16 Ақпан, 2015

«Барыс» «Амурдан» басым түсті

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Амур-Барыс сурет 03АСТАНА. 16 ақпан. «Барыс» хоккей командасы Хабаровскінің «Амурды» (РФ) сырт айдында 5:3 есебімен жеңіп, ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында қайтадан 6-орынға көтерілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Алғашқы кезең айдын иелерінің басымдығымен өтті. Десек те, ойынның 8-минутында «Амур» сапынан Сергей Перетягин кіші айыппен жазаланып, «Барыс» ойыншы басымдығына ие болды. Алайда, Андрей Назаров жаттықтыратын астаналықтар бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Есесіне, хабаровскілік команда өздеріне берілген осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, 13-минутта есеп ашты. Бұл кезде қонақтар сапынан екі бірдей ойыншы айдыннан қуылған болатын. Нақты айтсақ, 11-минутта Артем Лакиза жазаланса, 12-минутта Олег Кваша айыбын өтейтін орынға аттанды. Нәтижесінде, қарсыластар 5х3 форматында ойнап, «Амурдың» шабуылшысы Дмитрий Тарасов мергендігімен көзге түсті. Екінші кезең «Барыстың» шабуылымен басталды. Ойынның 22-минутында айдын иелері сапынан Антон Крысанов қарсыласын ойын таяғымен тоқтатқаны үшін кіші айыппен жазаланды. Бұл жолы астаналықтар ойыншы басымдығын жүзеге асыра білді. Брэндон Боченскиден пас алған Дастин Бойд таразы басын теңестірді. Кезеңнің дәл орта тұсында «Амур» тағы да есепте алға шықты. Голдың авторы Александр Рязанцев. Араға 1 минут салып, «Барыс» есепті теңестіріп кетті. Нәтижелі соққыны жасаған Боченски болатын. Бұл екі гол да ойыншы басымдығы кезінде жүзеге асқанын айта кетейік. Үзіліске дейін (34-минут) қонақтар тағы бір мәрте «Амурдың» қақпасын дәл көздеп, ойын барысында алғаш рет есептегі басымдыққа ие болды. Бұл жолы Талғат Жайлауовтың қанжығасы майланды. Шешуші кезеңде Юкка Раутакорпи жаттықтыратын «Амур» хоккейшілері қарқынын күшейтті. Тіпті, 46-минутта Евгений Орловтың көмегімен үшінші шайбаларын соғып, есепті 3:3-ке жеткізген. Дегенмен, айдын иелерінің одан әріге шамасы жетпеді. Ал салқынқандылық таныта білген «Барыс» тартыс соңына дейін тағы екі шайба соғып, маңызды жеңіске қол жеткізді. 13-минутта Найджел Доус командасының төртінші шайбасын соқса, арада 4 минут уақыт өткен кезде Боченкси дубльдің авторы атанды. Осы тартыста «Амур» қақпасын Александр Печурский, ал «Барыстікін» Павел Полуектов қорғағанын айта кетейік. Астаналықтар келесі ойынды 16 ақпан күні тағы да сырт айдында «Амурға» қарсы өткізеді. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcamur.ru. Амур-Барыс сурет 01 Амур-Барыс сурет 02