14 Ақпан, 2015

Ауыл да, мектеп те Красноармейка атала бере ме?

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
– дейді аудан әкімінің есеп беру жиынында сөз алған ақсақалдар Аудан әкімі Нұрлан Әутәліпов өңірге қарасты 40 шақты ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайларының жақ­сар­ғаны, эко­номикалық даму көр­сеткіштері бой­ынша облыста алда келе жатқанын айтып өтті. Көкөніске, картопқа бай аудан. Мал жетеді. Су келуде, жолдар жөнделуде, клубтар салынуда, мектептер, балабақшалар ашылу­да. Көйлек көк, тамақ тоқ. Алайда, ауыл ақсақалдарына маза бермей жүрген мәселе  –ауыл­дың, мектептің Красн­оар­мейка аталып тұрғаны. Жасымыз 80-ге келді. Ауыл­дың Шаңды атауының қайта оралғанын көріп, естіп кетсек деп жүрміз, – деді Жармұханбет, Қапият ақсақалдар. Ал тарихта қазақ-қал­мақ соғысындағы қырғын жорық­тардың бірі – «Шаңды жорығы» деп аталғаны белгілі. Былтыр облыс орталығында Баян батырға ескерткіш орнаттық. Еділден бергі «Шаңды жорығынан» соң, Ерейментауды жайлаған қал­мақтарды қуған тағы бір «Шаңды жорық» болған деседі. Баян батыр осы жорықта қазаға ұшырайды. Бұл жайында Үмбетей жыраудың дастанында «Ішкі шаңды жорық» жасап, Ерейменнен қашқан қалмақтарды қазақ батырларының ойсы­рата қуғаны баяндалады. Қал­мақтармен соғыстағы соңғы және ең ауыр шайқастар кезеңі осы жорық екенін айтады. Ақсақалдар айтқандай, Шаңды әуелден осы жердің атауы болмаса, осы күнге дейін ел ішінде сақталып келмес еді. Өзгелер жерімізге көшіп келгенде ауылдар болған жоқ деген жаңсақ пікірлер өткен тарихты білмегеннің кесірі. Қазақ атауларының әрқайсысында шежіре жатыр. Мысалы, 2009 жылы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданында Чайда деп тұрған ауыл – Шаңды ауылы болып қайта оралды. Біздің өңірде де «шаңды» заманынан қалғандай көмескі із қайта оралуға өзінен өзі сұранып тұрғандай. Аудан­дағы Луганск, Киров, Оль­гинка, Григорьевка, Черноярка, Чернорецк, Ямышево, Ефремовка, Заря, Мичурин, Рождественка, Сычевка, Розовка, Новочерноярка, Пресный, Подстепное, Комарицино, Коряковка, Даниловка, Мак­симовка, Набережное, Бог­дановка, Березовка, Заозерное аталатын ауылдардың да атау­лары бүгінгі елдік мақсат-мүддеге сай атал­ғандары мәнді-мағыналы болар еді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан. Павлодар облысы, Павлодар ауданы.