ПЕТРОПАВЛ. 22 маусым. Қызылжар өңірінде полиция қызметкерлері күні мен «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров, «Динамо» орталық денешынықтыру-спорт қоғамы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов, ішкі істер саласының жеке құрамы мен ардагерлер, жастар қатысты. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты рәсімде қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қорғаудағы зор үлестері үшін 15 полицей Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың, 14 полицей облыс әкімінің, 60 полицей облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор Берік Біләловтың марапаттарына ие болды.
Қала әкімі атынан бір топ қызметкерге ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Менің полициям» тақырыбына жазылған оқушылардың шығармашылық конкурсының қорытындысы шығарылды.
Осы күні күштік құрылымдардың 25 командасы арасында өткен жазғы спартакиаданың финалында жеңімпаздар белгілі болды.
Салтанатты шаралар ішкі істер саласы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.