14 Ақпан, 2015

Дарындар мойындалған күн

322 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Дарынды жастарды қолдау Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры қызметінің басты ба­ғыт­тарының бірі болып келеді. Аталған Қор кеше елордадағы «Назарбаев орталығы» ғимаратында бірінші рет сол дарынды жастарға Қордың сыйлығын салтанатты жағдайда табыс етті. Ғимараттың кіреберісінде ұйымдастырылған шараға жастар көп жиналыпты. Сондай-ақ, мұнда Парламент депутаттары, жетекші жоғары оқу орындарының басшылары, танымал ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері де келіп қатысты. Жалпы, 2008 жылдан бас­­тап Қор жыл сайын мәдениет, өнер және ғылым саласындағы жас дарын­дарға сыйлықтар тағайындап келеді. Сондағы мақсат – олардың қызметін ынталандыру және шығармашылық табыстарын шыңдай түсу. Республикалық деңгейде өткі­зі­летін бұл конкурсқа ерекше зерттеулер мен әзірлемелер, шығармашылық жобалар мен бағдарламалар ұсы­нылады. Алты жылдың ішінде Қор­дың 100-ден астам лауреаты бол­ғанын айта кету керек. Негізінен кон­­курстың өткізіліп тұруы шы­ғар­машыл және ғылыми жастар өкіл­дері­нің кәсіби табыстарын мой­ын­дау­дың айқын көрінісі десе де болады. Қор сыйлығын салтанатты жағ­дайда табыс ету рәсімінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Қорының атқарушы директоры Сағындық Нұраханов өзінің құттықтау сөзінде былай деді: «Бұл награда танымал қайраткерлерге өздерінің жоғары мәртебесін тағы бір дәлелдеудің, ал дарынды дебютанттар үшін өздерін көрсетудің тамаша мүмкіндігі болып табылады». Қордың жаңа ғимараты лауреаттарға туған үйіндей боларына сенім біл­дірген С.Нұраханов әрі қарай сөзін былайша сабақтады: «Бұл табыс сіздердің шығармашылықтарыңыз бен идеяларыңызды мойындау жә­не жаңа белестерге көтерілуге ынта­лан­дыру болып табылады. Біз сіз­дердің талаптарыңыздың ешқа­шан өш­пейтініне және көптеген жас дарын­дарға шабыт беретініне сенімдіміз». Жалпы белгілі болғаны, 2014 жыл­­дан бері еліміздің түкпір-түк­пірінен 73 жоба ұсынылыпты. Келіп түскен барлық өтінімдерді жетек­ші сарапшылар, Қор жанын­дағы Жас ғалымдар кеңесі мен Жас шығар­машыл жастар кеңесінің мүше­лері бар конкурстық комиссия қара­ғаны белгілі болып отыр. Сондай іріктеудің нәтижесінде 19 ең дарынды дегендері беделді наградаға ие болғанын айта кету керек. Олардың арасында «Астана Опера» опера труппасының солисі Салтанат Ахметова да бар. Музыка өнері аталымы бойынша сыйлыққа ие болған Салтанат Ахметова сахнада тұрып жиналған көпшілікке құйқылжытып ән салып берді. Бұл ретте «Астана Опера» театрының тағы бір әншісі Татьяна Вицинская осы музыка өнерінде жеткен жетістіктері үшін аталған аталымға ие болғандығын да айта кеткен жөн. Ол да сахнада өз өнерін көпшілікке паш етті. Бұдан кейін ғылымда жеткен жетістіктері үшін Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дің оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Ғалия Ир­мұ­хаметова сыйлыққа ие болды. Сол сияқты Сәкен Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Вадим Хасанов та осындай марапатқа ие болды. Сондай-ақ, Елбасының жас­тық шағын шебер сомдай білген «Қа­зақ­фильм» киностудиясының бел­гілі актері Нұрлан Әлімжанов та сый­лыққа иегерлердің арасынан табылды. Қор­дың сыйлығын салтанатты тап­сыру рәсімі дәстүр бойынша клас­сикалық және танымал музыкалық концертпен жалғасып, келушілерді мерекелік көңіл-күйге бөледі. Сөз соңында айтарымыз, Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Қоры сыйлығының жас буынға зор мүмкіндіктер ашып отырған және кемел келешегіне кірпіш қалайтын елордада өтуі өте орынды. Оның үстіне бұл өз кәсіби қызметінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген және еліміз дамуына үлес қосып келе жатқан жастарға үлкен демеу. Олай болса, осындай сыйлықтар көп бола берсін демекпіз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар