19 Наурыз, 2015

Өткенін танымағанның өресі тар

354 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ERA_9044 Ұлттық музей қоры тамаша жәдігерлермен толыға түсті. Кеше Ұлттық музейде «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына орай танымал мәдениет және ғылым қайраткерлері, белгілі спортшылар мен көрнекті тұлғалардың ұрпақтары қатысуымен салтанатты шара өтті. Акцияның ашылу рәсіміне Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысып, игі бастаманың мұнан ары қарай еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын табарына сенім білдірді. Ел арасында еленбей келген тарихи маңызы зор құнды заттарды, ірі тұлғалар тұтынған жәдігерлерді Ұлттық музейге тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Қазақстанда 280-ге тарта музей барлығын, оларда 4 миллионға жуық құнды жәді­герлер сақтаулы тұрғанын тілге тиек ете келіп, солардың ішінде әсіресе, Елба­сының идеясымен бой көтерген Ұлттық музейдің орны біз үшін ерекше болып табылатынын айтты. Бүгінде Орталық Азия бойынша ең үлкен мәдениет ошағы бірі болып есептелетін бұл музейде қазірдің өзінде 600 мыңға жуық құндылық сақтаулы, деген Үкімет басшысының орынбасары ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі жетістігімізді ары қарай жалғастыру мақсатында биылғы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы мен Конституцияның 20 жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырылып жатқанын алға тартты. Осы тарихи жағдайлар Қазақстандағы патриоттық тәрбиені да­мытуға оң ықпалын тигізеді десек, ал бүгінгі акция да сол іс-шаралармен тікелей байланысты. Өйткені мұндағы құндылықтар тарихымызды, өткенімізді кеңінен насихаттайды. Әрине, музейді мемлекеттің есебінен жәдігерлермен толтыруға болады, алайда мұндай бас­тамаларсыз жақсы нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес. Мысалы, осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзінің бастамасымен Тұңғыш Президент музейіне Елбасының жеке кітаптары, заттары тарту етілген болатын. Одан кейін мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Ұлттық академиялық кітапханаға өзінің жинаған рухани дүниелерін тапсырды. Сол сияқ­ты арамызда белгілі адамдар өте көп. Елді­гімізге, мемлекеттігімізге еңбек сі­ңір­ген аға-апаларымыздың ұрпақтары қан­шама. Міне, сол кісілердің кейбір шығармаларын үйінде ұстап отырғаннан гөрі Ұлттық музейге тарту етсек, бір жағы­нан қайраткерлерімізді насихаттау болып табылса, екінші жағынан музейдің құндылықтарын көбейтуге қосылған үлес болып саналады. Осы бастамаға орай Үкімет атынан мынадай акцияны ұйымдастырып отырған Ұлттық музейдің басшысы Дархан Мыңбайға, жалпы акцияға қатысушы барлықтарыңызға рахмет айтамын, осының барлығы бола­шаққа деген ортақ үлесіміз, ең негізгісі өсіп келе жатқан ұрпақтың өзі­нің тарихын білуіне, Отанын, ұлтын сүюіне септігін тигізетін шара болады, игі бастамаға облыс орталықтарында, қалаларда қолдау көрсетіліп, акция мұнан ары қарай кең қанат жая түседі деген сенімдемін, деді Премьер-министрдің орынбасары. ERA_9059Мұнан кейінгі сөз Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбайға берілді. «Біз «Ұлттық музейге сый тарту» ак­циясы арқылы қоғам назарын тари­хи-мәдени мұрамызды сақтау мәсе­лесіне аударғымыз келеді, – деді Дархан Қам­забекұлы. – Ел арасында елеусіз жат­қан құнды жәдігерлер, ұлтымыздың ұлы тұл­ғалары қолданған заттар кәсіби тұрғыда сақталып, көпшілік назарына ұсынуды қажет етеді. Жұрттың сандығы мен шкафында, шатыры мен жертөлесінде әлі ашылмаған, ғылыми айналымға түспеген небір құнды жәдігерлер тұр. Оны «бабамның бабасының көзі» деп, ешкімге айтпай, көрсетпей ұстау арқылы сақтаймыз деп ERA_9273ойлайды. Ал шындығында, бетін аулақ қылсын, оның оттан-судан сақтандырылмағаны былай тұрсын, кез-келген зат биологиялық өзгерістердің салдарынан жылдан-жылға жойыла береді. Жәдігердің бүтін қалпын тек бірнеше ұрпағы ғана көруі мүмкін. Кәдімгідей жылмен есептегенде, 50-70 жылда жеке азаматтың қолындағы бұйым, зат жойылып отырады. Әркім өз отбасындағы қадірлі бұйым туралы ойланып көрсінші, соның көбі жоғалған, жойылған немесе қолды болған. Сондықтан «кез келген мұра музейде сақталынуы керек» деген елдік ұстанымды жалпыхалықтық парыз санаудың уақыты туды деп санаймын». ERA_9331«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы барысында белгілі тұлғалардың ұрпақтары мен мәдениет және қоғам қайраткерлері, айтулы спортшылар музейге баға жетпес байлықтарды тарту етіп, мұндай іс-шаралар жыл бойына жалғаса беретінін жеткізді. Халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ұрпағынан Фатима Садыққызы, Халық Қаһарманы, көрнекті жазушы Қасым Қайсеновтің қызы Гүлжаһан Қайсенова, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың төрағасы Донеділ Қажымов, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым, Белоруссияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Ничкасов, вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың іні-досы Абай Бала­жан, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің қызы Айкен Жұмекенқызы, Гүлфайруз Ысмайылова мен Евгений Сидоркиннің ұлы Вадим Сидоркин, еліміздің даңқын асқақтату ниетімен, көк туымызды Меккеге арнайы жаяу алып барған Дулат Иманқажы, Аманша Меңдіғалиұлының ұлы Асылбек Аманшаұлы, танымал суретші Хасен Абаев, қазақтан шық­қан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, сондай-ақ спорт саңлақтары Юрий Мельниченко мен Серік Сәпиев құнды жәдігерлерін табыстап, жүрекжарды лебіздерін айтты. Акцияға қатысушылар осынау тартуларды жақыннан тамашалап, алуан сырлы бұйымдарды ұзақ қызықтады. Құндылықтарды түп-түгел түгендеп шығу тағы мүмкін емес. Олар – 1869 жылы жасалған Бидің төсбелгісі, К.Әзір­баевтың бала кезіндегі домбырасы, өз қолымен жасаған сылдырмағы, ақын Ж.Жабаев сыйға тартқан К. Әзірбаевтың кемер белдігі, Ж. Тәшеновтің костюмі, Қ.Мырза Әлінің шапаны, қаламсабы, көзілдірігі, қойын дәптері, қол сағаты, Г.Ысмайылованың қылқаламдары, қамзолы, сәнді сөмкелері, Ж.Нәжімеде­новтің шығармалар жинағы, пиджагі, галстугі, Ш.Қалдаяқовтың күлсалғышы, қаракөл бөрігі, Қ.Қайсеновтің қылышы, Ж.Үш­кемпіровтің алтын медальдары, О.Ши­шигинаның киімі, С.Сәпиевтің алтын медальдары, В.Смирновтың спорт­тық комбинезоны, Е.Қариннің жеке коллекциясынан 100 жебе, тағысын тағы алуан-алуан заттар. Әрқайсысы бір-бір тағдыр, бір-бір тарих. Өткен кезеңнің өшпес бояуы. Ал әлі сыры ашылмаған жәдігерлердің тылсым құпиясы тарих­тың мұнан да терең қабатына тарта түседі. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.