07 Мамыр, 2015

Елбасы мемлекеттік наградалар тапсырды

329 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев марапаттау рәсіміне қатысушыларды ең алдымен Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан Президенті марапатқа ұсынылғандардың бәрі де ерен еңбегімен, қалтқысыз қызметімен ерекшеленген жандар екенін атап өтті. «Биыл Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне тәуелсіз елдің төл наградалары тапсырылады. Бүгінгі ұрпақ Ұлы Жеңісті алып берген аға буын алдында әрқашан қарыздар. Мемлекет басшысы ретінде мен бүкіл ел атынан сіздерге мың алғыс айтамын, ардақты ардагерлер», – деді Елбасы.

Елбасы мемлекеттік наградалар тапсырды

 Мемлекеттік наградаларды тапсыру кезінде Нұрсұлтан Назарбаев ер-азаматқа туған Отанды, қастерлі тәуелсіздікті қорғап, ел тыныштығын күзетуден асқан мәртебе жоқ екенін айтты. «Сіздер сол абыройлы борышты адал атқардыңыздар және атқарып келесіздер. Сіздер соғыстан кейін де елге қызмет етуді жалғастырып, бейбіт күнде де батырлыққа орын бар екенін қапысыз дәлелдей білдіңіздер. Қоғамда тұрақтылық пен тәртіптің сақталуы да мына сіздердің еңбектеріңізге тіке­лей байланыс­ты», – деді Қазақстан Пре­зи­денті өз сөзінде.

Елдің өмірінде Отан қорғаушы ердің орны қашанда ерекше. «Ұлттық әскер – егемен елдің құрыш қалқаны. Оның басты міндеті – ұлт пен ұлыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде шекарамыздың қауіпсіздігі мен хал­қымыздың амандығын сенімді сарбаздар күзетіп тұр. Олар ата-баба­лардың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, аға буын аманатына адал болады деп сенемін. Елге қорған болу үшін ер-азаматқа қажымас қайрат, асқақ рух қажет екені анық. Сіздердің бой­ларың­ыздан соның бәрі табылады», деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

 Бұдан кейін Қазақстан Президенті мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімі екі бірдей маңызды мерекенің қарсаңында өтіп отырғанына назар аударды. «Бүгін оған елдің бостандығы мен бейбіт өмірін қорғап қалған ардагерлер қатысып отыр. Біз сіздерге «Барыс» және «Құрмет» ордендерін тапсырамыз. Бұл – бүгінгі ұрпақ сіздерге ұсына алатын сый-құрметтің бір бөлшегі ғана. Бүкіл ел, бүкіл әлем фашизмнен қорғап қалғандарыңыз үшін сіздерге борыштар. Арда­герлерді марапаттау үзілмес ұрпақ сабақтастығын айғақтайды. Сіздер­дің майдан даласы мен бейбіт өмір­дегі ерліктеріңіз әрдайым батыр­лық пен отаншылдықтың үлгісі болып қала бермек. Ұлы Жеңіске қол жеткізгендердің барлығы үшін ең үздік марапат – тәуелсіз Қазақстан, өркендеу жолындағы еліміз, азаматтарымыздың бақуатты өмірі. Бұл сіздердің ерлік­теріңіздің бекер кетпегенін дәлелдейді. Бүгінде сіздердің істеріңізді қазақ­стан­дықтардың жаңа ұрпағы табысты жалғастыруда. Ел олардың да еңбе­гін бағалайды», – деді Нұрсұлтан Назар­баев.

Қазақстан Президенті, сонымен қатар, бұл жолы ордендер мен медаль­дар тапсырылатын жандардың қа­тарында түрлі сала мен ұйымның өкіл­дері бар екенін атап өтті. «Бар­шаңызды бейбіт әрі бақуатты Қазақстанды дамытуға қосқан зор үлес біріктіреді. Қазір, бейбіт уақытта сіздер тәуелсіздікті күзетесіздер, ел шекарасын, тұрақтылықты, тыныштық пен республикамыздағы заңдылықтың сақталуын қорғайсыздар. Сіздердің өмірлеріңіз тұтастай Отанға қызмет етуге арналған. Мен сіздерге бұл наградаларды ризашылықпен тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.

Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысушыларды тағы да құттықтап, оларға зор денсаулық пен табыс тіледі.

Марапатталған ардагерлер Мем­лекет басшысына өздеріне көр­сетілген зор құрмет пен қамқорлығы, сондай-ақ, елде татулық пен тыныш­тықты қамтамасыз етіп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Сонымен, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Алматы қаласынан келген соғыс ардагері С.Жиенбаевқа және Алматы облысынан келген соғыс және еңбек ардагері С.Исаевқа табысталды.

Ал «Құрмет» орденімен соғыс ардагері М.Абдрахманов (Орал қа­ласы), соғыс ардагері З.Әділбеков (Алматы қаласы), соғыс ардагері Қ.Әміренов (Павлодар қаласы), соғыс ардагері Қ.Бекенов (Астана қаласы), соғыс ардагері Б.Боқаев (Маңғыстау облысы), соғыс ардагері В.Болотин (Қарағанды облысы), соғыс ардагері К.Брезговин (Қостанай облысы), еңбек ардагері А.Дауылбаев (Солтүстік Қазақстан облысы), соғыс ардагері М.Домовец (Шығыс Қазақстан облысы), соғыс ардагері А.Елубаев (Атырау облысы), соғыс ардагері О.Жалмағамбет (Ақтөбе қаласы), соғыс ардагері Ш.Жаныбеков (Алматы қаласы), соғыс ардагері С.Жарықбасов (Алматы облысы), соғыс ардагері Р.Житковская (Алматы қаласы), соғыс ардагері И.Қалиев (Қызылорда қаласы), соғыс ардагері И.Құрбанов (Жамбыл облысы), соғыс ардагері М.Полтарацкая (Астана қаласы), соғыс ардагері Ж.Рамазанов (Көкшетау қаласы), соғыс ардагері С.Шәменов (Оңтүстік Қазақстан облысы) марапатталды.

II дәрежелі «Даңқ» орденіне Қа­зақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Р.Әлімов, Астана қаласының прокуроры С.Бекбосынов, Қостанай облысы ішкі істер департаментінің бастығы Т.Мәткенов, Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары Қ.Ораз­құлов, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы А.Шайымова лайық деп танылды.

Ал ІІ дәрежелі «Айбын» ор­дені­мен Қазақстан Республикасы Бас про­куратурасының департамент бас­тығы Р.Досымбекова, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 1-авиа­циялық базасының ұшу дайын­дығы командирінің орынбасары М.Каушенов, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі №44803 әскери бөлімінің командирі Н.Қабақов, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасы бас штабы бастығының орынбасары – жедел бас басқарманың бастығы А.Степаненко марапатталды.

 ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің сержанты – Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының бөлім бастығы С.Шорахановқа табысталды.

«Ерлігі үшін» медалімен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жағалау күзеті өңірлік басқармасы «Сақшы» шекара кемесінің командирі Е.Ка­лишев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды облысы Ішкі істер департаментінің инс­пекторы Е.Садықбеков, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі №28079 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы десанттық-шабуылдаушы ротасының аға радиотелефоншысы С.Сармырзаев, Қазақстан Респуб­ликасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аға инженері С.Сей­фуллин марапатталды.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметі №0112 әскери бөлі­мі құрмет қарауылы ротасының командирі А.Еламановқа, Қазақ­стан Республикасы Қорғаныс минис­тр­лігі №62064 әскери бөлімінің ко­мандирі Ш.Жарылқасыновқа, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіп­сіздік комитеті «Арыстан» қызметі бастығының орынбасары Д.Жұмабековке, Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицері С.Қаб­дықұловқа, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі №29011 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары – штаб жедел бөлімшесінің бастығы Д.Қайрошевке берілді.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».