Ұзына бойғы тарихымызда туған халқының туын тіктеп, еліне тұтқа болған тұлғалар аз болған жоқ. Байырғы тарихқа көз салсақ, Еуразия даласын ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты ғұн мемлекетін құрған, елінің етек-жеңін бүтіндеп, бақуатты еткен патша, қолбасшы Мөде; исі Еуропаны Рим езгісінен азат етіп, Батыс тарихында “құтқарушы” деген атаққа ие болған атышулы ғұн қолбасшысы Еділ патша (Аттила); “тізесі барды бүктіріп, басы барды идіріп”, тоз-тоз болып, сары далада сағым қуып жүрген, исі түркі халықтарының басын біріктіріп, іргелі ел еткен Бумын, Елтеріс-Құтлық, Елетміш қағандардың байтақ тарихымызда алатын орны ерекше. Үш ғасыр бойы салтанат құрған Түркі қағанаты заманында халық дәріптеп осы үшеуіне ғана “Ел ханы” деген атақ берген.
Бұлардың қай-қайсысы да халқының бағына туып, сол жолда саналы ғұмырын сарп еткен, көне заманнан бүгінгі ұрпаққа тағылымы жеткен тұлғалар.
Қазақ жерінде Алтын Орда, Қазақ хандығы кезеңінде де, бертінде де мемлекет басқарудың әр түрлі үлгілері болды. Хандар да, билер де басқарды қазақты. Десе де, Керей мен Жәнібек те, Абылай мен Кенесары да тұтас ел, дербес мемлекет құра алған жоқ, тұтас қазаққа сөзін өткізіп, билігін жүргізе алған жоқ. Ол кезде мұндай мүмкіндік болған жоқ.
Ақселеу, Қойшығара үшеуміз 2001 жылы еліне тұтқа болған ерлердің есімін жас ұрпақтың санасында қайта жаңғырту мақсатында жазған кітабымызды “Елтұтқа” деп атаған едік. Қазақ кезінде ел басқарған кісілерге деген құрметінің белгісі ретінде есімдеріне “Әз”, “Ер” деген сөздерді қосып отырған. Мәселен, Әз Жәнібек, Әз Тәуке, Ер Едіге, еңсегей бойлы Ер Есім деген сөз тіркестерінің ел аузында бүгінге дейін сақталып жетуі халықтың аталған тұлғаларға деген шексіз құрметінің белгісі еді.
Халқымыз бүгінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты Елбасы деп атайды. Бұл – халықтың жүрегінен, ықыласынан, шын пейілінен, сүйіспеншілігінен, ризашылығынан шыққан сөз. Елбасы – бүгінде елдігіміздің символы, бірлігіміздің алтын арқауы, тұтастығымыздың, абыройлы ел болғандығымыздың белгісі.
Ел басшыларына мұндай құрметті атақ беру тек бізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде бар құбылыс. Жақында Түркия Президенті Абдулла Гүл Нұрсұлтан Әбішұлының қолына асатаяқ ұстатып, ақ шапан жауып, “Түркі әлемінің көшбасшысы” деп атады. Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін Түркия Анкарада Елбасына ескерткіш орнатты. Құрметтеудің, ардақтаудың ең жарқын мысалы осы.
Елбасы өзінің Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының Парламентіне, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Саяси бюросына жазған хатында: “Баршаңыз білесіздер, маған қарата айтылған барлық мадаққа, менің жеке тұлғамды айрықша ұлықтайтын ұсыныстарға үзілді-кесілді тыйым салып келемін. Іс басындағы Президент ретінде осы мәселе төңірегіндегі теңгеге бейне таңбалау, түрлі атақтар секілді бекершілдікке әрдайым қарсы болдым”, – деп кісіліктің де, кішіліктің де үлгісін көрсетті. Шын мәнінде мемлекетке, ұлтқа жан-тәнімен риясыз қызмет етіп келе жатқан шынайы мемлекетшіл тұлғаның жүрекжарды сөзін айтты.
Елбасын тану да – елтанудың, мемлекеттанудың енші бөлінбес бөлігі. Жиырма жылдан бері жемісті жұмыс атқарып келе жатқан Президенттің ұлан-ғайыр қызметі осы ойымыздың айқын дәлелі. Қысқа мерзімнің ішінде ел басқарудың президенттік институты қалыптасты, Тәуелсіздіктің шежіресі жасалды, Қазақстан әлемдегі ықпалды мемлекетке айналды. Осының бәрі Елбасының арқасында болып отыр.
Қазақ халқы әлденеше рет өзі сайлаған Президентін жайдан жай Елбасы деп атап отырған жоқ. Өйткені, Елбасы қазақ ұғымында Президент сөзінен әлдеқайда жоғары тұрған ұғым. Президент – атқарушы қызмет. Елбасы – елінің иесі, көшбасшысы.
Сондықтан Президент деген сөз Елбасы деген сөздің толық баламасы бола алмайды. Президенттер билік басына келеді, кетеді, ал Елбасы қайталанбайды. Оның үстіне, хакім Абай айтқандай, қазақ шенқұмар халық емес пе, осы күндері Қазақстанда президент қаптады. Бұл күнде кез келген мекеменің басшысы президент. Осылай президент деген сөздің де қадірін кетіріп алдық. Сондықтан қазіргі халық түсінігіндегі Елбасы сөзінің мағынасы өте терең, тағылымы мол. Елбасы – елдің басы, елдіктің алтын тұғыры, ешбір лауазыммен салыстыруға келмейтін биік тұлға; ел болуды бастап берген, жаңадан тәуелсіз мемлекет орнатқан, әлемдік тәжірибеде мемлекет құрудың өзіндік жолын жасаған адам; мемлекет құраушы, жаңа тарихты жасаушы тұлға. Елбасы атану үшін Тәуелсіздік алу керек, жаңадан Мемлекет орнату керек, сол елдің еңселі елордасын салу керек. Ендігі жерде тәуелсіздігіміз мәңгі жасасын, ел басына қайта күн тумасын деп тілейік.
Қадым замандардан бері қағанын қастерлеп, ханын қасиет тұтқан халқымыздың Президент Н.Назарбаевқа Елбасы мәртебесін беруі заңды құбылыс деп ойлаймын. Қаусаған елде, қираған жерде аз уақыттың ішінде түбірімен жаңа мемлекет құрып, оны әлемге танытқан Назарбаевтай тұлға арғы-бергі тарихымызда болған емес. Тәуекелге бел буып, ел тізгінін қолға алғалы бері Н.Назарбаев мемлекет құруда, ел басқаруда қателескен жоқ. Үнемі жетілумен, ілгерілеумен келеміз. Біздің бақытымыз да осында. Ерекше сый-құрметтің белгісі ретінде, билікке келген алғашқы жылдары-ақ Нұрекеңді елі ардақтап: “Үлкен кісі”, “Ел тірегі”, “Еліміздің иесі” деп атай бастағаны есімізде.
Біз күні кеше халықаралық ұйымның басшысы болып, төріне шықпақ түгілі, босағасынан да сығалай алмаған елміз. Біле білген адамға ЕҚЫҰ-ны басқару деген сөз жарты әлемнің өміріне ықпал ету деген сөз. Елбасының беделінің арқасында еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына да төрағалық етіп отыр. Алла қаласа, келесі жылы 57 мемлекеттің басын біріктіріп отырған Ислам Конференциясы Ұйымын басқармақпыз. Осының бәрі бүгінде әлемнің саясатына ықпал жасап отырған саясаткерлердің бірегейі Назарбаевтың еңбегі екенін жұрттың бәрі де біледі.
Адамзат баласына аса ірі өзгерістер әкелген жиырмасыншы ғасыр аттары әлемге жайылған, ашқұрсақ халқын тойындырып, бақуатты еткен, ұлыстығын жоғалтудың аз алдында тұрған ұлтын ұйытып, әлем санасатын қабырғалы мемлекет еткен дара тұлғаларды тарих сахнасына шығарғаны белгілі. Олардың қатарында Қытай елінің ұлы реформаторы Дэн Сяопин, сингапурлық Ли Куан Ю, үнділік Махатма Ганди, түрік Мұстафа Кемал Ататүрік және басқаларды атауға болады. Бұлардың барлығы да – өз ұлтының көшбасшысы, мемлекетінің негізін қалаушы, сол ұлттың ғана емес, әлем тарихында аттары алтын әріптермен жазылған қайраткерлер.
Иә, әлемдік тәжірибеде жаңадан мемлекет орнатқан, сол мемлекетті жаңа сатыға көтеріп, оның дәуірлеуіне, гүлденуіне ұйытқы болған тұлғаларды дәріптеп, әртүрлі атаулармен атау үрдісі әлімсақтан бар. Мәселен, Түркия мемлекетін аяғынан тұрғызып, айдай әлемге танытқан Мұстафа Кемалға – Ататүрік, Сингапурдың дамуына серпін берген Ли Куан Ю-ға – тәлімгер-министр, Иран басшысы Аятолла Хомейниге – Рухани көсем мәртебесінің берілгені белгілі. Мұндай мысалдарды әлемдік тәжірибеде көптеп кездестіруге болады. Сол секілді Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев та бүтіндей жаңа мемлекет орнатқан, оны дамудың даңғыл жолына салған, тұтастай бір ұлттың, мемлекеттің тарихын қайта жасаған әлемдік деңгейдегі қайраткер.
Бүгінгі таңда Сингапур да, Қытай да, Үндістан да, Түркия да әлемдік саясатта өзіндік орны бар, өркениет көшіне ілескен мемлекеттер. Аталған елдердің осындай деңгейге жетуіне аттары аталған тұлғалардың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Мәселен, Сингапурдың басшысы Ли Куан Ю “үшінші ел” санатына жататын кедей елді әлемнің ең бай-бақуатты елдерінің қатарына қосты. Алғашында өз елінде, содан кейін британдық Кембридж университетінде білім алған Ли Куан Ю ірі саясаткер деңгейіне көтерілді. Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі болды. Осы елдің экономикалық таңғажайыбының “әкесі” атанды. Ол өз күнделігіне “біз ағылшын тілі, заң жүйесі, басқару тетіктері секілді Ұлыбритания қалдырған ерекшеліктерді пайдаландық және оларға өз ұлтымыздың ерекшеліктерін қостық. Нәтижесінде өзгеге ұқсамайтын, өзіндік даму жолы бар, қуатты мемлекет жасай білдік”, деп жазды.
Бұл жөнінде Британ премьер-министрі Маргарет Тэтчердің: “Кезінде Сингапур бізден үйренсе, қазір Ұлыбритания Сингапурдан тәлім алуда” деп, ол елдің саясатта да, экономикада да үлкен өзгерістер жасап, әлемнің жетекші елдерінің қатарына қосылғанын таңғала мәлімдегені бар.
Ал іргелес жатқан Қытай үшін Дэн Сяопиннің орны қандай еді?
Шындығында Дэн Сяопин ешуақытта мемлекет басқармаған адам. Сөйтсе де, 1970 жылдан 1990 жылға дейін аждаһа елі соның айтқанымен жүрді. Дэн Сяопин – саясаткер, реформатор және Қытайдың Коммунистік партиясының бірегей қайраткері атанды. “Мәдени төңкеріс” тұсында әлеуметтік және саяси жанжалдардан әлсіреген Қытайды жаңа деңгейге көтерді, жаңа ойлар, тың бастамалар әкелді, социализмнің қытайлық жолын жасап шықты, экономикалық реформалардың бастамашысы болды, Қытайды әлемдік рыноктың бір бөлшегі деңгейіне көтерді.
Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемалға түріктер “Ататүрік” – “Түріктің әкесі” деген атақ берді. Сол арқылы оны Ұлт көшбасшысы деп жариялады. Түркияның алғашқы Үкіметбасы бола жүріп, ол саясатта да, экономикада да, ауыл шаруашылығында да ірі реформалар жасады. Сыртқы жаулармен, соның ішінде гректермен соғыста қалжырап шыққан Түркия сәтті жүргізілген реформаның арқасында алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды.
Үнді халқы үшін Махатма Ганди де аса құрметті жан. Бұлардың бәрі де өз халқының сыртқы басқыншылардан азат болғанын қалады. Сол үшін күресті. Бірі халқына рухани көсем болса, екіншісі елді басқарды. Күйреген мемлекетті қалпына келтіріп, күшті державаға айналдырды. Өркениеттің көшіне ілестірді. Соның арқасында өз есімдері де халықтың жадында мәңгіге сақталып қалды.
Қазақстанда да осылардай қайраткер шыққанын халқы мақтан тұтады. Ер Едігедей елінің қамын жеген, ұлтының көшін бастаған Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет, ел басқару тәжірибесінің жаңа бетін ашқан жарқын тұлға. Назарбаев халқының алдында да, әлемдік қауымдастықтың алдында да әлдеқашан мойындалған тұлға. Бүгінде Қазақстан әлемнің өркениетті елдерінің қатарына қосылды. Елбасы “ең бастысы ел бірлігі” деген ұстанымды берік ұстанды. Сәтті жүргізілген реформалар кейбір елдердің басшылары секілді елді бейтараптандырып, шекараны тұмшалап, ел мәдениетіне балта шапқан жоқ. Шекараны ашты. Сырттан инвесторлар тартты, сөйтіп халқының әл-ауқатын, тұрмысын көтерді. Халқы күйзелген жоқ, азап шеккен жоқ. Елінің үміті ақталды. Халқының келешегін болжады. Шетелге көптеп талантты жастарды оқуға жіберді.
Қырғыз елі алатайдай бүлініп, бес жыл ішінде бес рет конституцияға өзгеріс енгізіп, өздері сайлаған президенттерін тым-тырақай қуып, алпауыт елдердің қуыршағына айналып жатқанда, Қазақстан халқы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршілік кешуде. Мұның бәрі халық сенім артқан Елбасының ел алдындағы жауапкершілігін дұрыс атқарып, мемлекеттік істі дұрыс жүргізе білгендігінен.
Мықтылардың әлсіздерді өзіне қаратып алуының әлемдік тәжірибесіне көз жүгіртсек, бодан елдің бостандыққа шығуы, тәуелсіздікке қол жеткізуі қай кезде де оңай болмаған. Миллиондардың қанын мойнына артқан кеңестік тоталитарлық жүйені былай қойғанда, өзін өркениетті, ізгілікті санайтын Еуропаның Англия, Франция, Португалия сияқты елдердің отарлаушылары Үндістаннан, Алжирден, Египеттен айырылмау үшін небір қитұрқы саясатқа, зорлық-зомбылыққа барғанын тарих жақсы біледі.
Кешегі жарты әлемге әмірін жүргізіп, қойдай жусатып өргізген Кеңес өкіметі құлағаннан кейін қоғам жол айрығында тұрды. Қолдан келсе, ақыл-ойды, күш-қайратты жұмылдырып, бәсекеге қабілетті елдер қатарына ену, болмаса “құдай салды, біз көндік” дегендей, азаттықты тәрк ету жолы ғана тұрды алдымызда. Қалыптасқан жағдайдың күрделі екенін Елбасы Н.Назарбаев 1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіздіктің бірінші күнінде-ақ: “Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмалшыл, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік” деген аталы сөз айтты.
Осылайша Қазақстан тұрақтылық пен жасампаздыққа негізделген өз жолын таңдады. КСРО-ның құлауын тездеткен ұлтаралық қақтығыстар қызуы асқынып тұрған шақта, желтоқсан жарасы жазыла қоймаған кезде азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты басты міндеттердің қатарына қою барлық жағынан өзекті болатын. Сол сын сағаттарда, алмағайып заманда Н.Назарбаевтың көрегендікпен дұрыс жолды таңдай білгенін бүгінде тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарында Елбасының жанында болып, ол кісінің күйініші мен сүйінішіне, туған халқы үшін тартқан жан азабына куә болған кісілердің бірімін. Әлі есімде, 1992 жылдың күзінде Республика сарайында “Бөбек” қорына арналған телемарафон жүріп жатты. Біз сол Сарайда едік. Түнгі сағат он екілер шамасында Нұрекеңді біреу телефонға шақырды, Шығыс Қазақстаннан, облыс әкімі Амангелді Бектемісов екен. Жайсыз хабар екенін сездім. Нұрекең мазасыз күйге түсті.
– Өскеменде төрт қазақ жігітін чешендер бауыздап кетіпті, ел дүрлігіп жатқан көрінеді. Комиссия құрамыз. Самолет әзірлетемін. Сен басқарасың. Тез арада аттаныңдар, – деді.
Құрамында Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші орынбасары, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, Мемлекеттік кеңесші Қайырбек Сүлейменов бар, Өскеменге аттандық.
Қазақ, орыс, чешен болып бөлініп, кек қайнап, сұмдықтан ел дүрлігіп, Өскеменнің халқы тұтанатын отқа ұқсап тұр екен. Төрт бірдей боздақтың қорлық өліміне ызалы қазақ біткен қолына қару алып, атой салып атқа қонбақ. Қазақ атқа қонса не өліп, не жеңіп түсетіні белгілі. Көрші Семей, Талдықорған облыстарынан қазақ жастары қаптап келеді деген хабар естідік. Қала соғыс алдында тұрғандай сезілді.
Жұрттың бәріне тапсырма бердік, жауыздарды іздеуге кірістік. Жағдайды сағат сайын Президентке баяндап тұрдым. Сөйтіп үш тәулік күні-түні дамылсыз ел жұртпен кездесіп, чешендердің бар қаруы жинап алынды, халық әрең дегенде сабасына түсті. Әупірімдеп райдан қайтардық. Лаулап бара жатқан өртті өліп-талып сөндіргендей болдық.
Сөйтіп, көңілді демдеп, Алматыға оралып, істің, атқарған міндеттің бәрін түгел Елбасына баяндадым. Мұныма Нұрекең әбден риза болды:
– Қайран жастар, боздақтар, нақақ кетті-ау, қыршын кетті-ау, – деп мұңайып, көкірегі қарс айрылып, Елбасының жанарына мөлт-мөлт жас келгені әлі күнге көз алдымда. Сол тұста Елбасының туған халқын, оның үлкен-кішісін жанындай сүйетіндігінің куәсі болған едім.
Иә, әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы төрт жылы – Президенттің мемлекеттік қызметтегі тағдырының ең ауыр, ең қиын кезеңі еді.
Жас мемлекеттің іргесін бекітіп, шаңырағын шайқалтпау жолындағы саяси-интеллектуалдық күрес, дүниенің төрт бұрышынан жинақталған мемлекет құру тәжірибесін зерделеген ізденіс Елбасын үш ұлы пайым-тұжырымға және нақты қадамдарға әкелді. Атап айтқанда, Елбасы 1994 жылы наурыз айында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде көрегендікке толы – Еуразиялық одақ идеясын ұсынды, сол жылы шілдеде елорданы Ақмолаға көшіру жөнінде түпкілікті шешім қабылдады. Ал 1995 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы бүкіл-халықтық референдуммен мақұлданып, ел тағдырына қатысты барлық жауапкер-шілікті Елбасы Н.Назарбаев өз мойнына алды. Осылайша мемлекетті басқарудың президенттік жүйесіне түсе бастадық.
Астананы ауыстыру еліміздің қайта жаңаруы мен жаңғыруына айрықша серпін берді. Елбасының бұл батыл шешімі, оны көпшіліктің қызу қолдауы қазақ халқының мемлекет құраушы ұлтқа айналып, мемлекеттілігін қалыптастыруға бел шеше кіріскендігін айғақтап берді.
Елбасының “әуелі экономика, одан кейін саясат” ұстанымы аясында елімізде жүзеге асқан іргелі реформалар Арқа төсіне жаңа елорданың орнауымен өз жемісін бере бастады. Астана бүгінде нақты істердің алаңына, ел экономикасының сүйреуші күшіне айналды. Міне, осылайша, Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты мен өмірін айқындайтын негізгі шешімдердің дені Астанада қабылданып, Ақордадан өмірге жолдама алуда. Сол шешімдердің жүзеге асуы да Астанадан қадағалануда, уақыт талабына сай толықтырылуда. Сарыарқаның төріндегі салтанаты келіскен шаһар әлем назарын бірден өзіне аударды. Сөйтіп, Астана бүгінде елдігіміздің айғағына, мемлекеттігіміздің айбарына, қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Астана феноменін бүгінде Батыс пен Шығыстың басшылары, ғалымдары тамсанып айта бастады.
Ықылым заманнан бері ұлы дала төсінде сан қилы соқтықпалы-соқпақсыз кезеңдерді басынан кешірген, байтақ тарихы бар елміз. Сол тарихқа көз жіберсек, халқымыз өзі-өз болғалы Ордасын тұрғызып көрмеген екен. Қазақты қазақ болғалы Астаналы, Ақордалы етіп, төрт құбыласын түгендеген де – Елбасы Н.Назарбаев.
Өз алдымызға ел болсақ, қазақтың басын біріктірсем деп, қаншама қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендер арманына жете алмай өтті дүниеден. Сол бабалардың асыл арманына ұрпағын жеткізіп отырған да – Елбасы Н.Назарбаев.
Хан Абылай қалмаққа тұтқынға түскенде одан: “Не арманың бар?” деп сұраған екен, сонда Абылай: “Арман көп қой, ең бастысы – Үш жүздің басын қоссам деп едім, – қоса алмадым. Қала салсам деп едім, – сала алмадым. Көшіп-қонған елімді орнықтырып, тұтас ел етсем деп едім, – оны да істей алмадым. Келешек ұрпаққа осы үш арманым да – Аманат” деген екен. Абылайдың сол үш арманын жүзеге асырып, аманатын орындаған да – Елбасы Н.Назарбаев.
Халықтың бойындағы жасампаз да бұла күшті кемеңгер тұлғалар ғана аша алады. Бұған Есілдің жағасында бой көтерген, асқақтаған Астанамыз куә. Елбасы Н.Назарбаев елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана озық ойлардың ядросына айналды. Астанадан әлемдік идеялар шыға бастады.
Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылдығымен ТМД-ның кеңістік аясында құрылған Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кедендік одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді ірі құры-лымдардың маңызы күн сайын артып келеді. Қазақстанның Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі де Елбасының әлемдік қауымдастық алдындағы беделінің арқасы.
Әлемдегі алпауыт елдердің өзін қаржы дағдарысы шайқап жатқанда Қазақстан Президентінің ерте қам жасауының арқасында еліміз ол апаттан да аман шықты. Өз егемендігін алған 18 жылдың ішінде ауқымды істер тындырып үлгерген Мемлекет басшысы Ұлттық қор құрып, оған 50 миллиард доллардан аса мол қаржы жинақтаған болатын. Оның үстіне Қазақстанның бағасы төмендемеген шикізаттық экспортынан түсетін валюталық кіріс елден бұрынғы алынған несиелердің қайтарымы ретінде шет елдерге шығарылатын валюталық шығысты толық жабатындай мүмкіндік берді. Міне, осы екі жағдай бүгінгі таңда Қазақстанның қалыпты да қарқынды дамуын сақтап қалып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев – шын мәнінде әлемдік деңгейдегі тұлға. Кезінде Маргарет Тетчэр: “Назарбаев – көреген, әлемдегі ең ірі және ықпалды бес саясаткердің бірі” деп бекер айтқан жоқ. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында мыңдаған адамға қасірет әкелген Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарусыздануға жол ашқаны – осының бір көрінісі.
Елбасы Н.Назарбаевтың өткен сәуір айында Американың Вашингтон қаласында әлемдегі мен деген 50 мемлекеттің басшылары жиналған Жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің басты қонағы болғанын, маңдайы жарқырап төрде отырғанын да аса мақтанышпен айтқан жөн. Қай заманда қазақтың баласы әлемді билеп отырған алпауыт мемлекеттер басшыларымен иығын теңестіріп, қатар тұрып еді. Назарбаевтың бұл ерлігі бүгінгі күн үшін қатардағы оқиға болуы мүмкін, ал ертең тарихи құбылысқа айналары сөзсіз.
Осы ретте Америка Президенті Барак Обаманың: “Назарбаев келмесе бұл Саммит өтпес те еді” деген сөзін әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазды.
Әр нәрсеге тәубе деуіміз керек, әлемнің алпауыт елдерінің басшылары бүгінде Қазақстанға бірінен кейін бірі ағылып келіп жатыр. Бұл ЕҚЫҰ-ның төрағасы болып отырған Қазақстанды, оның келешегін сезгендіктің, Елбасы Н.Назарбаевқа деген зор құрметтің белгісі. Қалай болған күнде де бүгінгі күні Елбасы Н.Назарбаевтың халықаралық саясатта қаншалықты ықпалды тұлғаға айналғанына бүкіл әлем куә.
Осыдан 20 жыл бұрын әлемдік саясаттағы ірі реформатор Ли Куан Ю Елбасы Н.Назарбаевқа мынадай мінездеме берген екен: “Елу жастағы Назарбаев кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады”. Иә, біз мұны тұлғалардың бірін бірі жазбай тануы, шынайы бағалауы дер едік.
Өз жақсымызды өзіміз қадірлей білуіміз керек; өз асылымызды өзіміз бағалай білуіміз керек. Алтынның қолда барда қадірі жоқ демей, ел-жұртын алапаттан алып шығып, осы ахуалға жеткізген Елбасын бүгін бағалай білгеніміз жөн. Бүгін күпініп, ертең опынып жүрмейік. Халқымыздың осы бір мінезі жайында қазақтың қара өлеңінде жақсы айтылған:
Жақсылар жақсымын деп
айта алмайды,
Жамандар жақсымын деп айқайлайды.
Күнде көріп жүрген соң қадірі жоқ,
Таулардың биіктігі байқалмайды.
“Бақ бағалай білгеннің ғана басына қонады” дегендей, сары алтынмен киінген Сақ бабаның, дүниенің төрт бұрышын ат тұяғымен дүбірлеткен түрк атаның рухы ортамызға оралып, бір кісінің басына бақ болып қонғанын білгеніміз, барымызды бағалай білгеніміз дұрыс. Назарбаевтың қадір-қасиетін қазақ әлі танып болған жоқ. Күндердің күнінде мұндай адамды қазақ шарқ ұрып іздейтін болады. Халқының келешегі үшін алтын басын отқа да, суға да салып жүрген ұлыларды да аяу керек.
Елбасы туған халқын, сайын даласын жанындай сүйетін кісі. Мұнысын Нұрекең сөзімен де, ісімен де, жүрегін жарып шыққан әндерімен де, өлеңдерімен де дәлелдеп келеді.
“Жан шуағы” атты шағын жыр жинағында Елбасы ең ыстық сезімдерін, перзенттік тілегін туған жеріне, халқына арнайды:
Тәуелсізбін! Бар ма мұң?
Тәлейлі болсын талғамым!
Өркені өссін Қазақтың, –
Осы – менің арманым!
Күн тұрғанда тұратын,
Жұрты сайран құратын.
Қала болсын Астана –
Осы – менің мұратым!
О, Ақорда, Ақ шатыр,
Ұлысыма бақ шатыр.
Баянды болсын Азаттық –
Осы – менің мақсатым!
Халқым – менің тірегім,
Құрбан жаным, жүрегім!
Атымыз озсын бәйгеде –
Осы – менің Тілегім!
“Перзент үні” дейтін өлеңінде халқына былай деп ынтымақ тілейді:
Ұлы той көппен көрген халқың үшін,
Ешқашан адастырмас салтың үшін.
Жаратқан! Қазағыма ынтымақ бер,
Тұрғанда мына заман тартып ішін.
Пәк жүректен, ақ тілектен шыққан сөздер.
Елбасының батырлығына ешкімнің күмәні жоқ шығар, ел ішінде ол кісінің ақындығына шүбә келтіретіндердің бар екенін білеміз. Жастайынан мен жақсы білетін Н.Назарбаев қайраткерлігінің, кемеңгерлігінің үстіне шын ақын. Батырлар мен ақындар елінде туып-өскен кісінің ақын болмауы мүмкін емес еді. Домбыра тартып, ән салатыны да ғажап-ақ. Халық әндерінің сөзін түгел жатқа айтатынына да үнемі таңқаламын.
Басшыға бағыну берісі қазақтың, әрісі исі мұсылманның басты қағидаларының бірі. Қасиетті Құранда бұл турасында: “Ей, иман келтіргендер, Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар және араларыңыздан болған Басшыға бойұсыныңдар”, – делінген екен. Мұхаммед пайғамбар да өзінің хадисінде үмбеттеріне: “Қара нәсілді құл басшы болса да бағыныңыздар, қарсы шықпаңыздар” деп өсиет қалдырған екен. Сондықтан ендігі жерде кісілікке де жығылып, Құранның сөзіне тоқтап, бір-бірімізді сыртымыздан ғайбаттауды қойып, ұлттығымызды ұлықтап, Абай айтқандай, кемел басшының маңайына топтасып, мемлекеттік мүдде жолында бір жүрейік.
“Халық қаласа хан түйесін сояды” дегендей, Елбасы мәртебесін бекіту шын мәнінде дұрыс шешім болды. Халықтың жүрегінен шыққан бұл шешімді мен ұлт болып ұйысуымыздың, жұрт болып жұмылуымыздың, ілгерілеуіміздің, ел ретінде жаңа деңгейге көтерілуіміздің көрінісі деп қабылдадым.
Ендігі жерде елдің ертеңін ойласақ, ең адымен жатпай-тұрмай келешекті отаншылдыққа, тәуелсіздікті сүюге үйретуіміз керек. Тәуелсіздіктің тарихы мен тағылымын жас ұрпақ санасына сіңіруіміз керек. Ол үшін Отанын, туған елін, өскен жерін Мұқағалиша сезіне білуіміз керек:
Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын,
қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.
Ал, екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей-кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе Отан дер ем!
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.
Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!
Иә, Мұқағали ақын айтқандай, қадірменді Елбасының да үш бірдей асылы, үш бірдей бақыты, үш бірдей мұраты бар. Ол – Халқы, Тілі, Отаны. Бүкіл өмірінде, саясатында осы Ұлы үш қасиетті ту етіп келеді. Туы желбірей берсін!
Мұқағали ақын кемеліне толтырып, кемерінен асырып жырлаған үш бақытымызға бүгінде төртінші бақыт қосылып отыр. Ол халқымыздың өзі жан жүрегінен шығарып, шын ризашылығымен атап отырған – Елбасы бақыты. Осылайша кезінде дүниенің төрт бұрышын алған, өзіне қаратқан көк түрктің бүгінгі ұрпағы, тікелей мұрагері қазақтың төрт құбыласы түгенделіп отыр. Ендеше, барлық игіліктердің ұзағынан болғанын тілейік! Басымыздан бақ таймасын!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.