың өзі де мүмкін емес. Менің дәл қазіргі көңілімде үйден айырыламын-ау деген қорқыныштан басқа түк те жоқ», дейді 37 жастағы Даниэла Горнеа. Ол, әсіресе, осы жағдайға байланысты екі баласының бола­шағы үшін алаңдайтынын жеткізді. Бір жақсысы, отбасына несиені қайта құрылымдаудың сәті түскен екен. Осы арқылы несиенің айлық өтемі 740 франктан 400 франкқа дейін төмендетілген. Бірақ бір қиыны осы 400 франктың 371-і тек қана несиенің сыйақы пайызын өтеу үшін ғана жұмсалады екен. Сонда негізгі қарыздың қалай өтелетінінің өзі түсініксіз. Басқадай шығындарды азайту үшін бұл отбасы қазіргі күні үйдегі жылу батареяларының көпшілігін өшіріп тастаған. Тіпті, тамақтың өзінен де қатты үнемдеп, оны негізінен деревняда тұратын туыстарынан алатын болған. Швейцариялық франкпен ипотека алушылардың көпшілігі ерте уақыттары оның қызығын әбден көргендерін айтады. Мәселен, осыдан 20-30 жыл бұрын 2008 жылғы дағдарысқа дейінгі кезең ішінде бұл несие түрінің сыйақы ставкасы бар болғаны 3,5 пайызды құраған екен. Ал енді еуроға есептеген кезде, сыйақы ставкасы 8 пайызға дейін жетіп отыр. Міне, осы жағдай румындарға үлкен әсер етуде. Сарапшылардың сөзіне қа­рағанда, көрші елдердегі жағдай да оңып тұрмаған секілді. Осыған байланысты әр ел өзінше шаралар қолданып жатқан көрінеді. Мәселен, Венгрия үкіметі банк­терді алынған несиелерді Швейцариялық франктың былтырғы бағамымен конверттеу жөнінде міндеттесе, Хорватия үкіметі ұлттық валюталары – кунның франкке бұрынғы бағамын өзгертпеу жөнінде шешім қабылдаған. Өйткені, бұл елде де 60 мың ипотекалық несие алушы бар екен. Үкімет олардың жағдайының күрт құлдырап кетуінен сақтанып отыр. Әзірлеген Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».