Кеше Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якабты қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Жоғарғы палатаның басшысы Алматыда ДДҰ-ға мүше 53 мемлекеттің қызметін үйлестіретін дәрігерлік-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі ұйымның «географиялық тұрғыда қашықтағы» кеңсесін ашу туралы шешімі үшін Ж.Якабқа алғыс айтты, ол Қазақстанның осы беделді халықаралық ұйыммен табысты ынтымақтастығының көрінісі болып отыр.
Сенат Төрағасы БҰҰ аясындағы денсаулық сақтау саласындағы халықаралық қызметін, атап айтқанда, жұқпалы Эбола вирусымен күрестегі ДДҰ жетістіктерін атап өтті.
Ж.Якаб біздің еліміздегі денсаулық сақтау саласының дамуы мен негізгі көрсеткіштердің жақсаруына, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға, сондай-ақ, балалардың шетінеуін азайту жөніндегі жұмыстарға қанағаттанғандық білдірді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропа бюросының өңірлік директорының пікірінше, Алматыда БҰҰ-ның алғашқы ірі кеңсесінің ашылуы Қазақстан үшін ғана емес, тұтастай аймақ үшін ерекше маңызды. «Кеңсенің ашылуы денсаулық сақтау саласындағы және сіздердің елдеріңіздің көшбасшылығын нығайтуға және Қазақстанның әлемдегі ең дамыған елдердің тобына енуі жөніндегі өршіл мақсатын іске асыруға ықпал етеді», деді өңірлік директор.
Қ.Тоқаев Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған бірлескен күш-жігерді заңнамалық тұрғыда қолдауға Сенаттың әзірлігін білдірді.