07 Мамыр, 2015

Ілтипат

543 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бұл күндері еліміздің барлық өңірлеріндегідей өндірісті аймақтың соғыс ардагерлері де үлкен құрметке бөленуде. Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бір топ майдангерді қабылдап, мерейлі мерекемен құттықтады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетке сіңірген ерен еңбегі, қоғамдық өмірдегі белсенді қызметтері үшін және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, орден-медальдармен марапаттау туралы қуанышты хабарды жеткізді. Алды 100 жасқа жеткен Сабырғали Күсеновтің, 90-нан асқан Сұңғат Саттығұловтың, Қапас Түсіповтің, Анна Котованың кеуделеріне «Құрмет» ордені тағылды. Сондай-ақ, Шеру Басуов, Алексей Лысяк, Талғат Дауылбаев сынды ақсақалдар «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Бірқатар қарт жауынгерлерге Қазақстан Респуб­ликасының Құрмет грамоталары тапсырылды. Ал Шахтинск қаласының ардагер тұрғыны Надежда Аюхановаға жаңа пәтердің кілті табыс етілді. Марапатталушылар мен сый-құрметке бөле­нушілер алдында Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектептің болашақ сардарлары Отан үшін адал қызмет етуге ант берді. 81-ші гимназия оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік көңіл күйді өсірді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.