07 Мамыр, 2015

Кодекс дауларды бейбіт жолмен шешуге жол салады

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында тоғыз мәселе қаралса, соның бесеуі заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімін айқындауға арналды. Сондай-ақ, күн тәртібінде Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу,  «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу және Азаматтық процестік кодекс жобасы жан-жақты қаралды.

«Каспий теңізінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қараған депутаттар оны қолдау керек деп шешті. Негізінен, келісім Каспий теңізінде табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда тараптардың өзара іс-қимылын реттеуге бағытталған. Көмек көрсетуден өзге төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылға даярлықты ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасу; осы салада ақпарат алмасу, ғылыми-техникалық әдебиет, зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен технологиялар алмасу сияқты жайттарды қамтиды.

Сонымен қатар, депутаттар «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да қолдау керек деп шешті. Аталған хаттама келісім шеңберінде «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру жобасына берілген бюджеттік кредит бойынша негізгі борышты өтеу және сыйақы төлеу жөніндегі жеңілдетілген кезеңді тиісті өзгерістер арқылы 2019 жылға дейін ұзартуды көздейді.

Бұдан кейін депутаттар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің жобасын ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Заң жобасы азаматтық процестік заңнаманың жеделдігін арттыру, сот ісін жүргізуде бітістіру рәсімдерін белсенді қолдану үшін заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сотта тиімді қорғауды қамтамасыз етуді көздейді, сондай-ақ, соттардың қызметіне ақпараттық техникалық құралдарды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Кодекс жобасының негізгі жаңашылдықтары ретінде істі сот талқылауына дайындау сатысын жетілдіру және дайындау мерзімін ұлғайтуды атап өткен жөн. Бұл орайда, сотқа дейінгі талқылауға барлық қатысушылар дәлелдемелерді ұсынуға тиіс. Егер олар ағымдағы кезде ұсына алмаса, онда дәлелдемелер кейінірек, сот талқылауы барысында ұсынылуға жатады.

Кодекс жобасында, сонымен бірге, адвокаттар мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, заңды тұлғалардан анықтамаларды немесе өзге де құжаттарды сұратуға және де заң көмегін көрсету үшін өзге де іс-қимылдарды жасауға құқылы деген нақты норма да көрініс тапқан. Әсіресе, медиация институтын кеңінен қолдану, оны судья тараптардың өтінішхаты бойынша жүргізетін болады. Бұл ретте, сот бекіткен медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім татуласу келісіміне ұқсас орындалатын болады. Кодекс жобасында адвокаттардың қатысуымен бітістірудің жаңа тәсілі – партиссипативтік рәсім енгізіліп отыр. Жеңілдетілген (жазбаша) іс жүргізу істерінің санатына, сол сияқты қуыным сомасы жеке тұлғалар үшін 100 айлық есептік көрсеткіштен және заңды тұлғалар үшін 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшердегі, сондай-ақ, қуыным бағасына қарамастан, қуынушы берген жазбаша құжаттарға негізделген істер жатқызылған. Заң жобасымен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында, экологиялық, жер, неке-отбасы құқықтық қатынастары және инвестициялық қызметтен туындайтын құқықтық қатынастар саласында дауды сотқа дейін реттеуді міндетті түрде қолдану көзделеді. Және де адвокаттардың заң көмегін көрсете отырып татуластыру рәсімдерін де жүргізуге тиістігі назардан тыс қалмаған.

Нотариаттық әрекеттерді жасаудың жаңа түрі – атқарушылық жазба енгізілгені мәлім болды. Ұсынылып отырған норма азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылардың дау­сыз талаптар бойынша бұзылған құқықтарды сот орындарына бармай-ақ қалпына келтіруіне мүмкіндік береді. Инвестициялар мен кәсіпкерлікті құқықтық қорғаудың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,«Егемен Қазақстан».