Алматыдағы қызметі ерекше емдеу мекемесінің бірі – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасы «Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны». Аты айтып тұрғандай, емхана соғыс ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, сонымен қатар аумақтық тіркелген тұрғындарға медициналық көмек көрсететін қалалық кеңестік-диагностикалық орталық.
Биыл аталмыш емдеу орталығы ақ самайлы ардагерлердің денсаулықтарын қадағалауға қатысты кешенді іс-шаралар жүргізуде.
Қазіргі таңда бұл емхананы медицина ғылымдарының докторы Қалдыбай Мадибрайымов басқарады. Айтқандай, ол кісі геронтология саласындағы науқастардың денсаулығын тексеру мен емдеудің заманауи технологияларының бастамашысы екенін де айта кетуге болады. Осыған орай, емхана геронтологтары қаладағы басқа емханалардың геронтологтарымен бірлесе отырып, жыл басынан бері ауқымды акцияларды жүзеге асыруда. Ашық есік күндерін өткізіп, емханаға тіркелген жандарға жан-жақты көмек көрсетіп отыр.
Аталмыш емхананың онсыз да атқаратын жұмысы ардагерлерді емдеу екені аян. Дегенмен, бұл емханада ерекше ахуал орналасқан. Аурухана дәрігерлері әрбір ардагерге ерекше құрметпен қарайды, есімдерін жатқа біледі, ата-аналары қарағандай құрмет көрсетіп отырады. Үйлеріне ұдайы хабарласып, телефонмен болса да хал-жағдайларын сұрап, қажет болған жағдайда өз отбасыларында дәрігерлік көмек көрсетеді.
Ал емхана биыл «Отан қорғаушы күні» мен Жеңіс күніне арнап жыл басынан бері жұмыс істеп келеді. Мәселен, ақпан айында емхана геронтологтары Әуезов ауданында тұратын, бірақ өз бетінше жүріп-тұра алмайтын ардагерлердің үйлерін аралап, қажетті дәрі-дәрмектері бар қобдишалармен жабдықтаған болатын.
Сол сияқты Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасының базасында дөңгелек үстелдер өткізіліп, геронтологтар жасы ұлғайған пациенттердің денсаулығын сақтаудағы маңызды мәселелерге қатысты баяндамалар жасап, соғыс ардагерлеріне сый-құрметтерін де көрсетіп отыру әдемі үрдіске айналған.
Емханада Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, сонымен қатар аумақтық тіркелген тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер бригадасы құрылған. Құрамында терапевт, стоматолог, невропатолог, хирург, жалпыклиникалық анализдер мен ЭКГ жасайтын дәрігерлері бар бригада күн сайын ардагерлерін іздеп, жолға шығады.
Оған қоса, күндізгі стационарларда да ардагерлерге көмек көрсетіліп отырады. Ақ самайлы жандар кезегіне, денсаулығына қарай «Ардагер», «Аққайың», «Алматы», «Қарғалы» санаторийлерінде емделеді.
Қысқасы, аталмыш емханада ай сайын арнайы ауқымды шаралар, күн сайын емдеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, тек наурыз айында 79 адамға 770 мың теңгеге тегін стоматологиялық қызмет көрсетілген.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.