Әкем Мылтықбай Мергенбаев Ұлы Отан соғысына кеткенде мен 2,5 жаста екенмін. Үйдің жанындағы арық суына қол-аяғымды салып ойнап отырыппын, әкем келіп көтеріп маңдайымнан сипап, сүйіп отырғызып кетіпті. Жаратушы Алла сездірді ме, білмеймін, бір ызың, шуыл құлағыма еміс-еміс келетіндей еді. Соғыс болып жатқанын қайдан білейін, күн сайын әкемнің анасы мен өз апам жылаушы еді. Әрине, анам жастай, 23-інде жесір қалды ғой. Есейе келе, олардың жылағанын түсіне бастадым.
Біздің колхозымыздан соғысқа жарайтындардың барлығы да кетіпті. Колхоз аты «Шаруашылық» болатын, құм жиегіндегі ауыл. Білетінім, көктем кезінде жыл сайын үйде тамақ таусылатын. Қыстан қалған алыстағы колхоздың сабан-маясынан барып сыпырып дән әкелетін, оны қуырып қой, ешкі терісіне шашып соны теріп тауық құсатып жегізетін.
Ағайынды 4 бала едік. Әжем қажырлы, еңбекқор кісі еді. Өз анамыз колхоз жұмысынан қолы босамайтын. Таңның атысы мен күннің батысында қолынан кетпені, орағы, т.б. түспейтін. Ол кезде еңбеккүн жазылатын. Тек жыл аяғында ғана ақы төленетін. Қазіргідей ай сайын ақша бермейді. Тек жыл соңында бидай, ешкі, лақ берілетін.
Бірде есік алдына колхоз бригадирі келіп анам екеуі ұрысты. Бір уақытта ат үстінен бригадир анашымды сабап жатыр екен. Баламын ғой, 8-9 жастағы. Ойнап жүрген таяғымды қолыма ала салып атын үркітіп, ұрып жылай жүріп апама болыстым. Еш бір қорықпадым. Менің де үстіме қамшысы тиіп жатыр. Ол маған ешнәрсе істей алмады. Әрі шапты, бері шапты. Бригадирдің маған айтқаны есімде қалыпты, «бөлтіріктің күшігі» деді. Оны да кейін түсіндім. Ол қасқырдың күшігі дегені екен ғой. Сонан соң анам басымнан сипап тізесіне отырғызып жылады-ай келіп, көп жылады.
Осындай қиыншылық, жоқшылықта өстік. Анамыз жесір, мектепке аш, жалаңаш бардық. Мектеп 3 кластық бастауыш болды. Оқуға ынта жақсы еді. Жазғы демалыс кезінде 20-30 үйдің лақ, қозысын бағушы едім. Бұл жұмыстар мені ерте есейтті. Ағам Рымбек екеуміз аналарға көмекші бола бастадық. Егіннен масақ тердік, құмнан отын әкелеміз. Лақ, қозы баққан 3 айда ернім жалақ, балтырым жара, басым күнге күйіп жара болып кететін. Аяқ-киім болмағандықтан, жалаң аяқ бағатын едім-ау.
Осы бір кездерде аналарым әкемді айтып жылаушы еді. Соғыста қаза тапқандардың туыстарына «қара қағаз» келіп жатты. Әкеміз бірде: Саратов қаласында әскери госпитальда оң қолымнан жараланып жаттым, жазылып бітсе, соғысқа кіремін, депті. Бұл хат жас кезімде үй өртеніп кеткенде о да кетіпті дейтін анам. Осы хаттан кейін ешқандай да хабар болмапты. Қос ана жылай, қиыншылықта жүріп тылда еңбек етті. Бізді киіндірді, тамақ берді, еңбекке тәрбиеледі. Оқуымыз жақсы болды. Ағам Рымбек 1944 жылы мектепке барып 1954 жылы бітірді. Сол жылы Қырғыз мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1959 жылы бітіріп шықты. Мектепте ұстаз, кейін Талас аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Тараз қаласында пединститут 1967 жылы ашылып, оқытушылыққа ауысты. Өзі оқыған Қырғыз мемлекеттік университетінде тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды. Пединститутта 40 жылдай ұстаз болып, өмірден озды.
Мен 1957 жылы орта мектепті бітірген соң 1962 жылға дейін ауданның «Бостандық» деген совхозында 5 жыл аға шопан болып еңбек еттім. Анаммен бірге, өнегелі еңбегімді ескеріп совхоз степендия төлеп, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқытты. Әкеден ерте қалған мен қатардағы зоотехниктен ауданның ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары және туған ауылымда зейнетке шыққанша, совхоз директоры қызметтерін атқардым. Бәрі де елдің, аналар еңбегінің нәтижесі болар.
Бірақ өмірде кетпейтін бір өкініш тұрады екен. Әкемнің анасы 90-да, өз анам 77 жасында бірі баласын, бірі жұбайын сұрап, хабарын білмей дүниеден өтті. Құдайға шүкір, Қазақстан Тәуелсіздік алып, еңсесін көтерді. Елбасының арқасында өшкеніміз жанып, жоғымызды іздей бастадық. Енді, ата-ана парызын өтеу үшін Ұлы Отан соғысының 65 жылдығында Сталинградқа (Волгоград) бардық. Көп іздеуге тура келді. Сталинград түбінде Орловка деген селода көптеген зираттарды, ескерткіштерді қарадық. 3700-дей жерленген жауынгер зиратынан әкешім Мылтықбай Мергенбаевтың аты шықты. Жүрек қайғысы мен қуанышын айтып жеткізе алмаспын, мүмкін де емес. Екі көзім жасқа толып, денем босады. Әкем Мылтықбай Мергенов 1942 жылдың 27 тамызында 35 жасында Сталинград майданында қайтыс болыпты. Өкінішке қарай, Жеңістің 65 жылдығында әкем жайлы облыстық, не республикалық басылымдардың ешбірінде жазылмады. Оған мен өзім кінәлімін. Сонда 70 жылдай қазасын білмедік қой. Енді Ұлы Жеңістің 70 жылдығында айтылса екен деп тілеймін.
Әке, бізде суретің де жоқ, Отан-Анаңды қорғау жолында құрбан болдың. Мен соған мақтанамын. Бейбіт өмір сыйладың. Мен балаң ретінде өлгенімше, мәңгі қарыздармын. Кешігіп тапқаныма кешірім сұраймын. Қолымнан келгені, туған анаң мен жұбайың жатқан жерден топырақ апарып зиратыңа салдым. Ал өзің жатқан Сталинградтағы зираттан туған жеріңе – анаң мен жұбайыңның зиратына топырақ әкелдім. Ағайының мен ел-жұртыңды шақырып, саған құран бағыштадық. Менімен бірге келінің Бақытжамал, немерелерің Аят, Марат барды.
Ұлың
Мәдібек МЫЛТЫҚБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Талас ауданы, С.Шәкіров ауылы.