Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланысты құттықтаулар әлі де келіп жатыр
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Бельгия королі Филипптен құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Бельгия королі Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік лауазымдағы биік парызын орындауына байланысты құттықтауы мен жылы тілегін жолдаған.
Филипп, сондай-ақ, Қазақстан халқына татулық пен келісім, бақ-береке тіледі.
* * *
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Ламберто Занньерден құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Л.Занньер Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықтың сындарлы сипатына қанағаттанушылық білдірді.
«Мен Сіздің демократияландыру және елдегі азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі реформаларды ілгерілетудегі ісіңізге жәрдем ету үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенімізді айтқым келеді», – делінген хатта.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Польша Республикасының Президенті Бронислав Коморовскийден құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Б.Коморовский Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
«Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі болып саналады. Біз Сіздің елдің табыстарына қуанамыз және мемлекеттеріміздің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың өрістеуінен үміттіміз», – делінген жеделхатта.
Польша Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі ең жоғары лауазымға сайлануы екіжақты қарым-қатынастарды достық, серіктестік, өзара мүдделер мен дәстүрлерді құрметтеу рухында одан әрі нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірген.
Соңында Б.Коморовский Қазақстан Президентіне табыс тіледі.
* * *
Халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Томас Бахтың Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Т.Бах олимпиадалық қозғалыстың белді мүшесі болып саналатын Қазақстанмен серіктестіктің нығайып келе жатқанына сенімді екенін жеткізген.
«Сіз спорттың жұртты біріктірудегі маңызын жақсы түсінесіз. Мұның жақсы мысалы – Алматы қаласының 2020 жылғы Қысқы Олимпиадалық ойындарды өткізуге мықты тұжырымдамалар негіз етілген өтінім беруі. Бұл өтінім жақсы спорт инфрақұрылымына және Сіздің елдің қысқы спорт түрлеріне қатысты тәжірибесіне сүйенген», – делінген хатта.
Халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Мемлекет басшысының Қазақстанды орнықты дамытудағы қызметіне табыс тіледі.