Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар театрлардың шығармашылық ұжымдарымен және Алматы қаласындағы әйелдер қауымы өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Г.Әбдіқалықованың жұмыс сапары барысында өткен кездесуге Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, республикалық неміс драма театры, Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры және мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының шығармашылық ұжымдары қатысты.
Мемлекеттік хатшы аталған ұжымдар еліміздің театр және мәдени өмірін дамытуға елеулі үлес қосып жатқанына тоқтала келіп, театрдың белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлғаларды қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Мәдениет саласындағы елеулі оқиғаның бірі Мемлекет басшысының ұзақмерзімді Мәдени саясат тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырмасын іске асыру болды. Оны жасауға еліміздің жетекші мәдениеттанушы ғалымдары, өнер саласының сарапшылары мен шығармашылық одақтар қатысты. Жаңа тұжырымдама мәдениет саласындағы бәсекеге қабілетті мәдени ментальдікті қалыптастыруға және қазіргі заманғы мәдени кластерлерді дамытуға бағытталған.
Г.Әбдіқалықова шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында өткізілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойлық мерекелік іс-шараларға белсене атсалысатынына сенім білдірді.
Алматы қаласындағы әйелдер қауымымен өткен кездесуде отбасылық-демографиялық саясатты дамыту, әйелдерді «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жаңа Экономикалық Саясатты, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру ісіне белсене қатыстыру мәселелері талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша Г.Әбдіқалықова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.