20 Маусым, 2015

Бокс. WSB финалының алғашқы күні «арландар» алға шықты

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
20-06-2015-arlans 01АСТАНА. 20 маусым. Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) ел намысын қорғап жүрген «Астана арландары» бүгін финалдық бәсекенің алғашқы жарыс күнін өткізді. Аталған сында біздің команданың қарсыласы «Куба домадорес» клубы екені белгілі. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бокс кеші Астанадағы «Дәулет» ұлттық теннис орталығында ұйымдастырылды. Алғаш болып шаршы алаңға 49 килоға дейінгі салмақ дәрежесіндегі атлеттер көтерілді. Бұл сында «арланымыз» Теміртас Жүсіпов қарсыласы Йоанис Аргилагосты айқын басымдықпен жеңді (3:0). Алайда, 56 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасқан бокшымыз Қайрат Ералиев Лондон Олимпиадасының чемпионы Робейси Рамиреске дәл сондай есеппен есе жіберді. Үшінші жекпе-жекте «Астана арландары» тағы да жалпы есептегі басымдыққа ие болды. 64 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған команда капитаны Самат Бәшенов қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті. Келесі айқаста 75 килоға дейінгі салмақ дәрежесіндегі боксшылар жұдырықтасты. Аталған сайыста «арландар» намысын Мейірім Нұрсұлтанов қорғады. Ол өзіне артылған сенімді толығымен ақтап, қарсыласы Арлен Кардонаны 3:0 есебімен жеңді. Бірінші жарыс күнінің нүктесін 91 килоға дейінгі салмақтағы боксшылар қойды. WSB жобасы арқылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама алған спортшымыз Василий Левит Кубаның атақты боксшысы Феликс Савонның туысы Эрисланди Савонға қарсы жұдырықтасты. Нәтижесінде төрешілер кубалықты жеңіске лайық деп тапты (2:1). Осылайша, алғашқы күні «Астана арландары» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Ертең қарсыластар тағы өзара бес жекпе-жек өткізеді. Бірінші жарыс күнінің қорытындысы:

«Астана арландары» – «Куба домадорес» 3:2

49 кг.: Теміртас Жүсіпов – Йоанис Оскар Аргилагос 3:0 (50:45, 50:45, 50:45); 56 кг.: Қайрат Ералиев – Робейси Рамирес 0:3; 64 кг.: Самат Бәшенов – Ясниер Толедо Лопес 3:0 (48:47, 48:47, 48:47); 75 кг.: Мейірім Нұрсұлтанов – Арлен Лопес Кардона 3:0 (48:47, 48:47, 48:47); 91 кг.: Василий Левиn – Эрисланди Савон Котилла 1:2 (47:48, 47:48, 49:46). Ертең шаршы алаңға шығатын қарсыластар: 52 кг.: Олжас Сәттібаев (запаста Мирас Жақыпов) – Йосвани Вейтиа Сото; 60 кг.: Закир Сафиуллин (Ержан Мұсафиров) – Ласаро Альварес; 69 кг.: Асланбек Шымбергенов (Мадияр Әшкеев) – Рониель Иглесиас Сотолонго; 81 келі: Нұрдәулет Жарманов (Әли Ахмедов) – Хулио Сесар ла Крус; + 91 келі: Иван Дычко (Филипп Хргович) – Йоханди Тойрак Ортега. Егер екі күн қорытындысы бойынша тең нәтиже тіркелсе, жеңімпаз 56 кг. салмақ дәрежесіндегі қосымша жекпе-жек арқылы анықталады. Бұл тартыста қос команданың жаттықтырушылары мына боксшыларға сенім артып отыр. 56 кг.: Мейірболат Тойытов (Қайрат Ералиев) – Робейси Рамирес (Энди Крус). Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vesti.kz.