01 Шілде, 2010

ӘЛЕМДЕГІ МӘҢГІ ҚОЗҒАЛЫС

1025 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
МИГРАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ДЕ ӨЗЕКТІ

Қоныс аударушының бейімделуі мен болашағы

Ақпараттар тасқындаған жаһан­дану дәуірінде көші-қон қозғалы­сының күшейгені көпшілік елдерге тән болып отыр. Ол көптеген мәселелерге байланысты. Алысты айтпағанда, өзіміздің көршіміз Ресейде және Орта Азия республи­каларында, Қазақстанда да адам­дар­дың қоныс аударуы Кеңестер Одағы тарасымен-ақ күшті леппен басталған еді. Ол уақыт өткен сайын жаңа сипат алып келеді. Тәуелсіз достастық мемлекеттері арасында, әсіресе, Ресей мигранттар тасқынын көріп отырған ел. 1989-2009 жылдар арасында, Ресейге 12 миллион адам келіп, 5,5 миллион адам кеткен екен. “Тіл саясаты және мигрант­тардың бейімделуінің әлеуметтік-құқықтық аспектілері: проблема­лары, жүзеге асыру, болашағы” атты ІІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны Ресейдің Түмен қаласында өткізуі де тегін емес еді. “Облыстық Дума биліктің бар­лық деңгейі мен тармағында көші-қон мәселесіне басымдық беріп, назар аударып отырады. Өйткені, бұл өңір мұнай-газ кешенінің арқасында федеральдық бюджетті толтыратын негізгі көздердің бірі­нен саналады. Түменнің экономи­ка­лық даму тарихының өзінде табиғи байлықтарды игеру сырт­тан, елдің түкпір-түкпірінен білікті мамандарды шақыруы ұйымдас­тырудың арқасында мүмкін болған. Экономикасы дамыған аймақта көші-қон қозғалысы әлі де жоғары. Бірақ өңірге жақын шетелдерден келіп жатқан бүгінгі миграция баяғыдай ұйымдас­тырылған, жос­пар­лы түрде жүзеге асып отырған жоқ, барынша стихиялы түрде жүріп жатыр,–деп жазды кон­ференцияға қатысушы­ларға құт­тық­тау сөзінде Түмен облыстық Думасының төрағасы Сергей Корепанов. Тек 2008 жылы ғана Түмен облысына 53 мың адам сырттан келген. Бұл 2004 жылға қарағанда 22 пайызға көбейген көрсеткіш. Осы мигранттардың 75 пайызы Ресей Федерациясының өзіне жататын Башқұртстаннан, Дағыс­таннан, Свердлов, Қорған, Омбы облыстарынан келеді екен. Ал сырттан келетін мигранттарды негізінен Украинадан, Қазақстан­нан, Әзірбайжаннан, Қырғызстан­нан, Тәжікстаннан баратындар құрайды. Сергей Корепановтың талдап көрсеткеніне қарасақ, Түмендегі мигранттардың 72 пайы­зы қазақстандықтар екен. Мұнда сырттан келетіндердің басым көпшілігі, яғни 80 пайызға жуығы еңбек жасындағы адамдар, олар бөтен елге жұмыс іздеп барады. Ғалымдардың айтуынша, Ресей халқының саны осы миграцияның есебінен өсіп отыр және соңғы кезде оның кемімеуіне де көші-қон ықпал ететін күшке айналған. Елде жұмыс күшіне деген сұраныс та баршылық. Сондықтан көрші ел жұмысшы күшінің еркін келуі­не жағдай тудыруды ойлас­тыру дұрыс деп біледі. Үдемесе кемі­мей отыр­ған миграция артықшы­лық­­­тарымен қатар қай елге бол­сын әлеуметтік-экономикалық, ұлт­ара­лық қатынастар және қоғам­ның басқа да салаларында проблемалар жүктеуі де әбден ықтимал. Жасы­рын миграциямен бірге есірткі, бүліншілік қаупін де мамандар жоққа шығармайды. – Ресейдің көші-қон сая­са­тын­­дағы басым бағыттың бірі – миг­­рация үдерісінің құқықтық негі­зін құру болып табылады. Бұл елге келетін мигранттар тасқынын, оның ішінде жоғары білікті маман­дардың келуін қамтамасыз етер еді, – дейді Сергей Корепанов. Конференцияға Ресейдің түк­пір-түкпірінен қатысқан мамандар мен ғалымдар көші-қон саясаты­ның кездесіп отырған проблема­лық мәселелелерін қозғады. Ресей­дегі еңбек мигранттарының басты проблемасы ел аумағында уақыт­ша немесе тұрақты тіркелуінің қиын­дығынан туындайды. Елде мигра­циялық карта мерзімін созудың мүмкіндігі жоқ, онсыз жұмысқа орналасуға рұқсат алу да өте күрделі күйінде қалып отыр. Жасырын келгендіктен еңбек құқы да жиі бұзылады, сырттан келген­дер өз құқығы жөнінде аз біледі немесе тіпті хабарсыз. Тығырық­тан шығу үшін көмек сұрап заңсыз делдалдарға жүгінген мигрант­тардың өзі елдің миграция туралы заңын бұзатын кез де аз болмай­­ды. Мұның өзі мигранттар құқы­ғын қорғауды күшейту керектігін меңзейді. Конференцияға қатысу­шы­лар сырттан келгендердің құқы, тіркелуі, тұру талаптары, шет ел азаматтарын жұмыс күші ретінде пайдалану ережелері– барлығы да мемлекеттің негізгі заңдарына сәйкес заң және заң актілерімен реттелуі керектігін баса айтты. Және миграция мәселесінің барлық түйткілдері әлі де зерттеле түсуі керек. Көші-қон – бүгінгі заманның табиғи және заңды үдерісі. Оны тоқтатар күш кем. Сондықтан, миграция мәселесінің барлық проб­лемалары мен артықшылық­тары Ресеймен қатар Қазақстанға да ортақ. Конференцияға Қазақ­станнан қатысқан ғалымдардың айтқанындай, қатар жатқан екі ел көші-қон саясатында әріптес болып табылады. Дегенмен, Қа­зақ­­станның Ресейге қарағанда, мигра­циялық қарымы төмен, мұндағы көші-қонның сипаты да өзге­шелеу. Ресейге мигранттардың 80 пайызы жұмыс іздеп, күн-көріс қамымен баратындар екенін жоға­рыда айттық. Дәл Ресейдегідей тасқын болмағанымен, Қазақ­­стан­ға осындай мақсатпен көрші Орта Азия мемлекеттерінен келіп, түп­кі­лікті тұрып қалатындар да жоқ деуге болмайды. Жердің жақын­дығы, еңбекақының тиімді, уақы­тылы төленуі, жолақының арзан­дығы, қатар жатқан туысқан елдер болғандықтан Қазақстанда туыс-тумаларының болуы да көрші Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түркіменстаннан келетін стихиялық еңбек мигра­ция­сын күшейтіп отырғаны бай­қалады. Келімсек топтар көбіне саудада, ауылшаруашылығында, құрылыста тіркелмей жұмыс істе­гендіктен, көлеңкелі экономика­ның өріс алуын күшейтеді, салықтан жасырынады. Екінші жағынан жасырын келіп, әрі қолында еңбек шарты сияқты ешқандай құжаты болмағандықтан “ұсталып қалу” қаупінен мигрант­тардың өздері де психологиялық қысымда жүреді. Олар мемлекеттік органдардан барынша жасырына­ды да, барлық қолдау-көмекті Қа­зақ­­стандағы диаспора өкілдерінен күтеді. Мұның өзі елге эконо­мика­лық-әлеуметтік қана емес, ұлтара­лық қатынастарда да проблема туғызуы мүмкін. Яғни сырттан келгендердің құқығын қорғауды күшейту проблемасы Қазақстанда да өзекті. Жер жүзіне тарыдай тарап кеткен қандастардың – этникалық қазақтардың елге оралуы біздің еліміздегі көші-қон үдерісінде басты сипат алады. Қазақстан бүгінге дейін Өзбекстаннан, Моң­ғолиядан, Түркі­менстаннан, Ре­сей­­ден, Түр­киядан және басқа да шет елдерден оралман­дардың ірі тобын қабылдады. Ре­пат­риация мен қан­дастарды қабылдау жөніндегі Қазақ­­станда қалыптас­қан бай тәжірибе, Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев­тың тапсырма­сы­мен 2009-2011 жыл­­­­­дар­ға арналған “Нұр­лы көш” бағ­дарла­ма­сының жүзеге асырылуы бұл бас­қосуда көпшілікті қызықтырды. Кон­ференция шеңберінде өткен “Ре­сей-Қазақстан халықтар мен мәде­ниет тоғысында” атты дөңгелек үстел отырысында “Ресей мен басқа елдерден қоныс аударушы қазақтардың тілдік бейімделуі: оның жалпы сипаты мен ерек­шеліктері” атты баяндама жасаған Дүниежүзі қазақтары Ассоциа­ция­сының өкілі, тарих ғы­лым­дары­ның кандидаты Гүл­ғазира Балтақ­баеваға сауалдардың жаң­бырдай жаууы да сондықтан болса керек. Көші-қон және демо­графия агент­тігінің мәліметінше, 1991-2008 жылдар арасында Қазақ­стан­ға 184 963 мың отбасы ора­лып­­ты. Гүлғазира Нұранқызы орал­ман­дарды орналастыру, олар­дың әлеу­меттік және тілдік бейім­делуі туралы талдап айтып берді.

Мәселенің көп мәнісі – тілде

Конференцияның аты айтып тұрғандай, бұл халықаралық бас­қосуда тіл мәселесі айрықша көтерілді. Қатысушылардың баян­дамасынан байқалған ортақ маз­мұн – мигранттардың келген елге бейімделуі мен орналасуы, жүріп-тұруы олардың тілді қан­шалықты меңгергеніне байланыс­ты. Дүние­жүзі қазақтары Ассоциа­циясының өкілі Гүлғазира Балта­баева айт­қандай, жер жүзіндегі қырықтан аса елде тұрып жатқан қазақтар қазір үш алфавитті қолданады. Түркия, Өзбекстан мен Әзір­байжан, Түркіменстан және Еуро­паның ондаған елдеріндегі қазақ­тар – латын, Моңғолия мен Ресейде, Қырғызстанда тұрып жат­қандар – кириллица, ал Қы­тайда, Иран мен Сауд Арабия­сы, Пәкі­стан мен Ауғанстандағы қан­дастар араб алфавитімен жазып, оқиды. Ресейде, Түркияда, Иран мен Ау­ған­станда тұратын қазақ­тардың бірсыпырасы қазақ тілін­де сөйлеуді ұмыта бастаған, ал Еуропа ел­деріндегі қазақ жастары тілді мүлде білмейді. Осы орайда, “Отан–бұл, ең алдымен, тіл болуы мүмкін” деген Мартен дю Гар­дың сөзі өмір шындығы іспетті. –Тіл – тек жазу-сызудың, оқудың құралы ғана емес, бұл ойлану, пікір қалыптастыру болып табылады. Өзбекстан мен Қытай қазақтарының сол елдердің сая­сатына сай өзбек және қытай тілдерінде ғана сөйлеуі белең ал­ған. Соған байланысты бұл елдерге, ішінара Ресейдің аймақ­тарына қазақ тіліндегі әдебиеттерді жеткізу қиынға соғады, – дейді Гүлғазира Нұранқызы. Бұрынғы Кеңес Одағы құра­мында болған мемлекеттерден келетін қандастар орыс тілін жақсы біледі, Моңғолиядағы қазақтардың да орыс тілінен бірқағары бар. Сондықтан алыс шетелден тарихи отанына қоныс аударған қазақтарға латын, араб алфавиттерінен кирил­лицаға көшіп, орыс, қазақ тілдерін бірдей үйренуге тура келеді. Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанмен, орыс тілінің әлі онымен қатар келе жатуы орал­мандарға бірден байқалады. 90-шы жылдары көшедегі жарна­ма­лар, оралмандармен жұмыс іс­тей­тін мемлекеттік органдар, меке­мелер маңдайшасындағы жазу­лар мен қабырғадағы ақпарат­тық хабарлан­дырулардың барлығы да орыс тілінде жазылатын. Бұрын тілдік ортаны көрмеген қандастар аудар­ма­шының көмегіне сүйенуге мәж­бүр болған еді. Мұның өзі шеттен келген ағайынға күшті пси­холо­гиялық соққы болды, “білме­ген жердің ой-шұқыры көп” деген­дей, атамекенге тез бейім­деліп кетуіне кедергі болды, кешеуілдетті. Ресей қазақ­тарының көші-қон қозға­лы­сына марғау қа­рағаны, Қазақ­станға қарай ат­басын бұруға асықпай отыр­ғаны да тіл біл­меудің салдары. Арнайы зерт­теу­лерге жү­гінсек, Ресей қазақ­та­ры­­ның тілдік жағ­дайы асси­ми­ляция құбы­лы­сымен тіке­лей байланыс­ты. Қазақтары тұтасып отыр­ған Омбы об­лы­сының өзінде олардың орыс тілін білуі қазақ тіліне қарағанда 2,5 есе артық. Ресейдің аймақ­тарында қазақ­тар топтанып, тұтас отырған аудандар болса да қазақ мектебі жоқ. Ал Моңғо­лияда 44 қазақ мектебі жұмыс істейді. Мек­теп – тілдің дүкені, ол бар жерде қа­зақ тіліне қауіп жоқ. Конферен­ция өткен Тү­мен облысында да қазақтардың ана тілін білуі уақыт өткен сайын көмескіленіп барады, жастар жағы тілді ұмытқан. Конференцияда ғалымдар миграция мәселесінде тілдің аса маңызды рөл атқаратынын баса айтты. Сондықтан секциялық және Қазақстан мен Ресейге арнал­ған дөңгелек үстел оты­рысында сөз алғандардың ара­сында тіл мәсе­лесін айналып өткен ешкім жоқ. Конферен­цияның қорытынды­сында да оған ерекше көңіл бөліп, Ресей Федерациясының Федерал­дық жиналысына миграция сала­сындағы тіл саясаты туралы заң қабылдау керектігі немесе елдегі азаматтық туралы заңға осындай бап енгізу қажеттігі туралы ұсыныс жіберілетін болды. Ресей үкіметіне мигранттардың тілдік бейім­делуі­нің механизмдерін жасау, ре­патрианттардың тез бейімделу орталықтарын құру, сырттағы отандастарға мемлекеттік қолдау­ды күшейту, олардың Ресейге оралуын ынталандыру шараларын жүргізу ұсынылады. Сондай-ақ конферен­ция Ресейдің мемлекет­тік өкілеттік органдарының назарын шекаралас аудандарда шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалануды заңды реттеуге, оны үйлестіруді күшей­туге аударды. Ал жергілікті атқару билігіне ұлттық-мәдени автоно­мия­лар жұмысының тиімділігін арттыруға, діни бірлес­тіктердің келісімшілік потенциа­лын ұлтара­лық проблемаларды шешуге пайдалануға кеңес берді. Түменде өткен ғылыми-прак­тикалық конференцияның осы тұжырымдарының көші-қон қоз­ға­лысы дамып отырған Қазақ­станға да тікелей қатысы бар. Конферен­цияда репатрианттармен және мигранттармен жұмыс істейтін арнайы мамандарды дайындау және қайта дайындау мәселелері де көтерілді. Ғалымдар жоғары оқу орындарында көші-қон мен оны реттеп отырудың проблемалары, этнопсихология, этнотілдердің мә­де­ниетаралық қатынасы, оралман­дар мен миг­ранттар үшін психо­логия, тарих, қарым-қатынас эти­касы жөнінде арнайы курстар өткізу де уақыт талабына айна­лғанын ескертті.

Түмендегі кіші құрылтай

Ар жағы АҚШ, бер жағы Қа­зақ­­станнан келген ғалымдар мен мамандардың басын қосқан ғылыми-практикалық конферен­ция шеңберінде түмендік қазақ­тардың құрылтайы да өтті. Төмен­дегі атыраптың бәрі көрінетін төбеге ақ шаңқан киіз үйлер тігілді. Әрине, мұның кәдімгі киіз үй емес, оның темірден жасалған көшірмесі екенін де айта кеткен жөн. – Қазақстанға барып жүргенде темірден иіп жасалған киіз үйдің көшірмесі мені қатты қызық­тыр­ды. Келген соң осындағы зауыт­­­тар­дың біріндегі инженер­лерге макетін сызып беріп, жасат­тым, – дейді осы мерекені ұйым­дас­­тыру­дың басы-қасында жүрген Түмен облыстық Думасының ке­ңес­шісі, социология ғылымдары­ның кан­ди­­даты Кенесары Қойшы. Тойтөбеде сөз алған облыстық Дума төрағасының орынбасары Геннадий Корепанов облыс эконо­микасы мен білім, мәдениет сала­ларына қазақтар қосқан үлес­тің молдығын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік органдармен байланысты нығайтуда, ұлтаралық қатынасты дамытуда қазақ қоғам­дық ұйымдары мен олардың белсенділерінің жұмысы өзгеге үлгі боларлықтай екен. Қазақ қайда жүрсе де намыстан жарал­ған. Кон­ференцияға қатысушы­лар­ды ұлт­тық бояуымен, қазақы жомарт­ты­ғымен, дуылдаған қызы­ғымен таң­ғалдырған табиғат аясындағы мере­ке Есімхан Жан­тасов, Кене­сары Қойшы, Қалихан Сер­­ғазинов, Зей­нолла Ысқақов, Дүй­сембай Тас­құлин, Қайрат Көші­мов, Сүлей­мен Сыбанбаев сияқты түмендік аза­маттардың демеуші­лігімен өтті. Қазақ дүниенің қай түкпірінде жүрсе де өзінің қонақжайлылы­ғымен көзге түседі. Далада қазан асылып, самауыр қайнатылды. Киіз үйлерге “қазақша” бәкене столдар қойылып, көрпешелер төсе­ліп тасталған. Дастарқанға жылқы мен марқаның еті аралас табақтар тартылды. Ялуторов қала­сынан келген түрлі ұлт диаспора­ларынан тұратын ұлттық мәдениет орталығының мүшелері ән мен биден шашу шашты. Түмен мем­ле­кеттік университетінің Гумани­тар­лық зерттеулер инсти­туты ди­рек­­торының орынбасары, филоло­гия ғылымдарының докторы, про­фес­сор, қандасымыз Ирина Қара­булатова шырқаған қазақ әндері жиналғандарды тамсантты. Ол өт­кен жылы Ресей мен Қазақстан ара­сындағы этно­тілдер ынтымақ­тастығы саласында жеткен жетіс­тігі үшін тарихи отанының “Мә­дениет қайраткері” жоғары атағы­на ие болған, осы конференция Ирина Со­ветқы­зының бастамасы­мен Ре­сей­дің гуманитарлық ғы­лымдар қорынан ұтып алған грант қаржы­сына өт­кізілді. Ше­каралас аймақ пробле­малары қызу тал­қыланған дөңге­лек үстел мәжі­лісінде қазақ диаспо­расы туралы да кеңінен ай­тылды. Оның қоры­тындысы кон­ф­еренция қарарына енгізілді, енді ол ай­мақ­тық заң жобаларына то­лық­тыру­лар енгізу үшін Түмен об­лыстық Думасында қаралады. Ал тағы бір қандасымыз Гүлзара Чау­керованың бірінші рет Сібір татар­лары мен қазақтарының тілін са­лыс­тыра зерттегенін айта кеткен ар­тық болмас. Бұл Ресей ғалым­дары тарапынан жоғары бағаланды. Түмендегі “ Тіл саясаты және миг­рант­тардың бейімделуінің әлеу­меттік-құқықтық аспекті­лері: проблемалары, жүзеге асыру, бола­­шағы” атты ІІІ халықаралық кон­ференцияның соңы оған қаты­су­шы­лардың Тобольск және Ялу­торов қалаларының тарихи орын­дарына экскурсиямен аяқ­тал­ды. Иә, бір кездері қазақ көшінің керуені Аралдан Тобольскінің арасына созылып жатар еді... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ-ТҮМЕН-ҚОСТАНАЙ.

* * *

ТҮМЕНДЕГІ ҚАЗАҚ АУЫЛЫНЫҢ ЖҰРТЫНА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ­­­

ХХ ғасырдың басында қазақты баудай түсірген қырғын нәубеттің бірі –Коммунис­тік партияcы Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің қолымен ұйымдастырылды. Күштеп ұжымдастыруға, байлардың мал-мүлкін тәркілеуге, саяси қуғын-сүргінге қарсылық білдірген қазақтар өз туған жерін тастап, босып көшті. Ұр да жық саясат ұстанғандар ол кезде халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-салтын, тіршілігін бірден күштеп өзгертуге болмай­тынын түсінген жоқ, расы түсінгісі келген жоқ. Қазақстанның солтүстігіндегі Қызыл­жар және Қостанай өңірінен Батыс Сібірге ауа көшкен қазақтар Түмен орманы арасын­да көшіп-қонды. Тіл білмейтін және мұсыл­мандықты берік ұстанған қазақтар орыс деревня­ларына, енді құрылып жатқан кең­шар­ларға сіңісіп кете алмады. Алайда, қазақ­­тар көшпелі тірлікті көп жалғастыра алма­­ды, кеңшарға бірігуі керек болды. Түмен­дегі коммунистер әр ұлттың өзінің ауылшаруа­шылығы артельдерін құруына ықпал етті. Түменнің Қазан ауданында қа­зақ­тардың “Қызыл ту”, Голышманов ауда­нында “Ақ көл” кеңшарлары құрылды. Түменнің Қазақ­станмен шектеспейтін түк­пір­дегі Нижне­тавдинский ауданында 1938 жылы тағы бір қазақ кеңшары құрыл­ды. “Ол жапон самурай­ларына қарсы күрескен Қиыр Шығыс Қызыл армиясының құрме­тіне атал­ды” деген дерек жеткізеді архив құжаттары. Кеңшар туралы мәліметтер жергілікті архивте жеткілікті сақталып қалған. Кең­шардың алғашқы төрағасы Шериаздан Тас­баев болды. Ауыл негізінен аталас, туыс, рулас адамдардан құралды. Мысалы, ауыл­дағы бес отбасы “Тасбаев” болып жазыла­тын. Қазақтардың көпшілігі көп балалы болды. Архив құжаттарында Мұрзағали Әкішевтің, Жантас Қа­сымовтың, Қапыш Ілім­баевтың әрқайсы­сының от­басында 9 жан, Қа­сым және Мұхаммед Қы­зыл­баевтар отбасы­ларын­да 6 адамнан болғаны жазылған. Алғашқы кезде көшіп-қонып жүрген қазақтарды кеңшарға біріктіру үшін жергілікті өкімет оларға салық жеңілдіктерін жаса­ған, үй салып алуы үшін ссуда бөлген. Сол жерден қуыл­ған кулактардың бес үйін қазақ кеңшарына беріпті. Мемлекет қазақтарға ортақ меншікке мал алып, мектеп салу үшін 1000 рубль несие және 1145 гектар жер берген. Сонымен қатар, әр отбасының үйінің жанынан бір гектарға жақын жерді тағы бөлген. Ақ қайың қоршап тұрған қазақ ауылы кейінірек Садок деп аталған. Орыс деревня­сы­нан оқшау әрі ата мекен­нен де алыс ауыл өз тірші­лігімен тұрып жатты. Мұнда Ерден, Ыбырай молдалар­дың халық арасында беделі де, ықпалы да күшті болды. Олар қашып көшіп, елден жырақ кетіп қалған ағайын­ды имандылыққа, ауызбір­лікке ұйытып ұстады. Ата дәстүрге өте берік болды. Сонымен қатар, ауыл заман көшінен де қалмады, мектеп салды, ауылдағы жас мұғалима Қадиша Әкішева балаларды уақыт талабына қарай орысша оқытты. Қазақ кеңшары Қызыл әскерді жараулы, жұмысқа үйретілген аттармен қамтамасыз етті. 1940 жылы казақтар 78 гектар жерге бірінші рет егін салып, оның гектарынан 5,3 центнерден бидай бастырып алды. Бұл аудандағы орыс, татар кеңшарларына қара­ғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш болатын. Сон­дықтан өзге кең­шарлардың төр­­ағалары ас­тық­­ты аз жина­ған “зиян­кес­тігі” үшін ха­лық жауы болып кеткенде, қазақ кең­шары­ның екін­ші төр­ағасы Мұр­за­ғали Әкішев ай­далу­дан да, атылу­дан да аман қал­ды. Сібірге тұрақ­та­ған қазақтар көш­пелі тұр­мыс­тан отырық­шы­лық­­­қа осылай бейім­делді. Алайда, Ұлы Отан соғысы ұйып отырған ауыл­дың, шаруа­шы­лықтың шыр­­қын бұзып кет­ті. Ағайынға бас болып отыр­ған ер-азамат­тардың барлығы майданға ат­тан­ды. Олардың Кең­шарды бас­қарған Мұр­зағали Әкішев­тен бастап, көп­шілігі майдан даласынан орал­мады. Ауылдағы 36 отбасын, ша­руа­шылықты үш әйел басқарды. Алай­да, әйелдің аты-әйел, орыс-орманның ішінде ер-азаматтардай шаруа­шылықты ұстап тұру оларға қиын соқты. 1945 жылы ауылдың жетім-жесір­­лерінің барлығы көрші елді мекендерден нәпақасын табуға тарап кетті. Қазақстаннан барған босқындар негізін қалаған кеңшардың ақыры осылай бітті. Қазір Түмен облысында осы Садок ауы­лын, Қиыр Шығыс Қызыл армиясы атын­дағы кеңшарын құрған қазақтардың ұрпақ­тары тұрады. Қазақ екендігін, халықтың дінін, тілін, дәстүрін берік ұстанған аталар балаларына да өсиет қалдырып отырды. Түмендегі “Достық” қазақ автономиясының құрметті төрағасы Қалихан Серғазиновтың айтуынша, облыстағы қарттар мен балалар үйлерінде бірде-бір қазақ қариясы немесе тастанды бала жоқ көрінеді. – Біз, қазақтар, қариясы мен баласын жылатып қазынаның үйіне қаратуға жол бермейміз, ата жолы солай,–дейді Қалекең. Жақында Есімхан Жантасовтың басшылығымен Түмендегі қазақ қоғамдық ұйымдары белсенділері асарлатып, Қиыр Шығыс Қызыл армиясы кеңшарының, Садок ауылының жұртына ескерткіш тас қойылды. Стелаға Қиыр Шығыс Қызыл армиясы атындағы кеңшардың 36 мүше­сінің аты және олардың отбасы мүшелері­нің саны ойылып жазылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына Түмен­нің барлық аудандарында тұратын қандастарымыз жиналды. Мәскеудегі Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы, мәдени-гуманитарлық ынтымақтасу жөнін­дегі бөлім жетекшісі, филология ғылым­дарының докторы, профессор Серікқали Бәйменше қатысты. Сонымен қатар, бұл шараға жергілікті билік – Түмен облыстық думасының, облыстық ұлттар ісі жөніндегі комитетінің өкілдері, Нижнетавдинский ауданының басшылары қатысты. – Бұл стеланың орнатылуы тарихқа және оның сабақтарына деген құрмет. Бүгін ресейліктердің қазақ халқының тарихы мен ауыр тағдырынан хабардар екеніне көзім жетті. Кеңес Одағының ең солтүстігінде жатқан қазақ кеңшары біздің отандық тарихымыздың бөлінбес бір бөлшегі болып саналады, – деді Серікқали Бәйменше. Стеланың ашылу салтанатында түмендік журналист Камиль Қабдулвахитов жазған “Босып көшкендер” (“Откочевники”) атты кітаптың тұсаукесері де өтті. Архив құжат­тары мен қазақ ауылының көзі тірі тұрғын­дарының естеліктері негізінде жазылған кі­тап­қа қазақтардың ХХ ғасыр басындағы тра­гедиялық тарихы арқау болады. Кітап­тың 1000 данасын түмендік белгілі кәсіпкер, “Поиск” өндірістік бірлестігінің бас дирек­торы, Түмен қазақтарының лидері Есімхан Жантасов өз қаржысына бастырып шы­ғарыпты. Стеланың ашылу салтанатына жинал­ған­дарға “Босып көшкендер” кітабы таратылды. Тарихқа тағзым болашақ үшін жасалады. Түмендік қазақтардың мақсаты да осы. Гүлғазира БАЛТАБАЕВА, тарих ғылымдарының кандидаты, Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, “Егемен Қазақстан”.