Отанымыздың білім, ғылым саласындағы өткен жылғы жетістіктер мен биылғы атқаратын жұмыстар, алдағы міндеттер туралы Білім және ғылым министрлігінің алқа жиыны кеше Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өтті.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған тапсырмаларды орындау жолындағы жоба-жоспарға қысқаша тоқталып, мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту, орта білім беру саласы, кәсіптік білімнің жай-күйі, жоғары оқу орындарының тыныс-тіршілігі, ғылыми ізденістердің нәтижесі туралы айтып, балабақша мәселесін шешу үшін 2015-2017 жылдары Ұлттық қордан 20 миллиард теңге бөлінетінін, оған 36 ғимарат салынатынын атап өтті. Мектептер бойынша да мәліметтер келтірілді.
Өткен жылы 50 апатты және 27 үш ауысымды мектептің проблемасы оң жолға түсіпті. Сөйтіп, апатты мектептер саны 136-ға, үш ауысымды мектептер 99-ға төмендепті. Техникалық және кәсіптік білім беруді, дуалды оқыту жүйесінің элементтерін еске салды. Елімізде 127 жоғары оқу орны бар көрінеді. 341 ғылыми ұйымдар болса, оған бөлінген қаржы жыл сайын өсіп, нақтылай түссек, 2010 жылы 20 миллиард, 2013 жылы 53 миллиард теңгеге, яғни екі есе өсіпті.
Бұл жолғы алқаның бір ерекшелігі іскерлік жағдайында өткені дер едік. Жұрттың қалғып кеткеніне қарамай ұзын-сонар баяндама жасап, бәрін тындырдық дегендерге орынды тосқауылдар қойылып отырды. Кей тұста, «қол соғушылар да» табылып жатты. Әсіресе, Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев: «Білім стандарттары қашан тиянақталады, көп жұртты алаң етіп отырған оқулықты оңалту жайы қалай? Дуалды оқыту қашанға дейін сөз жүзінде қала береді? Мамандық таңдау ісіндегі толғақты мәселелер қашан бір жүйеге түседі? Ғылым саласына миллиардтаған теңге қарастырылса, оның нәтижесін қандай нақты мысалмен дәйектеуге болады?», деген сұрақтарды министрге төтесінен қойды. Ол кейбір жауаптарға қанағаттанбағанын жасыра алмады.
Алқа қорытындысында, Бердібек Сапарбаев Президенттің қай кезде де білім мен ғылымға баса көңіл бөліп келе жатқанына нақты мысалдар келтіріп, мемлекеттің ұлттың дамуы білімді азаматқа байланысты екенін тілге тиек етіп, біздегі басты олқылық талдау мен бақылаудың жетпей жататындығын атады. Министрдің білім стандарты биыл тек бастауыш емес, жоғары сыныптар бойынша да аяқталады дегенін құптап, өзі жақсы білетін талай мәліметтерді ойға түсіре отырып, министрлік жергілікті жерлермен сөз жүзінде емес, тікелей іс үстінде байланыс жасау керектігін қадап тұрып айтты. Ол, сонымен бірге, оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету қыркүйек айында орындалады деген байламға келіспейтінін, бұл іс тамызда тиянақталып, 1 қыркүйек күні оқушылардың қолында оқулық болуы қажеттігін тапсырды. Бұлай болмаған жағдайда министрлік пен жергілікті жер арасында түсінбеушіліктер туындап, бірін бірі жазғыратын жағдайлардың өткен жылы орын алғанын еске түсірді.
Министрлік шенеуніктері бар жұмысы жергілікті жерлерге телефон арқылы, не қаптаған хаттармен жүргізуді әдетке айналдырғанын, енді осындай тәсілмен мәлімет жинап, сұрағандарға соны үлестіріп отыра беруді тоқтату жайын қозғады. Дуалды оқыту 2008 жылы басталғанын, содан бері шешімін таппауы қалай деп, алқа басталар алдында министрлікпен «Базис-А», «Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы» компаниялары арасында Астана қаласындағы Құрылыс-техникалық колледжін және Қарағанды қаласындағы политехникалық колледжін басқаруды тапсыру бойынша меморандумға қол қойылғанын атап айтып, мұндай қол қоюлардан кейде нәтиже болмайтынын, келмеске кеткен кеңес дәуірінде үлкен зауыт, фабрикалардың қасында маман дайындайтын училищелер жұмыс істегенін дәйекке келтірді. Ол, сонымен бірге, шағын мектептер жайына да көңіл бөліп, егер бұл туралы жан-жақты зерттеулер жасамасақ, болашақта кейбір ауылдарды мүлде жойып алу қаупі барын, білім ұяларын интернетпен қамтамасыз ету 98 пайыз деген көрсеткіштің өзі толық шындыққа сай келмейтінін, оны елді мекендерді өз көзімен барып көргендер растай алатынын, интерактивті тақтаның да жағдайы көңіл көншітпейтінін атап өтті.
Сонымен, білім, ғылым саласына арналған алқа жиыны көтеріле мақтану мен көп цифрларға жүгініп, соны малдану тұрғысында емес, іскерлік жағдайында жалғасқанын айтуға тиістіміз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».