Әйел дегенде ең алдымен ойымызға “сұлулық”, “мейірімділік”, “нәзіктік” ұғымдары оралады. Себебі, әйел – ол Ана. Қазақта “Отан-Ана”, “Жер-Ана”, “Ана тілі” сынды текті теңеулер бар. Бұлардың барлығы да адам баласы үшін ең ұлы ұғымдар. Бір сөзбен айтқанда, Әйел-ана – адамзаттың бүкіл асыл құндылығын арқалап, ұлттың бар озық қасиеттерін жеткізуші, дарытушы, дамытушы тұлға болып келе жатқаны ақиқат. Біздің ұлттық ділімізде халқымыз – ежелден-ақ әйел затын әлпештеп, қыздарын құрметтеп, анасын ардақ тұтқан халық. Осынау үлгілі үрдіс заман талабына сай өз сабақтастығын бүгінгі күні де жоғалтқан жоқ.
Елбасының нақты тапсырмасы негізінде жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік гендерлік саясатқа орай бүгінде қоғамымыздың қай саласында да әйелдердің рөлі артып келеді. Бұл түсінікті де. Себебі, әйелдер мәселесінің гендерлік саясатпен үндесуі – бұл демократиялық дамудың ең басты шарттарының бірі.
Бұл орайда, бүгінгі таңда мемлекетімізде гендерлік саясат бағытында қажетті шешімдер қабылданып, ауқымды шаралар орындалып жатыр. 1999 жылы Қазақстан Республикасында әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі алғашқы Ұлттық іс-қимыл жоспары бекітілді. Осы жылдары еліміздің Парламенті БҰҰ-ның “Тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы” және “Әйелдің саяси құқықтары туралы” конвенциясын, Халықаралық еңбек ұйымының әйелдер мен балалар құқықтарына қатысты бірқатар келісімдерін ратификациялады.
Қазақстан Республикасының Президенті жанынан дер кезінде құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия талай шетін мәселелердің түзу жолға қойылуына мүмкіндік берді. Еліміздегі қазіргі әйел құқығы мен еркіндігіне қатысты жетістіктердің түбінде Ұлттық комиссияның сіңірген еңбегі зор деп білемін.
Бір ғана Әйелдер мен ер адамдардың тең құқықтары және тең мүмкіндіктері туралы Заңның қабылдануы – елімізді кешенді жетілдірудегі құқықтық құндылықтарды кеңейтудің бірден-бір факторы. Сондай-ақ Елбасының Жарлығымен бекітілген “Гендерлік теңдікке қол жеткізудің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясында” ерлер мен әйелдерді қоғамның барлық саласында теңестіру қарастырылған. Әрине, бүгінгі таңда осынау қолданыстағы істердің нәтижелері өзінің жемісін беріп келеді.
Әйелдердің табиғатында әлеуметтік жауаптылық басым. Сондықтан да қоғамдағы негізгі салаларға әйелдердің араласуы – адамдардың өміріне, коммерциялық және өндірістік қызметте әлеуметтік жауапкершіліктің жаңа элементтерін енгізуде. Бұл қазіргі таңда нақты дәлелденген ақиқат. Оны бүгінгі өмір қатынастарынан көріп жүрміз.
Қазіргі таңда көптеген елдерде жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесі басқару ісіне әйелдердің араласуы тұрақтылық пен мұқияттылықтың барынша көп сақталатындығын дәлелдеп отыр. Шешімдерді әзірлеу мен қабылдауға әйелдердің қатысуы – қоғам дамуының көрсеткіші. Билік құрылымдарындағы әйелдер 30-40%-ды құрайтын жерлерде қоғам әлдеқайда қарышты әрі әлеуметтік бағдарда тұрақты дамитынын көрсетіп отыр.
“Кез келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты болады. Біз бұған үлкен мән береміз”, деп Елбасының айтқаны бар. Бүгінде Қазақстан қоғамында әйелдер саясатта болсын, бизнесте болсын, экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың әр түрлі салаларында болсын, ер-азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктіліктері мен іскерліктерін танытып келеді. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне ер-азаматтармен қатар тұрып, иық тірестіре еңбек етіп, сүбелі үлестерін қосып жүр.
Бұл орайда, әсіресе Астана қаласының орны тіпті де бөлек деп айтуға болады. Қалалық құрылымдар басшылығында отырған көптеген әйел-аналар өз істерін сенімді түрде атқарып, нәтижелі тұрғыда басқарып отыр. Қазір елордадағы басшылық лауазымдағылардың 8-ін, ал жалпы мемлекеттік қызметкерлердің 58%-ын әйелдер құрайды. 3 әйел Астана қаласы мәслихатында депутаттық мандатқа ие. Қаламыздағы білім беру жүйесінің басшы лауазымдарындағы 206 басшының 145-і – әйелдер, бұл 70,3%-ды құрайды. 39 балабақша мен 5 мектеп-балабақша басшыларының барлығы да әйелдер. Мұның өзіндік түсіндірмесі бар. Себебі ұрпақ тәрбиесі мен ағарту ісі ежелден-ақ әйел қауымының бейімділігіне сай, еншісіне тиесілі дүние екені белгілі.
Дегенмен, бұл тоқмейілсіп, арқаны кеңге салатын көрсеткіш болмауы керек деп есептеймін. Біз әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге белсене қатысу мүмкіндігін одан әрі кеңейтуге тиіспіз.
Бұл орайда Астана қаласы әкімі жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінгі таңда Астанада әйелдерді саяси салада алға жылжыту және осы саладағы жаңа үкіметтік емес ұйымдарды анықтау барысындағы жұмыстарды қалыптастыру мақсатында саяси көшбасшылық мектебі құрылды. Оған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алған қоғамдық ұйымдар, жастар ұйымдары, атап айтқанда, “Астана-Бәйтерек” әйелдер клубы, “Іскер әйелдер ассоциациясының” филиалы, “Насихат-Астана”, “Астана қаласының жастар мәслихаты”, “Нұр Отан” ХДП-ның “Жас Отан” жастар қанаты сынды үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктер қатысып келеді. Қазір бұл салада, яғни үкіметтік емес ұйымдар құрып, бірқатар әлеуметтік жобалар бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жүрген белсенді әйелдер қауымы елеулі жетістіктерге жетіп жүр.
Сондай-ақ Астана қаласында кәсіпкерлік саласында гендерлік саясатты дамыту аясында ауқымды шаралар қолға алынуда. Шағын және орта бизнестің тез қарқынмен өсуі – экономиканың тұрақты және тиімді дамуының маңызды шарты екендігі бәрімізге белгілі. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы еліміздің алғашқы даму кезеңінде тұрмыстық қиындықтың негізгі ауыр жүгі әйелдерге түскені белгілі. Сол кездердегі аз көлемдегі саудадан басталып, Қытайдан, Түркиядан әкелінген тауарлар аз ғана болса да қоғамдағы әлеуметтік қиындықтарды жеңілдетті, осылай елімізде кәсіпкерліктің алғашқы сүре жолы салынды. Одан бергі уақыт ішінде экономиканың бұл секторы өз жолын тауып, дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл салада бүгінде әйелдердің рөлі әлсіреген жоқ, керісінше күшейіп келеді.
Елорда экономикасының дамуының негізгі басымдылықтары шағын және орта бизнеспен байланысты. Бұл ретте әйелдер кәсіпкерлігі ерекше назарда тұрған дүние. Ол туралы Елбасының өзі Үкіметке “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп әйел кәсіпкерлігін қаржыландырудың арнайы бағдарламасын әзірлеу мәселесін қойғаны белгілі. Соның нәтижесінде бүгінде іскер әйелдер жобаларын шағын несиелеуді қамтамасыз ету кеңінен қолға алынуда. Себебі, тәжірибе көрсеткеніндей, әйелдер әлдеқайда тиянақты және қаржыны қайда жұмсауды біледі, сондықтан да шағын несиелерді нақ әйелдерге беру көп тиімділік келтіретіні талассыз ақиқат.
Жаһандық дағдарыстың салдары әлемде жұмыссыздыққа жол ашып, экономиканы әлсіретіп кеткені белгілі. Сол себепті шағын және орта бизнестің әлеуметтік маңызы артып отыр. Дегенмен, еліміз әлемдік дағдарыстың алғашқы қиындығына шыдамдылық көрсете білді. Солардың қатарында әйел-аналар да өз ынта-жігерлері мен төзімділіктерінің, еңбексүйгіш қабілеттері мен Елбасына деген сенімдерінің арқасында еліміздің дағдарыстан табысты шығу жолында және әрі қарай инновациялық индустрияландыру бағытында, жаңа экономиканың өрлеуінде маңызды рөл атқарып келеді.
Бір сөзбен айтқанда, Астана қаласының қазіргі жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктеріне қол жеткізудегі әйел-аналардың орны ерекше, үлестері өлшеусіз екені ақиқат.
“Еркек ұрпақты тәрбиелесе, әйел ұлтты тәрбиелейді” деген қанатты сөз бар қазақта. Олай болса, жүрегінде мейірім, көңілінде көктем орнаған асыл жанды аналар, ізгі пейілді әйел азаматтар барда өміріміз де, қоғамымыз да серпінді түрде алға баса беретін болады. Мен бұған кәміл сенім білдіремін.
Аида БАЛАЕВА, Астана қаласы әкімінің орынбасары, әкім жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы.