14 Ақпан, 2015

Ел көрсеткіші ойдағыдай

267 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Астанада Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті мен Экономика және әлеуметтік мәселелер департаменті Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге электронды үкіметтердің аймақтық жиынын өткізді. Жиында электронды үкіметті дамыту мәселелері сөз болып, 2016 жылға дейін атқарылатын жұмыстар әңгіме өзегіне айналды. Негізі Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметтер туралы сараптамалары 193 елдің арасында саланы ғаламдық бағалаудың нақты даму өлшемі ретінде қалыптасып үлгерген. БҰҰ-ның электронды үкіметтердің дамуы туралы есебіне зер салсақ, Қазақстан 2014 жыл бойынша әлем елдерінің ішінде 28-ші орынға тұрақтапты. Ал ашық теңізге шығатын су жолы жоқ елдер мен Орталық Азия мемлекеттерінің арасында бірінші орынға шыққан. Аймақтық жиынның басты мақсаты, электронды үкімет қызметтерін жетілдіру жолдарын талқылып, жаңа ұсыныстар мен салаға енгізілетін өзгерістерді жүйелеу болып отыр. Шара аясында, семинар-кеңес ұйымдастырылып, ол екі күнге ұласты. Оған аймақтағы 8 елден келіп қатысқан мемлекеттік органдардың қызметкерлері саладағы түйінді мәселелерді талқылаудан өткізіп, пікір алмасты. БҰҰ-ның бас штабының салаға жауапты мекемесінің өкілі Ричард Керби баяндама жасап, дамыған елдердің электронды үкіметте жинақтаған тәжірибелері туралы әңгімеледі. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».