07 Мамыр, 2015

Көктемгі шақыру

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыста жыл басынан бері Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында көптеген ұлағатты шаралар ұйымдастырылды. Бұл жолы 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағындағы тутұғыр алаңында «Әскерге шақырушылар күні» өткізілді. Шараға ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскерге шақырылушылардың ата-аналары, Ауған және локальды соғыстардың ардагерлері, әскери қызметшілер, курсанттар, ЖОО студенттері, мектеп оқушылары мен патриоттық клубтардың мүшелері қатысты. Осы жерде әскерге шақырылған 40 жас Ұлы Жеңістің құрметіне Астанада өтетін мерекелік әскери парадқа қатысатын 15 соғыс ардагерімен кездесіп, аға ұрпақтың батасын алды.

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Астанада өтетін парадқа қатысатын соғыс ардагерлері мен болашақ Отан қорғаушылар және олардың ата-аналары алдында сөз сөйлеп, алда келе жатқан мерейлі мерекелермен құттықтады. Егемен еліміздің Қарулы Күштерінің қуаттылығына тоқтала келіп, ТМД елдерінің арасында алдыңғы қатарда екенін атап өтті. Оған ақтөбеліктердің өзіндік үлес қосып келе жатқанын, тек тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта 16 мыңнан астам ақтөбелік әскер қатарында болғанын, ал, биыл 2 мыңнан астам жастардың әскер қатарына шақырылып отырғанын жеткізді. Әскерге шақырылғандар мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің кездесуін ұрпақтар сабақтастығының айқын мысалы ретінде атап өтті. Ұлы Отан соғысының ардагері Андрей Андреев пен облыстық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Ғалымжан Жантөрин әскерге аттанушыларға ақ жол тіледі. Әскерге шақырылғандар атынан сөз алған Данияр Ғалымжанов аға ұрпақтың ерлік істеріне адал болатындарын, әскерде жақсы қызмет етіп, ақтөбеліктерді ұятқа қалдырмайтындарына сендірді.

 Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Ұлы Отан соғысы ардагерлері Қазтай Тыныштықов пен Андрей Андреевке «Ерен еңбегі үшін» медалін тапсырды.

 Ақтөбелік сарбаздар «Батыс» аймақтық командованиясына қарасты №41433 әскери бөлімде әскери міндеттерін өтейтін болады. Әскерге шақырылғандарды алып кетуге келген осы әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Бақыт Әлімбаевтың айтуынша, әскерге шақырылған жастардың денсаулығы мықты, Отан алдындағы борышын өтеуге ықыласты. Ал бөлімде олардың әскер ісін меңгеруге барлық жағдай бар.

Шара аясында үш буын өкілдері – ардагерлер, қазіргі әскери қызметшілер және болашақ Отан қорғаушылар мектеп пен ЖОО студенттерімен кездесті, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен әскерге аттанушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Ақтөбе облысы.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,«Егемен Қазақстан».