Ұлы Жеңіс қаһармандары жайлы төл ақпарат көздерінен сусындауы керек, дейді Б.Байбек
Кеше Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай елордамызда өткен «Қазақстандықтар – Кеңес Одағының Батырлары» атты бейнеантологияның тұсаукесерінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді.
«Елбасының ардагерлерді ардақтау жөніндегі тапсырмасын орындап, «Нұр Отан» партиясы осы бағытта бірқатар істерді қолға алды. Соның ішінде, отандас қаһармандарымыз – 580 Кеңес Одағы Батырлары туралы мәліметтерді жинай келе, жеке бейнеантология етіп шығарып отырмыз. Бұл қатарда батыр ата-апаларымыздың ерлігін паш етуге арналған Kaharman.kz сайтын ашқанымызды да айта кеткен жөн», – деді ол.
«Ресейдің өзінде осындай 36 интернет-ресурс бар. Ал бұл – үлкен рухани күш. Сондықтан да біз жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу үшін елім деп өткен ерлерді ту етіп көтерудеміз. Кейінгі өскелең ұрпақ олар жайлы дерек іздегенде, міне, осынау ақпарат көздерінен сусындауы керек», – деп ойын жалғады Б.Байбек.
Сондай-ақ, ол Елбасының тікелей екпін беруімен жекелеген ардагерлерге коммуналдық көмек көрсетуден бастап, денсаулығын дұрыстау үшін емдеу орталықтары мен санаторийлерге жолдамаға дейін тапсырылғанын, тіптен, баспана мәселесі барларына жалпы ел аумағында 90 пәтердің берілгенін айтты.
«Жалпы, жас ұрпақ тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлерінің жанкиярлық ерлігін біліп қана қоймай, жылдан-жылға азайып бара жатқан қауымға қолдау да көрсетуі керек. Осындай қамқорлық мақсатында партия тарапынан жер-жерлерде 850 еріктілер тобы бекітілді. Біз ол кісілер үшін нендей көмек жасасақ та көптік етпейді», – деп атап өтті саясаткер.
Айта кетейік, бұл антологияны «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде Еуразиялық Топпен (ERG) бірге, Қазақстан Республикасы кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары орталық мемлекеттік мұрағатының қатысуымен «Нұр Отан» партиясы жасап шығарды.
Жобаның мақсаты – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық қаһармандардың ерлігін мәңгі есте қалдыру, сондай-ақ, әлемнің бейбіт келешегі үшін қосқан өлшеусіз үлесін жас буынға үлгі етіп көрсету.
Фильмнің тұсаукесеріне Парламент депутаттары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, «Жас Ұлан» мен «Жас Қыран» балалар-жасөспірімдер ұйымдарының өкілдері, генерал С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің курсанттары қатысты.
«Егемен-ақпарат».