14 Ақпан, 2015

Тіл – татулық тірегі

458 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_6085 Осылай аталған байқау мемлекеттік тілдің өзге этностар­ арасында қолданылу аясын кеңейту мақсатын діттеп, ­облыс орталығындағы «Достық үйінде» ұйымдастырылды. 17 үміткер қатысқан сайыс Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Оларға «Тіл – татулық тірегі» тақырыбында бейнеролик әзірлеу, мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде меңгергенін айғақтайтын эссе жазу және арнайы билеттер бойынша дайындалған сұрақтарға жауап беру талаптары қойылды. – Байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақстандық патриотизмді насихаттауға, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оқып-үйренуге деген ынта-ықыласын арттыруға бағытталған, – деген еді сайыс алдындағы сұхбатында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Дина Әбілмәжінова. Сайыскерлер «ә» дегеннен-ақ өздерінің жарысқа тыңғылықты дайындалып келгендерін байқатты. Қай-қайсысы болсын өзін және отбасын, жұмыс орны мен тұрғы­лықты жерін қазақ тілінде жатық таныстырды. Десек те, бірінші сында Жамбыл ауданынан келген Екатерина Қалижанованың озық шыққаны байқалып тұрды. Мектепте іс қағаздары маманы болып жұмыс істейтін ол қазақ тілін жастайынан біліп өсіпті. Қазақ отбасына келін болып түскеннен кейін ұлттық салт-дәстүрлерді бір кісідей меңгеріп алғанға ұқсайды. Одан Ғ.Мүсірепов ауданының атынан сынға түскен ұлты әзе­р­байжан Айгүл Уәлиева да қалыса қоймаған тәрізді. Оның мемлекеттік тілдегі білім ошағында еңбек етуі қазақ тілін еркін білуіне көп септігін тигізген сыңайлы. Эссе жазу, сұрақ-жауап тапсырмалары да мүлтіксіз орындалып, қазылар алқасына жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау оңайға түскен жоқ. Сайыс қорытындысы саралана келе, петропавлдық Виктория Говорухина бас жүлдені талассыз жеңіп алды. Олай болатын реті бар. Ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын алып шыққан. Бірінші, екінші орындарды облыс орталығының намысын қорғаған Ульяна Габрикова мен Николай Тихненко иеленді. Үшінші орынды айыртаулық На­дежда Батенова мен Ғ.Мүсірепов ауданының өкілі Айгүл Уәлиева бөлісті. Жеңімпаздар арнайы дип­ломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. – Жақында Елбасымыз Қазақ­стан халқы Ассамблеясы жылы­ның басталуын жариялап, оның мәре алуы біздің облыста да кеңі­нен­ атап өтілді. Жергілікті Ассамб­­лея құрамындағы 23 этнобір­лестік мерейлі шараларға белсен­ділікпен атсалысып келеді. Біз Тәуел­сіздігімізді, ынтымақ-келісі­мімізді нығайтуға арналған құнды­лық­та­рымызды қашанда биік қастер­лей­міз, – деді сөйлескенімізде жарыс­тың бас жеңімпазы В. Говорухина. Ол енді Астанада өтетін кон­курста өңіріміздің намысын қорғайтын болады. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.