Кеше палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Халық қалаулылары назарына табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасы екінші оқылымда ұсынылады. Сондай-ақ, жалпы отырыста Халықаралық әуе тасымалдарының кейбір қағидаларын біріздендіруге арналған конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасы қаралмақ.
Сонымен қатар, күн тәртібі жобасы аясында бірқатар ратификациялық құжаттар бойынша, атап айтар болсақ, Қазақстан мен Қытай арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауға, Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізуге қатысты заң жобаларына қатысты бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалмақ.