Орал «Зенит» зауыты өзінің су жаңа кемесінің тұсауын кесіп, оны суға түсіру рәсімін өткізді. Айбыны асқақ шараға еліміздің Әскери-теңіз күштері саласының қызметкерлері мен зауыт жұмысшылары және қала тұрғындары жиналды.
Тәуелсіздікке қол жеткен жылдардан бастап «Зенит» зауыты еліміздегі кеме өндірісі саласының көшбасшысы атанды. Каспий теңізіндегі шекара тыныштығын күзетуге аттанатын зениттіктер шығарған 23-ші кеме. Бұл кеменің ерекшелігі су бетінде үздіксіз 3-5 тәулікке дейін, сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүзе алады. Сонымен қатар, әлемдік кеме жасаудағы барлық технологиялар ескерілген, қаруы да қуатты. Тез қозғалып, күрт бұрыла алатын «FC-19» кемесінің күшімен теңіз шекарасын бұзушылар мен заңсыз балық аулаушы талай қылмыскердің құрықталары сөзсіз екендігін айтады сала мамандары.
– Теңіз тыныштығы, ондағы тәртіпті қадағалау берік қолда екендігіне нық сенімдіміз. Бүгінгі күні мемлекетіміздің айбынын, қуатын шын мәнінде арттыратын, туған өңіріміз үшін кеудемізде мақтаныш сезімін ұялататын тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болғалы отырмыз. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын күзетуге зор үлестерін қосып жүрген «Зенит» зауыты қызметкерлеріне алғыс айтамын. Бүгінгі суға түсірілгелі отырған кемемен ондағы шекарашыларға сәт сапар, ақ жол тілеймін, – деді құттықтау сөзінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.
Салтанатты шарада сөз алған әскери-теңіз саласы қызметкерлері мен зауыт басшылығы да кемеге сәтті сапар тіледі. Бұдан соң келген қонақтар суға түсірілген кемені аралап көрді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ, журналист. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.
Суретті түсірген Медет ДОСЫМОВ.