– Қайрат Мұратұлы, Отан қорғаушы күні құтты болсын! Көк теңіздің үстінде жүрген сіздердің еліміздің тыныштығын қорғап, қауіпсіздігін сақтап жүрген еңбектеріңіз ерен. Айтыңызшы, әскери теңізші болу арманыңыз ба еді, әлде бұл салаға жастық қызығушылықпен келдіңіз бе?
– Рахмет! Әрине, әскери қызметкер болу менің бала кезден көп армандап, көп қиялдаған мақсат-мұратым болды. Алматы қаласында туып-өскен мені осы ой Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепке алып келді. Оны аяқтаған соң, 2004-2009 жылдары Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Ұлы Петр атындағы Әскери теңіз корпусында оқыдым. Осылайша еліміздің теңіздегі шекарасы саналатын Маңғыстау өңіріне, Ақтау қаласына келіп, Каспий теңізінде қызметімді бастадым. Алғашында «Ұшқыр» атты кіші күзет кемесінде штурмандық-жауынгерлік бөлімінің командирі болдым, кейіннен осы кеменің командирінің көмекшісі болып қызмет еттім. Келесі қадамым «Батыл» кіші күзет кемесінің командирі болып жалғасты. Соңғы екі жылдан бері зымыранды-артиллериялық кемесінің командирімін. Теңіз үстінде кемеде қызмет етуде алты жылдан астам тәжірибе жинаған теңізші, әрі ірі кеменің капитан-лейтенант шеніндегі командирі болып үлгердім. Бала кезімдегі арманым осылай орындалды деуге болады.
– «Орал» кемесі отандық әскери су көлігі ғой. Кеменің әлеуеті қандай?
– Орал қаласындағы «Зенит» зауытында құрастырылған бұл кеме суға 2013 жылы 30 сәуірде түсірілді. Қазір Каспий теңізіндегі тәуелсіз Қазақстанның тыныштық күзетіндегі бес әскери кеменің бірі. Автоматты басқару жүйесі бар, артиллерия, зенитті зымыран мен соққы беруші зымыран кешені топтастырылған бұл кемемен теңізшілер 72 мың шақырым аумақты алаңсыз кесіп өтіп жүр. Қызметшілер навигация жүйесі мен байланыс құралының көмегіне жүгінеді. Жеті мың аттың күші бар әскери кемеде 40-қа тарта экипаж мүшесі теңіздегі шекара мен стратегиялық маңызды нысандарды қорғау міндетімен айналысамыз.
– Жақсы екен. Әскери қызметтің оңайы жоқ қой, әйтсе де телегей теңіз үстінде тірлік етудің, нақтырақ айтқанда, Отан алдындағы аса маңызды әскери міндетті орындаудың қиындығы зор болар?!
– Оңай емес. Құдайға шүкір дейік, еліміз тыныш, шекарамыз бүтін. Осы тұрақтылық сақталса, апталап үй көрмей, үнемі теңіз төрінен табылатын біздің күнделікті жұмысымыздың қиындығының өзі біз үшін қызықты, әсерлі болып қала бермек. Әскери теңізші қызметі қаншалықты қиын болса да, ТМД елдерінде алғашқы боп әскери кемеде қызмет жасаған қыз да біздің кемеде. Байланыс жауынгерлік бөлімінің технигі, бірінші сатылы старшина Ибраева Жанар Еркінқызы – үлгілі әскери қызметкер. Бұдан қыздар да ел тыныштығын қорғауға ер-азаматтармен бірге атсалысып, Отанға тегеурінді қызмет ете алатындығын, қандай қиындықтан да қашпайтындығын айтқым келеді. Қазіргі кездесіп тұрған қиындық ауа райында ғана ғой, ірілі-ұсақты толқындар, дауылдар кемені желдің бағыты мен екпініне, толқынның соғысына қарай ыңғайлап жүруді талап етеді. Біз алты жыл бойы Каспий теңізінің қыр-сырына біраз қанығып қалдық.
– Мерекені қалай қарсы алудасыздар?
– Биыл тамыз айында Каспий маңындағы мемлекеттердің, яғни Қазақстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Ресей және Иран елдері әскери кемелерінің арасында алғаш рет кеме биатлонынан халықаралық сайыс өтпек. Қазақстаннан «Орал» және «Сарыарқа» кемелері осы жарысқа қызу дайындық үстінде. Адам құтқару, нысананы жою, апатқа ұшыраған кемеге көмек беру, түрлі жағдайларда команда қабылдау, кемелердің бірін-бірі сүйреуі сынды сан алуан жарыстармен бірге, жағалауда экипаж мүшелері арасында спорттық сайысы қоса өтеді. Көк байрақты көкке көтеріп, еліміздің мерей-мәртебесін арттыру, қазақстандық әскери-теңізшілердің әлеуетінің зор екендігін таныту үшін жұмыстанудамыз.
– Сәттілік тілейміз. 28 жастағы кеме командирінің жеке өмірі, отбасы жайлы біле кетсек.
– Мен ата-анамның жалғыз ұлымын, бір қарындасым бар. Әдетте жалғыз ұлды ата-аналары алыс жаққа, ауыр қызметке жіберуге қимай қиналады емес пе? Менің ата-анам тарапынан қимастық болған шығар, алайда қарсылық болған жоқ. Менің өмірлік жолыма, мамандығыма түсіністікпен қараған ол кісілерге алғысым шексіз. Қазір өзім де отбасылымын, төрт перзентім бар, зайыбым банк саласында қызмет етеді.
– Мерекеге орай әріптестеріңізге тілегіңіз?
– Ең бірінші елімізге тыныштық, халқымызға амандық тілеймін. Ешқашан жамандық болмасын және Отан қорғаушылардың дені сау, білігі де, білегі де мықты нағыз жауынгер болуына тілектеспін!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.