07 Мамыр, 2015

Таудағы застава

1570 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Олар табиғаттың тосын мінезін елең қылмайды. Олар күннің ыстығы мен суығында да өздеріне берілген бұйрықты бұлжытпай орындайды. Бейнелеп айтқанда, «күндіз отырмайды, түнде ұйықтамайды». Өйткені, олар Отанның тыныштығын күзетеді. Олар – шекарашылар! egemen (12) Еліміздің оңтүстік-шығы­сындағы Қытай Халық Респу­б­ликасымен арадағы мемлекеттік шекараны кірпік қақпай қорғайтын қырағы жауынгерлеріміздің бір бөлігі – Теректі шекара бекетінің сарбаздары. Алтайға арқа сүйеп, алқымынан Зайсан көлі сүйіп жатқан Күршім ауданындағы Теректі ауылын жанай өтетін мемлекеттік шекараның шебінде сап түзеген сайыпқыран сарбаздар – қазақстандықтардың бейбіт, тыныш өмірінің сақшысы. Бұл шекара бекетінің тарихы тым әріде жатыр. Айталық, 1920 жылдың 14 сәуірінде М.Фрунзе Түркістан өлкесінің мемлекеттік шекарасын қорғау үшін жеке шекара дивизиясын құру туралы бұйрық берген болатын.  Оның құрамына кавалерлік дивизионы бар 7-ші шекара полкі мен үш бригада енді. 1920 жылы Моңғолиямен арадағы шекара қорғауға алынса, келесі жылы қаңтардан бастап Күршім, Зайсан, Үшарал және Лепсі бағытында шекара қызметі қолға алынды. 1924 жылы 23 ақпанда Зайсан бағытындағы шекараны күзетіп тұрған 7-ші жеке эскадрон Зайсан шекара отряды болып қайта құрылды. Оның құрамына Бақты, Майқапшағай, Алексеевка және Өрел сынды төрт шекаралық комендатура енген еді. Яғни, аталған отрядқа Жалаңашкөлден бастап Ұлан-даба асуына дейінгі аралықты күзету тапсырылды. КСРО мен Қытай арасындағы мемлекеттік шекараны қорғауды күшейтуге байланысты 1968 жылы 1 желтоқсанда Күршім ауылына 134-ші шекаралық отряды орналас­ты. Аталған отряд 11 шекаралық застава базасында құрылды. Оның ішінде Алексеевка шекаралық комендатурасының құрамына 7 застава: Алқабек, Зеленый лог, Қарашілік, Ашалы, Алексеевка, Николаевка және Александровка кірді. Жылдар өте келе Зеленый лог және Ашалы заставалары жабылып, олардың аумағы Алқабек пен Алексеевка заставаларына берілді. Тәуелсіздік алған жылдары Алексеевка заставасы Теректі атауына өзгертілді. Қазіргі кезде Теректі шекара бекеті Қытаймен арадағы 22,5 шақырымдық мемлекеттік шекараны күзетеді. Теректі шекара застава­сы­ның бастығы, капитан Бей­біт Лұқпановтың айтуынша, шека­ралық бақылау мұнара­лары заманауи инженерлік құрылғылармен жабдықталған. Мемлекеттік шекара сарбаздардың бекітілген кезекшілігі бойынша тәулік бойы күзетіледі. Оған қандай да бір табиғаттың тосын мінезі, аптабы мен аязы кедергі бола алмайды. Темірдей тәртіп пен Отанға деген риясыз адалдықтың нәтижесінде, Теректі шекара бекетінің шекарашылары өздерінің әскери борышын мұқият орындап келеді. Мәселен, сарбаздардың қырағылығының арқасында 2012 жылы шекараны заңсыз кесіп өтпек болған екі Қытай азаматы ұсталған екен. Заставаның жеке құрамы «Ұрысқа!» пәрмені бойынша дер кезінде көтеріліп, ізшіл иттерді пайдалану арқылы шекара бұзушыларды адымын аштырмай лезде қолға түсіреді. – Біздің шекара бекетінің сарбаздары Отан алдындағы әске­ри борышын өтеумен бірге, аудандағы қоғамдық шараларға да белсене қатысады. Әскери-қызметтік іс-қимыл қорытындысы бойынша былтыр аудандағы зас­тавалар арасында бірінші орынды жеңіп алдық, – дейді шекара бекетінің бастығы. Капитан Бейбіт Лұқпанов 1986 жылы Катонқарағай ауданында дүниеге келген. 2003 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтына оқуға түсіп, 2007 жылы тәмамдап шыққан. Әскери қызмет өтілін Шонжы шекара отрядының Геопартия заставасында шекара бекеті бастығының орынба­сары болудан бастады. 2009 жылы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры М.Меркулов атындағы шекара бекетінің бастығы болып тағайындалды. 2011 жылы қызмет бабымен Күршім шекара­лық отрядының Өрел шекара комендатурасына ауысты. 2014 жылдың сәуір айынан бері Теректі заставасының бастығы болып қызмет етуде. Бейбіттің негізгі ермегі – спорт. Ол 2007 жылы ҰҚК әскерилері арасында өткен волейболдан, 2008 жылы әскери үшсайыстан жеңімпаз атанған екен. – Атам мен әкем милиция болып еңбек етті. Мен де темір­дей тәртіпке қызығып, бала кезімнен елімді, жерімді қорғау­ды армандадым. Шекарашы болға­ныма мақтанамын. Өйткені, Отаны­мыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында қызмет етуді сезінудің өзі адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінде шекарашыларға мемлекет тарапынан барлық көмек жасалған. Шекара бағандар мен сымдардан ғана тұрмайды. Мұнда әскери өмірге тән сергектік, ұдайы дайындық пен қырағылық салтанат құрады, – дейді Бейбіт Лұқпанов. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.  
Соңғы жаңалықтар