Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылында Қостанай облысында жасөспірімдер жасаған 151 қылмыс тіркелген. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда балалар қылмысы 17 пайызға өскен. Биыл жасөспірімдер 2 ауыр қылмыс жасаған. Балалардың 86 ұрлығы ашылды. 20 автокөлік айдап кеткен де кәмелетке толмағандар. Өткен жылы 3 адамның ажалы жасөспірімдерден болған еді, қайта биыл адам өлімі орын алмаған. Балалар мен жасөспірімдер жасаған әлгі 150 қылмыстың 48-і сотқа жіберілген.
Кейде жасөспірімдер жасаған қылмыстың ауырлығы ересектерден асып түседі, жағаңды ұстатады. Биыл Арапов, Фирсов, Сковпин деген үш жасөспірімнен тұратын қылмыстық топ отыздан аса қылмыс жасаған. Олар автокөлік ұрлаумен айналысқан, адамдардың өзге де жеке мүлкін ұрлаған. Мұндай орташа ауыр қылмыс жасаған балаларды қамай алмайды, уақытша бостандығын шектейді, ата-анасының құқын да уақытша шектейді. Мұндай жүгенсіз кеткен баланы тыюға ата-ана да дәрменсіз күй кешеді. Әрине, бала тәрбиесінде алтын уақытын босқа өткізіп, бармағын тістеген әке-шешенің салы суға кетеді. – Нәресте қылмыскер болып тумайды, ол өскен сайын ортаның ықпалына тәуелді болады. Қылмыс жасайтын балалар, негізінен, берекесіз отбасыларынан шығады. Алайда, «берекесіз отбасы» дегенде, бұл ұғымды тек материалдық жағынан таразылайтын секілдіміз. Қазір керісінше, тұрмысы жағынан әлді тұратын, баласы ешнәрсеге мұқтаж емес отбасыларда да моральдық тұрғыдан берекесіздік кездеседі. Өйткені, тек жұмыспен кетіп, бала тәрбиесін екінші орынға ысырған ата-аналар отбасында, бала алдында өзінің беделін жоғалтқан. Әкенің, шешенің балаға сөзі өтпей қалады. Сондай ата-аналар облыс әкіміне өз балаларынан арашалауды өтініп, хат жазған болатын. Өйткені, ұлы ұрлаған өзгенің мүлкін өтеу үшін ата-анаға миллиондап қаржы керек болған, – дейді облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының ювенальды полиция бөлімінің бастығы, полиция капитаны Гүлмира Лежнина. – Ондай ата-аналардың құқы қорғалып, балаларын жарты жылға мемлекет қарауына алған. Облыста 2012 жылдан бері кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот жұмыс істейді. 2014 жылы осы сот ата-ана құқынан айыру және ата-ана құқын шектеу туралы 202 іс қараған. – Бізде азаматтық істердің 50 пайызы ата-ана құқынан айыру немесе шектеу туралы болады. Ата-ана құқынан айыру бар мәселені шешпейді, ол ең шекті шара болуы тиіс. Бізге қамқоршылық және қорғаншылық органдарынан баланың ата-анасын құқынан айыру туралы арыздар түсіп жатады. Біз істі қарай келгенде ата-ана өзінің міндетін атқарған болып шығады, бірақ балада психологиялық және мінез-құлықтық ауытқулар болған соң, жағдай нашарлай берген. Ондай балалар ұрлық жасағанын, көше кезгенін, сабақтан қашқанын қоймайды. Оларға ата-ананың тәрбиесімен қатар, психологиялық көмек керек. Біздің облыста мұндай балалар санаты үшін арнайы түзеу мектебі жоқ. Сондықтан біз мұндай әумесерлік мінез-құлықтағы балаларды Тараз және Қарағанды қалаларындағы арнайы мектепке жібереміз, – дейді Қостанай облысы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот төрайымы Айзада Жәнібекова. Мамандар соңғы жылдары әумесерлік мінез-құлықтағы балалар санатына арналған арнайы түзеу мектебінің қажеттігін облыс басшылығы алдына да қойған. Сот үш жылда Тараз қаласына он баланы жіберген. Бұл ісі сотта қаралғандары ғана. Психологиялық ауытқулары бар балалар қылмысқа бейім келеді. Оларды ата-анасынан, отбасынан алысқа жіберу де аса нәтиже бере қоймайды. – Балаға психологиялық көмек керек. Бірақ отбасылық құндылықтарды алдыңғы орынға қоюымыз қажет. Қандай жақсы мектеп болса да, балаға үйдің жылуындай болмайды, ата-ана мен баланың арасы алыстамауы керек, – дейді Айзада Марданқызы. Облыста балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу профилактикалық жұмыстарына аса маңыз беріледі. Мамандар тәртіпсіздікке бейім балаларға заңнамаларды түсіндіреді. Екі жақты бақылау күшті болғанда ғана баламен жүргізілген жұмыстың нәтижесі шығады. Бірақ ата-ананың өзіне де бақылау керек сәттер аз болмайды...
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.