07 Мамыр, 2015

Әлияға ескерткіш орнатылды

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мақтаарал ауданы Кете­­­бай ауылындағы Әлия Мол­дағұлова атындағы мектептің алдында батыр қызға биік тұғырға орнатылған бюст пен мемориалдық тақта орнатыл­ды. Ұлы Отан соғысында ер­ліктің өшпес үлгісін көрсетіп, қазақтың даңқын шығарған сұрмерген қыз бір ұлттың ғана батыры деген өлшемге сыймайды. Осы айтулы мерекеге арнайы келген Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаев Әлияның ерлігі қазақ ұл-қыздарына үлгі, өнеге болатындығын, ел басына күн туғанда асыл ер­лердің жаңқиярлық ерлікке бара­тындығын, Отан үшін отқа түскеннің күймейтіндігін айтты. Осы мерекеге Ақтөбеден арнайы келген Әлияның сің­лісі Тәжен Нұрмұхамедқызы: «Осы мектептен білім алған оқушылар Әлия сияқты Ота­нын шынайы сүйетін үлкен жүректі азаматтар болады деп ойлаймын», деген. Ескерткішті осы мектептен түлеп ұшқан азаматтар өз қар­жы­сына орнатыпты. Мемо­­­риалдық тақ­таға осы ауылдан соғысқа аттан­ған 45 солдаттың аты-жөні қашап жазылған. Жиында сөз алған Мақ­таарал ауданының әкімі Серік Тұрбеков ауданнан майданға аттанған 15 мың­нан астам азаматтың 10 мың­­­­­нан астамы оралмағанын айтты. Міне, соғыс қандай қасірет әкелген. Ауданда соғыс арда­гер­­леріне лайықты көмек көрсе­тіліп жатыр. Біріне пәтер беріл­с­е, бірінің үйі жөн­деуден өтіп, кетеуі кеткені қай­та салынып жатыр. Соғыс арда­герін алып жүру үшін көлік те берілуде.   Бақтияр ТАЙЖАН,«Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы. Сурет: 24.kz