30 Маусым, 2010

СОҒЫС СУРЕТТЕРІ

1064 рет
көрсетілді
48 мин
оқу үшін
Неміс әде­бие­тінің белді өкі­лі, новелла жанрының ше­бері, ақын, дра-матург Воль­фганг Бор­херт (1921-1947жж.) адамзатқа фа­шизм әкелген ауыр зардапты өткір әш­ке­ре­ле­ген гуманист-жазушы. Ол өз елінде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалып­тасқан жаңа бағыттағы әде­биет­тің негізін салушы ретінде та­нылған. Май­даннан ауыр дертпен оралған В.Борхерт екі жыл өмір мен өлім тайталасында жүріп, көптеген көркем шығармалар жазып, артына мол мұра қалдырған қалам қайраткері. Соның ішінде “Жабық есік ал­дындағы жалғыз” ат­ты дра­­масы оны әлем­­ге та­ныт­ты. Өзі көз жұм­ған соң пьеса Батыс және Шы­ғыс Гер­­­мания театр­ларында жап­пай қойылды. Көп­­теген ше­тел тілдеріне ауда­рылып, Цюрих, Осло, Нью-Йорк, Париж, То­кио, Лондон, Белград театр­ларында сахналанды. Биылғы Гер­манияның Қазақ­стандағы жылына орай қаламгердің бірнеше әң­гі­ме­лерін белгілі жа­зушы Шәрбану Бейсенованың аударуымен оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік. ВОЛЬФГАНГ БОРХЕРТ

НЫСАНАҒА ТІГІЛГЕН БАСТАР

Екі жігіт жандәрмен өңкеңдеп жер қазып жатыр. Әжептәуір кең шұңқыр лезде пайда болды. Өзі тіпті жайлы екен. Кеңдігі көрдей. Айтып-айтпай не керек, өздеріне жарап жатыр. Олардың қол пулеметі бар. Оны белгі­сіз уақытта беймәлім біреу кісі ату үшін ой­лап тапқан. Енді бұлардың қолында қылпып тұр. Ал атылуға тиіс құрбандарды олар танып-білген емес. Өздері ұғынықсыз бөтен тілде сөйлейді. Бұлардың алдында қылдай қиянаты, еш жазығы жоқ міскіндер олар. Бірақ атуың керек. Бұйрық солай! Біреу: “Атыңдар!” деген жарлық шығарған. Тегіс жусатып тастау үшін әлдекім минутына алпыстан астам оқ жаудырар пулеметті ойлап тапқан. Осы тапқырлығы үшін марапатқа бөленіп, сый-сияпатқа ие болған. Екі жігіт жатқан жерден әрі таман басқа шұңқыр бар. Одан анда-санда бір бас қылт ете қалады. Кәдімгі адамның басы. Олар да – мына жарық күнді, зеңгір көк аспанды, жайқалған гүлдерді көретін көзі, даланың керімсал ауасын жұтып, сұлулардың әдемі әтірінің иісін сезетін мұрыны, қысылғанда анасы мен сүйгенін аузына алар тіл мен жағы бар, қара су мен қара нанды талғажау етер тесік өзекті пенделер. Пулеметші жігіттердің бірі әлгі басты көре сала: – Ат! – деп бұйырды екіншісіне. Ол көздеп тұрып атып кеп жіберді. Бас мұрттай ұшты. Ол енді мына жарық сәулені, зеңгір көк аспанды, алтын күннің сынығын мәңгі көре алмайды. Оның енді салқын самал саф ауаны жұтып, сүйгенін құшырлана шашынан иіскей алмасы анық. Ол енді: “Қайран менің анашым”, – деп ешқашан айта алмақ емес. Ешқашан! Екі жігіт өздері қазған жердің жыртығына тығылып алып, ұзақ отырды. Осы аралықта қаншама басты қағып тастай берді. Ол бастардың иесін бұлар мүлде танымайтын. Олардың қылдай қиянаты, еш жазығы жоқ еді бұлардың алдында. Өзгесін қойып, тілдерін де түсінбейтін. Алайда, әлдекім, минутына алпыстан астам оқ жаудыратын пулемет ойлап тапқан. Әлдебіреу “Осымен атыңдар” – деп бұйрық берген. Екі жігіт жердің жыртығында жатып алып, көптеген бастың түбіне жетті. Егер олар қаққан бастарды жинап, үйер болса, үлкен тау шығатын шығар. Олар түнде ұйықтап жатқанда әлгі тау боп үйілген бастар сатыр-сұтыр домалап, бір-бірімен жарыса, қағыса бұларға қарай тура заулайтын секілді. Олар осы дыбыстан шошып оянатын. – Бұйрық осылай, – деді екі жігіттің бірі сыбырлай. – Бәрібір олардың көзін жойған біз, – деді екіншісі айқайлап. – Бұл енді сұмдық болды, – деді алғашқысы күйзелген үнмен. – Кейде қызық үшін де аттық емес пе! – деді оған серігі қарқылдай күліп. – Жоқ, атама, – деп айғайлады сыбырлаған дауыс. – Дегенмен, – дейді екіншісі, – қызық көріп, кейде еріккеннен де атқанымыз рас қой. Ермек үшін... Олар түнімен көз ілмей шықты. Ұйқы безіп кеткен. Біреуі әлден уақытта: – Бізді құдай осылай оқ атуға жаратқан, ­– деді масаттанып. – Жалаңды жоқ құдайға жаппа. – Немене, сонда құдайдың болмағаны ма? – Оның бар бақыты мен абыройы сол жоқтығында болып тұр-ау. – Ал, біз, біз ше? Біз бармыз ғой. – Иә, біз бармыз. Сондықтан осы сойқанның бар машақатымен әуре-сарсаңы жоқ құдайдан емес, тірілерден түбі бір сұралатын шығар-ау... – А-а-а? Қылтиған бастарды неғұрлым көбірек қағу керек деп бұйрық алған екі жігіт түнімен көз ілмеді. Көздерін жұмса болды, өздері қаққан қу бастар жолындағыларға қағыла-соғыла қаңғырлап бұларға қарай заулап келе жататын болған. Сонда біреуі тұрып: – Біздің ісіміз оңалудан кеткен. Күнәһармыз, – деді. – Иә, күнәға белшемізден баттық, - деді екіншісі. – Жә, жеткілікті, – деді біреуі демде дауысын қатайтып, – қайтер екен десем, бордай үгіліп, елжіреп барасың ғой... Іске кіріселік. Екеуі де орындарынан ширақ тұрып, пулеметке жармасты. Қылтиған басты көріп, төпеп оқ жау­дырды. Қашанғы дағды бойынша. Ал, ат­қан адамдарын олар танып-білген емес. Өмірі көрмеген, бұлардың алдында ешқан­дай жазығы жоқ жандар еді. Бірақ бұлар атуға тиіс. Сол үшін әлдебіреу пулемет ойлап тапқан. Онысына және мол сый-сияпат алып, қошемет-құрметке бөленген. Ал, әлдекім: “Атыңдар” деп бұйрық берген. ...Пулемет сақылдап атылып жатыр, атылып жатыр. Бастар домалап жатыр, домалап жатыр... ОСЫ СЕЙСЕНБІДЕ Әр аптаның сейсенбісі келеді. Бір жыл ішінде ол елу шақты күн шығар. Соғыс уақытында да сейсенбі күндері өте көп болды… Осы сейсенбіде олар сынып тақтасына бас әріптен басталатын сөздерді жазып үйреніп жатқан. Мұғалима өзінің қалың көзілдірігінің ар жағынан оларға сүзіле қарайды. Көзілдірігі жақтаусыз еді. Шынысының қалыңдығы соншалықты, оның көзіндегі ашу табы анық көрінбейді. Қырық екі қыз тақта алдында отырып, бас әріппен жазылатын сөздерді көшіріп, жаттығуда. “Қарт Фрицтің темір саптаяғы бар. Үлкен Берта Парижді атқылады. Со­ғыс уақытында әкелердің бәрі – солдат”. Улла жазып болып, тілінің ұшын мұрнына жеткізе созып, ойнай бастады. Бірақ мұғалима оны байқап қалып, жанына келіп, жазуын тексерген. – Улла сен “солдат” сөзін “а” әрпі ар­қы­лы жазыпсың. Есіңде болсын, “сол­дат” сөзі “соғыс” сөзі сияқты “о” әрпі арқылы жазылады. Саған бұл туралы қаншама рет қайталап айтуға болады?! – деп мұғалима журналды алып, Улланың атының тұсына дәу белгі соғып қойды. – Ертең үйден осы мәтінді он рет қатесіз көшіріп жазып келетін бол. Тек, әдемілеп таза жаз, түсіндің бе? – деді пысықтап. Ішінен түсінбейтін несі бар деп ойлаған Улла: – Иә, ұқтым бәрін, – десе де енді бұл төрт көз қыр соңымнан қалмайтын болды-ау деп томсырайды. Аулада шықы­лықтаған шымшық торғайлар балалар­дың ертеңгі асынан қалған қоқымды шо­қып жеп жатты... Осы сейсенбіде лейтенант Элерске батальон коман­дирі­не келсін деген бұй­рық түсті. – Сізге мына қызыл мойын­ора­ғышты шешіп тастау керек, Элерс мырза. – Неліктен, ма­йор мырза? – Шешуге тура келеді, лейтенант Элерс. Екінші ро­т­а­да­ғылар сән­қой­лар­ды онша жақ­тыра қой­майды. – Мені екінші ротаға ауыстыратын болды ма? – Иә. Әрі ол жер­де бипазданып, сән­денгендерді жа­рат­пайды. Әйт­пе­генде, сіз олар­мен тез тіл табысып кете алмайсыз. Екінші ротаның жігіттері ше­тінен жампоз, кілең сен тұр, мен ата­йынның өзі. Сенің мына қызыл мойынорағыш тағынып, шырттай киініп, шілтиген түріңді көрсе, сенен табанда теріс айналады. Капитан Гессе біртоға, қарапайым киінетін еді ғой, олар соған үйренген. – Немене, Гессе жараланып қалып па? – Жоқ, ол ауырып жатыр. Кейінгі уақытта ұнжырғасы мүлде түсіп кетіпті дейді ғой. Капитан болып алғаш тағайындалған кезде қандай сыптай пысық жігіт еді. Енді не болғанын түсінбедік. Өзінен өзі жүдеп, жүнжіп қожырап кетсе керек. Байқа, Элерс, ротаны бір­ден баурап, игеріп әкетуге тырыс. Гессе өзінің жігіттерін әбден тәрбиелеп тастаған. Ал, мына мойынорағышыңның көзін құрт, ұқтың ба? – Ұқтым! Айтқаныңыз мүлтіксіз орын­далады, майор мырза. – Және жігіттердің түнде темекі тарт­қа­нынан сақ болыңдар. Қараңғыда жылтыраған шоқ басыңды оққа байлап беретін тажал еке­нін естеріңнен шығармаңдар. Жақсы снай­пер­дің қолдары қашанда қышып тұрады. Олардың көздері селт еткенді қалт жібермей, бәрін қарауылға алып, көздеп отыратынын ұмытпа. Өткен аптада снайперлер-ақ біздің бес адамды сұлатып салды. Оқ бәрінің де басынан тиген. Демек, көздеп тұрып атқан. Түсінікті ме? – Дәл солай, майор мырза. Элерс екінші ротаға бара жатып жол-жөнекей қызыл мойынорағышты шешіп алды. Тамағының түймесін ағытып, асықпай шылым шекті. – Рота командирі Элерс, – деп қатты дауыс­тап баяндап болғанынша саңқ етіп атылған оқ дауысы қоса шықты. Қаңғырған оқ емес, көздеп атылған оқ қақ маңдайдан тиіпті. Бар болғаны осы... Осы сейсенбіде Ганзен мырза фрейлейн Северинге қарата: – Жарқыным, Гессеге тағы бір дүркін сәлем-сауқат жіберу керек. Темекі, аузының дәмін алатын тұшымды бірдеңелер және әлдеқандай кітап қосса, артықтық етпес. Әсіресе, қолғап салуды естен шығармаңызшы. Мына қыс біздің жігіттерге оңай соқпай тұр. Өзге-өзге емес, мен оны әбден түсінемін. Сізге алдын ала ризашылығымды білдіремін. Тәңір жарылқасын, сізді, – деген. – Ганзен мырза, оған Гельдерлинді жіберуге бола ма? – Тоқтай тұр, жарқыным, тоқтай тұр! Оған оқуға жеңіл, көңілді нәрсе жіберген жөн. Вильгельм Буш төңірегінде қарастырыңыз. Гессе көңілді нәрсе оқығанды жақсы көретін. Оқып, ішек-сілесі қата күлетінін сіз білуші едіңіз ғой, қалқам. Құдайым-ау, міне, күлкінің қадірін білетін адамның бір сол. – Иә, иә, дұрыс айтасыз, ол күле білетін, – деді фрейлейн Северин оны қостай. Осы сейсенбіде капитан Гессені зембілге салып, санитарлық бақылау бөліміне әкелген. Есікте мынандай жазу тұр: Үлкен бол, кіші бол, Генерал бол, солдат бол, Шашыңмен қоштасар Кез келді, соны біл! Әуелі оның шашын алып тастады. Сани­тардың салалы саусақтары бейне өрмекшінің аяғындай бунақ-бунақ бұратылған ұзын екен. Буындары сәл қызарыңқы көрінеді. Әлгі сау­сақ­тар жыпылдап Гессенің денесін дәрі­хана­ның иісі аңқыған әлдебір сұйықпен әбден сүрт­кіледі. Өрмекші саусақтар оны қоя салып, Гес­сенің тамыр соғысын тексерді, қызуын өл­ше­ді. Дереу қалың кітапқа: “Ыстығы 41,6 градус, тамыр соғысы 116. Науқас есін біл­мейді. Бөрт­пе сүзек пе деген қауіп бар”, – деп жазып қойды. Санитар осымен шаруа тәмам дегендей қалың кітаптың бетін тарс жапты. Кітаптың сыртында: “Смоленск жұқпалы аурулар госпиталі”, одан сәл төменірек “1400 орын”, – деген жазу бар. Гессені зембілмен қайта көтеріп ала жөнелді. Баспалдақпен жоғары көтерілгенде Гессенің тақырлап алынған жылтыр басы бір жағына ауып, бұлғалақтап бара жатты. Ол тақырбас орыс солдатын көргенде әрдайым күлуші еді. Өзінің мына түрін көрмейді-ау! Зембіл көтерген санитардың бірі мұрнын тартқыштай береді, тұмауратып қалған түрі бар. Осы сейсенбіде фрау Гессе өзінің көршісіне келіп, есік қоңырауын басты. Есік ашылған бойда ол күйеуінен келген хатты көрсетіп: – Оған капитан шенін беріпті. Міне, өзі мен капитан болдым, рота командирі етіп тағайындады деп жазыпты. Білесіз бе, ол жақта қырық градус аяз көрінеді. Хаты тоғыз күн жүріпті. Конверттің сыртына: “Жіберуші – капитан Гессе” – деп қол қойыпты, – деді қуанышын жасыра алмай бастырмалата. Келіншек конверт сыртындағы жазуды көрсетпекке көршісіне хатты ұсына берді. Бірақ ол көзінің қиығын да салмады. – Қырық градус аяз де, сорың құрғырлар қалай шыдап жүр екен? – деді бар болғаны. – Қырық градустық аяз! Осы сейсенбіде санитарлық қыз­мет­тің подполковнигі Смоленскідегі жұқ­палы аурулар госпи­талі­нің бас дәрі­герінен: – Күнделікті қан­ша адам көз жұ­мып жатыр? – деп сұрады. – Бес-алтау... – Сұмдық, – деді полковник еңсесі түсіп. – Айтары жоқ ауыр жағдай, – деді бас дәрігер қын­жыла. Әңгімелесіп тұр­ғанда екеуі бір-бірінің көзіне қара­мауға тырысты. Осы сейсенбіде театрда “Сиқырлы флейта” концерті. Фрау Гессе сонда бармаққа жиналып, ернін бояп жатты. Осы сейсенбіде Элизабет медбике өзінің ата-анасына: “Егер құдіретті құдайдың барына сенбесек, мұндайға төзу мүмкін емес”, – деп жазды. Бөлмеге кезекші дәрігер кіргенде ол орнынан тұрды. Дәрігер Ресеймен соғыстың бар тауқыметі өз мойнына түскендей бүкірейіп, еңкіш тартып кеткен. – Мүмкін тағы бірдеме берерміз оған? – деп сұрады ақырын ғана медбике одан. – Жоқ. Оған енді ештеңе көмектеспейді, – деді дәрігер. Мұны айтқанда өзінің дәр­менсіздігіне қысылғандай үні құмығып, баяу шықты. Кейінірек капитан Гессенің денесін пала­тадан алып шықты. Дүрс еткізіп тастай салған дыбыс естілді. – Күндегісі осы... Мәйітті апарып ақырын жатқызуға болмай ма тегі? Үнемі осылай лақтырып тастай береді, – деді бір науқас зығырданы қайнап. – Өлдің Мамай, қор болдың деген осы, – деді оған көршісі ән ырғағына салып. Кезекші дәрігер бір төсектен кейін екін­шісіне жақындап, науқастарды аралап жүр. Күндегі дағдысы осы. Күні-түні осылай. Күн демей, түн демей аурулар арасында бүкшең қағып жүргені. Ресеймен соғыстың бар азабы мен тозағы тап бір өзінің иығына түскендей белі бүкірейіп алып, екі аяққа дамыл бермейді. Дәлізде зембіл көтерген екі санитар сүрініп-қабынып, ары-бері безектеуде. – Бүгін осымен төртіншісі капут, – деді тұмау тиген санитар мұрнын қорс-қорс тартып. Осы сейсенбіде кешкісін Улла өзінің үй жұмысы дәптеріне: “Соғыс уақытында әкелер­дің бәрі – солдат... Соғыс уақытында әке­лердің бәрі – солдат...”, – деп жаза бас­тады. Ол осы сөйлемді он қайтара жазып шықты. Әр жолы бас әріптен бастады. “Солдат” сөзін “соғыс” сөзі сияқты “о” әрпі арқылы қатесіз жазды. ОРЫС ОРМАНЫНДАҒЫ ЕКЕУ Ағаш бұтақтары қар салмағын ауырсынғандай майыса, иіле салбырап қалған. Орыс орманында қарауылда тұрған автоматты жігіт ән салды. Оның күзет орны бөлімнен көп ілгері жылжып, алға ұмсына орналасқан. Ол рождество мейрамы кезінде ғана айтылар әнді айта бастады. Қазір ақпан айы екені есіне кіріп те шықпады. Бұл оның басынан аяғына шейін жақсы білетін жалғыз әні еді. Ол әнді әншілігі қысып бара жатқаннан айтып тұрған жоқ. Ол мына қалың қар жапқан меңіреу орманда бойын билеген үрейді басу үшін айтатындай. Қарауытқан ағаш діңдерінің ортан беліне шейін қар көмкерген. Бұта-бұтаға қонақтаған қар бейне шүйкелеген мақтадай үйме-жүйме ұйлыға түсіпті. Қысқы орманда қар мұншама көп болатынын кім көріп, білген? Айнала тегіс аппақ. Тіп-тік қара сұр, қожыр-қожыр ағаш діңдерінің өзіне қар ұлпа мамықтай жабысып алған. Дыбыс атаулының бәрін осы қалың қар бүркеп астына басып, төңіректі тұтас мүлгіген тыныштыққа айналдырып жібергендей. Тау-тау қар. Әлем тек қардан тұратындай, сол қар мұхитында жалғыз қалған автоматты жігіт рождество әнін шырқата айтады. Ақпан айы туғалы қашан... Анда-санда автоматтан оқ жаудырып қояды. Өйтпесе, бұл сайтан алғыр қатып қалатын көрінеді. Алдыңғы жаққа кезеніп атады. Атайын деп атпайды, автоматы қатып қалмас үшін атады ғой. Бұта-бұтаға да атуға болады. Анау бір жақындау бұтаға атса да болар еді, әйтеуір онда ешкім жоғын білесің. Көңілін осы орнықтырады. Ширек сағат сайын гүмпілдетіп ата берді. Әйтпегенде автоматы қатып қалады. Бар ермегі осы. Атқан кезде сәл де болса, меңіреу тыныштық серпілетін секілді. Өзінің алдында қарауылда тұрған жігіт айтқан мұны. Ол өзі тағы бірталай кептердің басын шалған: “...Шлемнің ішіндегі телпегіңнің құлағын түріп қой. Бұл – полк бойынша берілген бұйрық. Күзетте тұрғанда құлақты әсте жабуға болмайды. Әйтпесе, ештеңе естімейсің. Бұл – бұйрық! – деген. – Бірақ, бұл арада бәрі-бір еститін де ешнәрсе жоқ. Айнала мүлгіген тыныштық. Тырс еткен дыбыстан ада, айлап құлаққа ұрған танадай меңірейген мылқау ор­ман. Көңіліңді селт еткізер ошаң еткен бір­нәрсе көзіңе түссеші. Сол үшін дүркін-дүркін сақылдатып автоматтан оқ жаудыр, көңілің бөлінеді”, – деген кетіп бара жатып, тағы да. Ол бөлімге жөнелген. Бұл жалғыз қалды. Ол шлемін шешіп, телпегінің құлағын түріп қойды. Суық ауа демде құлақ-шекеден бүре түсті. Ол күзетте жалғыз өзі тұр. Қардан ағаш біткеннің бұтақтары ауырсына иіліп, майыса түскен. Тіпті діңінің ортан беліне шейін қар астында қалған. Бұта-бұтаға қонақтаған үйме-жүйме мол қар астына әлдене жасырынғандай ерекше дүңкиеді. Қар мұнша көп жауар ма? Ойлы-қырлы жерлерді толтыра тегістеп тастаған. Ойы қайсы, қыры қайсы айырып болмастай аппақ дүние. Сабалақ қарағай­лардың етегін көмкере басып қалған. Ой да қар, қыр да қар, тау да қар, тас та қар, ағаш та қар, қар, қар. Бұның өзі тұрған аяқ астын­дағы қар да үнсіз үрей туғызғандай. Қалың қар жапқан орманда қауіптің қай жағыңнан келері белгісіз. Мүмкін ол алыста. Бәлкім, ол қатер тура артыңда, желке тұсыңда тұруы да кәдік. Қар оның жүрген ізін бүркемелеп, дыбысын шығартпайтындай. Бүгін автомат арқалаған жігіттің қар жапқан жат әлемнің бір меңіреу түкпірінде алғаш рет жападан жалғыз күзетке шыққан күні еді. Жүрегі құрғыр секемденіп, бәрінен қауіп ойлайды. Жер үстін, аспан астын тұтастай қар торлап алғандай. Қыстың аязды, қыраулы түні тіршілік атаулының баршасын жалмап-жұтып, меңіреу, тылсым тыныштық уыздай ұйып, тынып қалғандай. Сол тыныштықты өз жүрегінің аттай тулаған қатты дүрсілі бұзып, шеке тамыры солқылдап, құлағы шыңылдап, гуілдеп қоя берді. Бәрі қардан, мына сірескен қардың кесірі деп ойлады. Ешнәрсенің үнін шығармай, тұншықтырып тұрған осы қар. Қар... Кенет, өксік аралас ішін тартқан бір үн талып жеткендей. Сол жағынан шығатын тәрізді. Алдыңғы жақтан. Жоқ, оң жағынан. Тағы солынан. Міне, тура артынан. Автоматты жігіт жотасынан мың сан құмырсқа жүгіріп өткендей бойы мұздап, демін ішіне тартқан қалпы қатты да қалды. Тағы анық естіді, уһлеп күрсінетіндей. Құлағындағы гуілі толассыз гүрсілге ұласқандай. Бірдеңе ішін тартып, адамның төбе құйқасын шымырлатып ұлитын сияқты. Ол шинелінің жағасын түсіріп, құлағын ашуға оқталған. Ағаштай қатып, сіресіп қалған саусақтар икемге келер емес. Жағасын түсірген болды. Тағы да естіді. Тап жанында әлдене өкси күрсінетіндей. Оның бойын суық тер жауып қоя берді. Маңдайынан шып-шып шыққан тер демде мұз моншақтарға айналып қата бастады. Қырық екі градус аяз болатын. Шлем астында тері қатып, жігіттің басын мұз құрсаулай бастағандай. Ішін тартқан сұңқылдаған өксікті үн тағы шықты. Арт жағынан. Жоқ оң қапталдан. Алысырақ алдыңғы жақтан. Қайта тап жанынан. Біресе алыстан, біресе жақыннан... Қалың қар жапқан орыс орманының арасында жалғыз өзі күзетте тұрған автоматты жігітке уақыт өтіп болмады. Жер де, көк те ақ мұнарға оранғандай. Ағаш бұтақтары қар салмағын көтере алмай майысады, қайсыбірі жермен-жексен жатып қалған. Шеке тамыры солқылдай соғып, қаны басына шапты. Шлем астында шүмектеп тұ­рып терледі. Өйткені өксікті, ішін тартқан, күңірене күрсінген үн маза берер емес. Ненің үні, кімнің үні айыру қиын. Аппақ қардан ешнәрсе көрін­бей­ді. Үннің қайдан шы­ғатыны тағы белгісіз. Содан бойы қалтырап, сұмдық үрей биледі, тер басып, жан шығайын деді. Маңдай тері қата бастады. Үрейлі үн құлағының дәл түбінен шығатындай. Сол үрейді алып, естен тандырар өксікті естімеу үшін ол ән бастаған. Ол өз бойындағы үрейді жеңіп, ішін тартқан сұңқылдаған үнді естімеу үшін әнді бар дауысымен қатты айта берді. Рождество әнін толассыз шырқады. Әншілігі қысып бара жатқаннан айтып тұрған жоқ, әлгі бойын билеген үрейді қуалап, сұң­қылдаған үнді естімеу үшін қатты созады дауы­сын. Ештеңе естімеу үшін, қайтадан суық тер баспас үшін ол бір әнді айта берді, айта берді. Ішін тартып ұлыған үнді енді естімеді. Ол үн рождество әнінің астында қалғандай. Ақылдан адастырып, естен тандырар өксік сап тиыл­ғандай. Ол орыс орманының ортасында тұрып, рождество әнін армансыз шырқады. Өйткені, айнала үйілген үйме-жүйме қар, шегі де, шеті де жоқ орман, ағаш бұтақтары қар салмағын көтере алмай майысады. Уһлеген үн бәлкім сол бұтақтардың зары ма екен? Әлде күрсінген орман ба еді? Көздемей-ақ атқан оғы ағашқа тиіп жатуы мүмкін-ау. Оның да жаны бар шығар. Ағаш деген не тәйірі, бұлар адам атуға келген жоқ па? Оның ойы шатаса бас­тағандай. Ненің үні болса, соның үні болсын, бұл қай­тып естімесе болды. Кісінің төбе құй­қасы шы­мырлағандай. Соның бәрі мына дү­ниені тегіс бүркеп, астына басып алған қалың қардың кесірі. Бәлкім ол ішін тартқан жер ме екен?.. Қар салмағын көтере алмаған бұтақ сарт сынды. Автоматты жігіт тына қалды. Жан-жағына алақтай қараған ол жалма-жан револьверін суырып алды. Алыстан қарды сықырлата басқан аяқ дыбысын естіді. Ол ақырын бұрылып, қорқақтай артына қараған. Өзіне қарай қатты адымдай жүгіріп келе жатқан фельдфебельді көрді. “Бәрі бітті. Құрыған жерім осы шығар, – деп ойлаған автоматты жігіт. – Мен қарауылда тұрғанда ән салып, тәртіпті өрескел бұздым. Мені енді атады. Әне, фельдфебель жүгіріп келеді. Жүгіргенде қандай аяғы-аяғына жұқпайды. Мен ән салып, тәртіп бұздым. Қазір келіп мені атып тастайды”. Осылай деп ойлаған ол револьверін бұрынғысынан да қыса түсті. Осы кезде фельдфебель де келіп жеткен. Тап қасына келіп, ентіге тоқтады. Жан-жағына алақтай қарап, дегбірі қашып тұр. Жүзі әлемтапырақ бұзылып, күлбеттеніп кеткен. Келген бойда автоматты жігітті бас салып, тастай құшақтап алды. Ол тынысы ауырлап, алқына демігіп: – Ұсташы мені, қатты ұсташы, жігітім. О, құдай, өзің сақтай гөр! Құдай-ау, мен есімнен адасып, есалаң болайын дедім бе? Ол жан-жағына алақтауын қояр емес. Қолын оңды-солды сермей береді. Ерсілеу күле бастады. Күлкісін сап тиып: – Жібермей қатты ұсташы мені. Маған бір нәрсе көрінген шығар. Бәрі мынау меңіреу орманның кесірінен. Мен бөгде дауысты еститін болдым. Мына қарғыс атқан қалың орманда рождество әнінің сарыны құлағыма келеді. Беймезгіл уақтағы қайдағы рождество? Қазір ақпан айы емес пе? Орыс орманында қаңғырған қайдағы рождество әні? Әлі құлағымда тұр! Созып тұрып, шырқап салатын өзіміздің рождество әні! Құдай-ау маған не болды? Жігіт, мені қатты қысып, жібермей ұсташы. Босап кетсем, мен өзімнің не істеп, не қоятынымды білмеймін. Міне, басылған сияқты. Бәрібір ұста мені. Тек, сен күле көрмеші, – деп жалына бастады фельдфебель әлі де ентігін баса алмаған қалпы. Өзі жігіттен қолын ажыратар емес, тас қылып құшақтаған күйі қалшиып тұр. – Түсінесің бе, сен күлме?! Бұл ұзақ уақытқа созылған меңіреу тыныштықтың әсерінен. Айлар бойы құлаққа ұрған танадай! Тырс еткен дыбыс естімейсің. Бәрі меңірейген мылқау. Айдалада аппақ қардан өзге ештеме көрмейсің. Міне, қарғыс атқыр орыс орманында мезгілсіз уақта рождество әнінің сарынын еститін жағдайға жетіппін. Ал, қазір ақпан айы. Бірақ бұл ұшан-теңіз қардың да әсері шығар-ау. Төпеп жауа берген қардан көз ашпаймыз. Сен күлме, жігіт... Бұл естен адастырады екен, айтып тұрмын ғой саған, естен адастырады. Меңіреу, мылқау үнсіздік, шегі-шеті жоқ ақ қар, көк мұз жамылған орман... Үнсіздік. Белгісіздік. Ақ қар. Соның бәрі қосылғанда айдалаға безіп кеткің келеді. Бірақ қайда барасың? Сенің мұнда келгеніңе екі-ақ күн болды. Ал, біз мылқау меңіреу мекенде айлап жатырмыз. Әлі қанша жатарымыз белгісіз. Бар құпиясын ішіне бүккен, түксиген жым-жырт орман. Тым-тырыс әлем. Жып-жылмағай ақ қар бүркенген жер. Аспан қайсы, жер қайсы айырып алғысыз. Күн қайда? Ел қай жақта? Ойлашы өзің, бұл ақылыңнан алжастырмай ма? Үнемі тыныштық жайлаған орыс орманында тың тыңдап отырып, рождество әнін еститін болған соң есіңнен адасқаның емей немене?! Сен күлме! Сені көрген кезде ғана ол сарын үзілді. О, тәңірі! Тыныштық та ауыр қасірет екен-ау! Мәңгілік меңіреу мылқау дүние... Фельдфебель алқынып, тынысын әрең алып тұр. Лажсыз күлгендей бет-аузын қисаңдатты. Өзі автоматты жігітке тастай жабысып қалған. Жігітте оны қатты қысып ұстап алған. Күлген фельдфебельге қосыла жігіт те ыржияды. Оны түсінген түрі. Орыс орманының ортасында екеуі ұзақ тұрды. Ақпан айы болатын. Қар салмағын ауырсынғандай ағаш бұтағы майысып сынуға шақ тұрғандай. Өз салмағымен кейде қар сыр етіп бұтақтан сырғып түседі. Бұтақ “уһ” деп дем шығарып, ауыр күрсініп, сонда бойын тіктеп алатын секілді. Ақырын ауыр күрсінеді. Кейде қарды көтере алмастан морт сынады. Ішін тарта өксиді сосын. Ондай үн кейде алдан, кейде солынан, кейде дәл жанынан шығатындай. Біресе алыстан, біресе жақыннан, оңынан да, солынан да уһлеп, күңіренген үн талып жеткендей. Ағаш бұтағы қар салмағын көтере алмай бебеу қағып жатқандай. Айнала толған қар, қар, қар. АЛҚЫЗЫЛ ЖІБЕКТІҢ ҚИЫҒЫ Олар көпірдің аласа жақтауында сымға қонақтаған торғайдай шоқиып-шоқиып отырған. Темір жақтау мұздай. Шалбарлары үлдіреген жұқа еді, сыз өтіп барады. Өздері оны елең қылар емес. Бұндайға төзуге болады ғой. Оның үстіне, бейбіт күннің осы ләззатына не жетсін?! Олар тапжылмастан отыра берді. Жаңбыр жауып өтті. Басылды. Қайта себезгіледі. Бәрібір тырп етпеді. Олар жайдан-жай отырған жоқ, ары-бері өткен жүргіншілерге көздерін сүзіп, ұзатып салады. Неге десеңіз, майданда кілең еркектерді ғана көріп келді емес пе? Енді қыз-қырқынға емін-еркін қарап, армансыз көздерін суарып, шер тарқатуда. Тек қыздарға, жас әйелдерге сұқтана қарайды. Басқалармен істері жоқ. Төсі қайқайып, қайқаң қағып бір қыз өте шықты. – Қос анары шара кеседей екен, айран құйып ішуге болар, – деді Тимм. – Күн көзінде көп тұрса, ол шарадағы айран іріп, іркітке айналып кетеді, – деп, үстей түсті қасындағы серігі. Ұзын етегі делеңдеп тағы біреу өтті. – Тас дәуірінен қалған, – деп баға берді оған Тимм. – Анау-мынау жерлерін өрмекші әбден торлап тастаған, – деп екіншісі қосып қойды. Бірыңғай еркектер өтіп жатты. Отырған екеу оларға сөз шы­ғын­даған жоқ. Өтіп бара жат­қандар: жұмысқа енді түскен жасөспірім­дер, қағаз кеміруден қолдары босамайтын, күн көр­мегендіктен өңдері бозарған кексе кеңсе қыз­мет­шілері, сүйегіне оқу сіңген оқымысты, әйт­се де, шалбарлары қырық жамау түрлі мек­тептің қартаң оқытушылары, балпаңдап аяғын зорға басқан былшиған семіздер, қаудыр қақ­қан жұқалтаң арықтар, күрк-күрк жөтелген демік­пелер, фельдфебельдің жын қаққан жүрі­сіндей желөкпе вагонжетекшілері дейсіз бе, тағы кім жоқ дерсіз арасында, ала шұбар топ. Содан кейін... Содан кейін түп-түзу аяғын сәнімен билей басып, бойын тіп-тік ұстаған қалпы кербездене, аққудай қалқып ол өтіп бара жатты. Бұл өзгеше көрініс еді. Отырған екеу демдерін ішіне тартып, тілдері байланып қалды. Олардың мұрынына уылжып піскен, жұқалтаң қызғылт рең жүгірген сап-сары шабдалының иісі жеткендей. Тәні де балғын, шабдалы тектес жұп-жұмыр болып елестеді. Және де бұл періштенің атының өзі ерекше ғажайып болуға тиіс: Эвелина немесе осы тектес мағынадағы ат болуы керек секілді. Ауыздарының суы құрып, екеуі аңырайып отырғанда қыз алыстап кетіп еді. Олар соңынан телміре ұзақ қарады. – Мен білсем, оның іш көйлегі үлбіреген алқызыл жеңіл түсті жібек болуы керек, – деді Тимм қиялына ерік беріп. – Неге алқызыл? – деп таласа кетті қасындағы досы. – Міндетті түрде жұқалтаң, қызғылтым түсті, – деді кесімді түрде Тимм. – Мұндай сұлудың іш көйлегі сондай болмағанда қандай болушы еді? Тек қызғылт болуы керек. – Сен де соға береді екенсің! – деп дауласты екіншісі. – Оның іш көйлегі көгілдір болса қайтеді екен? Көгілдір, көкшіл болуы да әбден мүмкін ғой. – Жоқ, басқадай болуы мүмкін емес, естимісің, мүмкін емес. Ол сияқты сұлулар тек алқызылын таңдайды. Мұны мен анық білетін шығармын. Солай достым! – Осыны айтқанда ол тіпті дауыс көтеріп қалды. Сол кезде ештеңе түсінбеген досы: – Сен, немене, оны танушы ма едің? – деп сұраған. Тимм жауап қатпады. Олар үнсіз отыра берді. Темір жақтаудың сызы жұқа шалбардан өтіп бара жатты. Бірқауым уақыттан кейін ол: – Жоқ танымаймын. Бірақ мен, тек жеңіл қызғылт түсті жібектен іш көйлек киетін қызы бар бір жігітті білуші едім. Біз Ресейде майданда бірге болғанбыз, – деді. – Бар болғаны сол ма? Сенің бар дәлелің осы екен ғой? – Ары қарай тыңдасаңшы. Ол әмиянына қызғылтым жібектің қиығын ешкімге көрсетпей салып жүреді екен. Бір күні байқаусызда әлгі қиығын жерге түсіріп алғаны. Оны жігіттер көріп қалды. Қиықты жерден лып көтеріп алған ол ешнәрсе демеді. Тек жүзі алаулап жүре берді. Қолындағы жібектің қиығындай албырады. Кешке оңашада ол маған жібек қол орамалдың сырын құпиялап айтқаны: қызғылтым жібектің қиығы – оны ажалдан сақтап келе жатқан тұмарына пара-пар қасиетті заты болса керек. Ол – қалың­дығының іш көйлегінің қиығы екен. Түсіндің бе? Қалыңдығы әрқашан тек қызғылт түсті жібектен іш көйлек киетін сұлу қыз көрінеді. Тимм әңгімесін үзіп, үнсіз қалды. – Содан кейін ше?.. – Содан кейін, қандай сайтан түрткенін кім білсін, мен әлгі әдемі қиықты одан күшпен тартып алып, жігіттерге көрсетіп шықтым емес пе? “Қараңдар, бәрің, міне, оның қызы­ның іш көйлегі қандай түсті жібек?”. Еріккен жігіттер кеу-кеулей жөнелді. Айтылмаған қалжың қалмады. Рахаттанып тұрып, жарты сағат күлген шығармыз. Тегін күлкіге қарық болып, бір серпіліп қалғандаймыз. – Ал, ол ше? – деді серігі шыдамсыздық танытып. Тимм тұқшыңдап аяғының басына қараған қалпы: – Ол ма? Ол өзіне қайтарып берген жібек орамалды ызаланып лақтырып тастағаны. Қара жерде жұп-жұқа жібек қиық желден діріл қаққан қызғалдақ гүлдей үлбірей ұзақ жатты... Ал ертесінде... Ертесінде ол оққа ұшқан еді... – Оның тұмар екені рас болғаны ма? – ?! Екеуі де жым-жырт үнсіз қалды. Меңірейіп отыра берді. Біраздан соң барып досы тілге келіп: – Бәрі далбаса, бос наным, – деді. – Иә, жай далбаса екенін мен де білемін. Әрине, бәрі бекершілік. Ол белгілі нәрсе ғой. Оны мен білемін, – деген Тимм отырып-отырып: – Дегенмен осындай бір қызық іс болған еді. Соған өзім де әлі қайранмын, – деді. Осыны айтып Тимм өзінен өзі күлді. Оған қосыла досы да езу тартты. Екеуі қосыла қарқылдай күлді. Қолын қалтасына салып отырған Тимм құшырлана жұдырығын түйді. Уысындағы шүберекті сығымдап қыса түсті. Қалтада илектеніп әбден кірлегендіктен оның бастапқы түсін енді анық айыру мүмкін еместей. Бірақ оның о баста жұқалтаң реңді, үлбіреген қызғылт түсті екені рас еді. Ол бөтен қалтада жетімсіреп, күтімсіз жатқан, Тимм Ресейден алып келген сол баяғы қызғылт жібектің қиығы болатын... НАН Ол кенет өзінен өзі оянып кеткені. Сағат екі жарымда. Өзінің неден оянғанын ұғына алмай дағдарып біраз жатты. Аһ, бұл не болды екен?! Ас бөлмеде біреу орын­дықты қағып кеткендей оқыс дыбыс естіл­ді. Ол құлағын тіге қалды. Жым-жырт. Әлгі оқыс дыбыстың дереу тынши қалғаны көңі­ліне күдік туғызғандай. Қасындағы кереуетті сипалап еді, бос жатқанын сонда білді. Е, неге тып-тыныш десе, қасындағы адамның тыныс алғаны естілмегендіктен екен ғой. Ол орнынан тұрып, жарық жақ­пай-ақ қараңғыда сипалап жүріп, ас үйге жеткен. Ас ішетін стол үстінде әлдене ағараң­дайтын секілді. Әйел шам жақты. Ерлі-зайыпты екеуі іш көйлекшең ас үйде бетпе-бет ұшы­расты. Түн ішінде, ас үйде, екі жарымда! Стол үстіндегі нан салатын ыдысты ол бірден көрді. Бәрін де түсінді: күйеуі нан кесіп алған болды. Пышақ та өз орнында емес, нан салғыштың қасында жатыр. Нанның үгілген қоқымын да байқады. Ол, әлбетте, кешкі астан кейін дастарқанды қағып-сілкіп, жылан жалағандай тазалап қоятын, қашанғы әдеті, күнде тап-таза етіп жинап кететін. Енді, міне, столда нан қоқымы шашылып жатыр. Пышақ та стол үстіне қайта шығып қалыпты. Ас үйдің табаны тас плитка болатын. Одан ызғар соғатын. Оған қазір салқын ызғар бірте-бірте жоғары өрлеп келе жатқандай бойы тітіркенді. Ол қайтып нан салғыш жаққа қарамауға тырысты. – Маған ас үйде біреу жүргендей болды, – деді күйеуі міңгірлеп, бұған тура қарамастан жан-жағына алақтап. – Маған да сондай бір тырсыл естілді, – деді әйелі оны қостаған түр танытып. Түнде қолқылдаған кең іш киім ішінде күйеуі оған қатты қартайып кеткендей әсер қалдырды. “Оның түрі қазір қаусаған кәрі шалдан еш айнымайды” – деп ойлаған еді ол іштей. Күйеуі небәрі алпыс үште. Күндіз сыптай киініп алған соң ба, ол әлдеқайда жас көрінетін. “Иә, соңғы уақытта әйелім қатты жүдеп, ажары түсіп кетіпті-ау” – деп ойлаған күйеуі де. Ол әлде, мына ұйпа-тұйпа шаштың әсерінен бе екен? Әйел түнде оянғанда шашын тарап қойса қайтеді екен? Олар бір-бірінің көзіне осы сәтте өте қартаң болып көрінгені рас. Екеуі де демде қартайып кеткендей. – Сен туфли кисең етті. Мынандай тастай еденде жалаңаяқ жүруге бола ма? Енді сенің суық тиіп, ауырып қалуың ғана жетіспеп еді, – деді күйеуі әдеттен тыс қамқорси. Әйелі оған қайтып көз салып қарамады, өйткені ол күйеуінің өтірік көлгірсіп тұрғанын түсінді. Отыз тоғыз жыл бірге тұрып келе жатқан адамының қай уақытта шынайы, қай уақытта жалған сөйлейтінін айыратын халде әзірге. Оның мүләйімсіген өтіріктен бетер жек көретін нәрсесі жоқ еді. – Маған ас үйде біреу жүрген секілді болған соң келгенім ғой, – деді күйеуі тағы жан-жағына мақсатсыз жалтақтап. – Әйтеуір бір тықыр естілді, содан осында біреу бар шығар деп ойлағаннан келіп едім. Әйтпесе, астымнан су шықты дейсің бе? – Маған да естілді. Бірақ ол ас үйден шықпаған сияқты еді, – деді әйелі нан салғышты алып, дастарқандағы қоқымдарды қағып жатып. – Иә, солай секілді, – деді күйеуі де сенімсіздеу. Әйелі оны тұйықтан шығарып жібергісі келгендей: – Жүр, жатайық енді, – деді. – Ол көшеден шыққан тықыр шығар. Ұйықтай алмай қаларсың. Еден де суық, шынында ауырып қалуымыз оп-оңай. Ол жүзін терезеге бұрып әкетті. – Солай болса, солай шығар. Көшедегі шуды үйден естіледі деп ойлаған екенмін ғой мен қасқа... – Аярлана күлді. Әйелі жарықты сөндірмекке қолын соза берді. Әрі өзі: “Мен тез жарықты өшіріп тастауым керек. Әйтпесе, – деп ойлады ол. - Әйтпесе, оның көлгір жүзін тағы көрсем, сыр беріп алып, артық бірдеңелер айтып жіберуім мүмкін. Әсіресе, нан салғышқа қарамауым керек. Нан туралы мүлдем ұмытқаным жөн. Ештеңе ойламаймын, әсіресе нан туралы...” – Жүр енді, – деді жарықты сөндірген әйелі кесімді үнмен. – Көшедегі шу ғой ол. Жел қатты соққанда суағар қаңылтыр қабырғаға тиіп тырсылдайды емес пе? Сол шығар сенің естігенің. Желге ол үнемі қозғалып тұрады. Олар қараңғыда жалаңаяқ, қабырғаны сипалап іркес-тіркес жүріп, жатар бөлмеге жетті. – Иә, дұрыс айтасың, күн қазір желді, – деп оны қостай кетті күйеуі. – Түнімен уілдейді де тұрады. Кереуетке келіп жайғасқан соң әйелі күйеуінің көңілін біржолата орнықтыра: – Жел түнімен соғады. Қараң қалғырдың суағары адамға ұйқы бермейді, – деді соқпаған желді, орнынан қозғалмайтын суағарды жамандап. – Ал, мен ол дыбысты ас үйден шығатын шығар деп ойлаппын. Сөйтсем, суағар қаңылтыр екен ғой, – деп күйеуі де оп-оңай келісе кетті. Және мұны айтқан­да ол манаурап ұйықтап бара жатқан кісіше бейғам айтқансыды. Әйелі оның үніндегі жасанды лепті аңғармай қалмады. Өйткені, оның шылғи өтірікті соғып жатқаны беп-белгілі еді. – Үй де салқындап кетіпті, – деді әйелі еш бүкпесіз, денесі тоңазыған соң көрпенің астына еніп жатып. – Көрпе жамылып алмасам болмас. Қайырлы түн! – Қайырлы түн! Жайлы жатып, жақсы тұр, – деді күйеуі де. – Рас айтасың, түн салқын. Түн тыныштығы орнады. Әжептәуір уақыт өткен. Көзі енді ілініп барады екен, ол күйеуінің тамсанып, әлденені ақырын шайнаңдап жеп жатқанын анық естіді. Естісе де естімегендей бірқалыпты терең тыныстап жата берді. Бұны “ұйықтап қалды” деп ойласын дегені. Оның күйіс қайырған сиырдай біркелкі ырғақпен шайнаңдағанын бірсыпыра естіп жатып, шынында да жеңіл ұйықтап кетті. Ертесіне кешкі асқа ол туралған нанның төрт-бес тілімін қойып жатып: – Осының бәрін жей бер, – деді өзі дастарқаннан шегіне түсіп. – Маған осы нан жақпай жүр. Бір кесек болса да, сен артығымен же. Мен осы нанды аса жақтырмадым. Әйелі оның басының алдындағы тарел­каға төне салбырап кеткенін байқады. Әйелі­нің жүзіне ол тура қарай алмады. Әйелдің қолқа-жүрегі езіле күйеуін аяп кетті. – Бұлай болмайды, өзіңе ештеңе қалмады ғой, – деді ол көзін тарелкадан көтерместен. – Онда тұрған не бар? Маған түнге қарай қара нан жеуге болмайды, ас­қа­заным­ды қыжылдатады. Же, жей бер! Ол содан дастарқан басына жақын­дамады. Күйеуі асықпай асын ішіп, тұрып кеткен соң ғана тізе бүкті. Одан ар­тыл­ғанын ғана алдына жайлап тартып қойды... Бұл жоқшылықты қойсаңызшы... Орыс тілінен аударған Шәрбану БЕЙСЕНОВА.