07 Мамыр, 2015

Соғыс ардагерлері коммуналдық төлемдерден босатылды

359 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2015 жылы ҰОС қатысушы­лары мен мүгедектерге, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл ең­­беккерлеріне және ҰОС Жеңіс­­ке үлес қосқан Қазақ­стан Рес­­публикасының өзге де азамат­тарына біржолғы материал­дық көмек беру үшін респуб­ликалық бюджеттен 289,8 млн. теңге, облыстық бюджеттен 200,1 млн. теңге бөлінді. Әрбір 240 Ұлы Отан соғы­сының ардагерлері мен мүгедек­теріне 250 мың теңге, ал тыл еңбеккерлеріне жергілікті бюджеттен 25 мың теңге мөлшерінде қаражат бөлінуде. Ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап облысымыздағы Ұлы Отан соғысына қатысушы­лар мен мүгедектеріне және тыл еңбеккерлеріне жәрдемақы төлеу басталды. Батыс Қазақстан облысында өткен жылдан бастап Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және Ленинградта қоршауда, концлагерьде тұтқында болған адамдарға ай сайынғы коммуналдық шығындарды өтеу үшін ай сайынғы әлеуметтік көмектің көлемі 5 айлық есептік көр­сеткішке, яки 9910 теңге­­­­­­ге дейін ұлғайтылды. Бұл өз кезе­гінде ардагерлерімізге жылыту және жылытуды қажет етпейтін мерзімді ескере отырып, ай сайын­ғы коммуналдық қызметтер төле­мінен босатуға мүмкіндік беруде. «Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев әрбір ардагерді, аға буын өкілдерін ұмытпай, оларға құрмет көрсету – біздің басты борышымыз екенін әрдайым баса айтып келеді. Міне, содан бері талай ұр­пақ жаңғырып, заман жаңарды. Ұлы Отан соғысы кезіндегі елдің ­ел­дігі мен ердің ерлігі ешуақыт­та ұмы­тылмайды. Қайта жыл өткен сайын сол соғыстағы Ұлы Жеңіс туы желбіреп, айбыны арта түседі», – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.