07 Мамыр, 2015

«Ержүрек» - Осылай аталатын он томдық антология оқырманға жол тартты

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

egemen (14)

Жеңіс мерекесіне тарту ретінде, кеше Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп, аталмыш оқу ордасының бас ғимаратында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырып, арнайы дайындаған он томдық «Ержүрек» батырлық жыр-дастандар антологиясының тұсаукесерін өткізді.

Салтанатты шараны университет ректоры Ерлан Сыдықов ашты. Содан соң Қорғаныс министрлігіндегі Бас штаб бастығының орынбасары Мұхамеджан Таласов сөз сөйлеп, жиылған қауымды алдағы айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, аз уақыт ішінде осындай құнды еңбектің шығуына мұрындық болған азаматтарға, сонымен қоса, басылымның идеясын ұсынып, қаржылай көмек қолын созған Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовке  үлкен алғыстарын білдірді.

Қазақ елі тарихының қилы дәуірлерінен көркем сыр шертетін сан ғасырлар бедерінде туған әдеби үлгілер кешегі ұлы дала баһадүрлерінің ерлік дәстүрін тарихи санамызда жаңғыртуымен құнды. Ол бүгінгі ел мен жер қорғаны болып отырған айбынды сарбаздарға отаншыл рух дарытып, даңқты бабаларымыздың ерлік дәстүрінен тағылым алуға серпіліс береді. Отан қорғау жауапкершілігін жете сезінуіне ой салады.

Он томдық «Ержүрек» антологиясына тоқталар болсақ, мұнда батырлық және тарихи жырлар тарихи-хронологиялық тұрғыда қамтылған. 1-томда қазақ тарихының байырғы дәуірінің батырлық болмысы бейнеленген «Қисса Алпамыс», «Қамбар батыр», «Ер Көкше», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» дастандары бар. 2-3-томдарға Қазақ елі тарихындағы Алтын Орда дәуірінің ерлік күресін суреттейтін «Едіге», «Ер Қосай», «Сайын батыр», «Қисса Нәрікбай – Шора» «Орақ – Мамай», «Төрехан батыр» жырлары жинақталып берілген. 4-томда «Қырымның қырық батыры» циклындағы «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» дастандары қамтылып отыр. Ал XVII ғасырдағы ерлік иелері жайындағы «Орақты батыр», «Қарасай-Қази», «Еңсегей бойлы ер Есім» сынды жырлар 5-томға топтастырылған.

6-7-томдарда Абылай хан дәуірінде елдік пен ерлік туын жықпай өткен «Бөгенбай», «Қабанбай», «Батыр Баян», «Райымбек батыр», «Ер Жасыбай» секілді даңқты батырлардың тарихи тұлғасы суреттелген жыр-дастандар жинақталыпты. 9-томда ХІХ ғасырдағы отаршылдық езгіге қарсы күресте елдік пен ерлік туын асқақ ұстаған аруақты батырлар бейнесі сомдалған «Исатай-Махамбет», «Кенесары», «Ағыбай батыр», «Батыр Науан», «Жасауыл қырғыны», «Сұраншы батыр», «Саурық батыр», «Досан батыр», «Арқалық батыр» жырлары қамтылған.

Антологияның 10-томы Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмге қарсы сұрапыл майданда қазақ рухын асқақтатқан боздақтарға арналған қаһармандық поэмалармен қорытындыланыпты. Осы мақсатта көрнекті қазақ ақындарының «Ер Төлеген», «Абдолла», «Мәншүк», «Әлия», «Сұлтан», «Жиырма бес», «Ер туралы жыр», «Қайран шеше», «Батыр-дастан», «Болашақ үшін», «Мәлік батыр», «Ту тіккен», «Ақырғы граната (хабарсыз жоғалғандар монологы)», «Оқ және гүл» поэмалары берілген.

 Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.

 АСТАНА.