
Осы ретте ақынның Катонқарағайға сапарлап қайтуының да орайы келіп тұр. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» демекші, дәл осы күндері Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық шара ұйымдастырылып жатыр. Айтулы шара аясында Шығыстан шыққан қос жазушы Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханның мерейтойлары атап өтіледі. Сол тойға облыстық мәдениет басқармасы өкілдері Иран-Ғайып Оразбаевты қонақ етіп алып бармақшы. Сәл ертеректе Қалихан Ысқақ Иран-Ғайып інісіне «Асқар Сүлейменов екеуіңді Катонға алып барамын» деп жүріпті. Сол бойы жол түспеген.
– «Сізге арман болған Алтайға апарайық» деп жатыр жігіттер. Өйткені, Өскеменнің іргесінде Белоусовка кентінде практикада жүріп, Катонқарағайды көре алмай кеткем. Содан бері неше жыл өтті, Алтай арман болып қалған. Мен «Қазақ әдебиеті» газетінде Дидашпен, Дидахмет Әшімханмен жеті жыл бірге қызмет еттім. Керемет журналист болды. Ал Қалихан Ысқақ пен Асқар Сүлеймен Алматыға алғаш қоныс аударғанымда мені пойыздан күтіп алып, бір кейуананың үйіне орналастырған. Маған Жұбан Молдағалиев үй алып бергенше Қалихан мені «Қара тентек» дейтін. Араласып кеттік. Катонға неше шақырды. Дәм тартпады. Енді құдайдың құлағына тиді ме, осыдан елу жыл бұрын жазған «Алтын ажал» деген дастаным сахналанады. Соның дайындығын көрейін деп келдім. Сөйте жүріп, арман болған Алтайға барып қайтпақпын, – дейді ақын Иран-Ғайып Оразбаев.
Мінеки, Иран-Ғайып ақын Катонқарағай ауданына да барып, көзі тірісінде жезде деп құрметтеген Қалихан Ысқақ пен әріптес інісі Дидахмет Әшімханұлының рухына тағзым етеді.
Шығыс Қазақстан облысы