________________
АСТАНА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ШАХМАТ ДОДАСЫ Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің спорт кешенінің базасында Украинаның Қазақстандағы елшілігінің бастамасымен дипломатиялық өкілдіктердің командалары арасында жедел шахматтан халықаралық турнир өтті. Ол Украинаның Конституциясы күніне және Украина Жоғарғы Радасының республика тәуелсіздігі туралы декларацияның жарияланғанына 20 жыл толу құрметіне арналды. Турнирді ұйымдастырған Украинаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Николай Селивон жарысты ашып, жиналғандарды келе жатқан мерекемен құттықтап, Президент Әкімшілігі, Парламент Сенаты мен Мәжілісіне, сондай-ақ, Ресейдің, АҚШ-тың, ГФР-дың, Қазақстан СІМ-нің дипломатиялық өкілдеріне және турнирді өткізген Еуразия университетіне алғыс білдірді. Мәжіліс командасын бұл турнирге палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Валерий Вишниченко бастап барды. Жарысқа Қазақстан шахматының атын шығарған халықаралық гроссмейстер, республиканың бірнеше мәрте чемпионы, бүгінде Президент Әкімшілігінің жауапты қызметкері Дәрмен Сәдуақасов пен ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетердің қатысуы айрықша көрініс берді. Шахмат алаңында бәрі де жеңіс үшін шынайы “шайқасқа” түсті. Жеңістің бас тұғырында Дәрмен Сәдуақасовтың командасы, одан кейін Еуразия университеті тұрды. Үшінші жүлделі орынды депутат Валерий Вишниченко мен Парламенттің шаруашылық басқармасы инженерлік орталығының өкілі Марат Қожахметов құрамына енген Парламент Мәжілісінің командасы иеленді. “Егемен-ақпарат”._______________
БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАП БӘСЕКЕСІ Осы аптаның басында Астанадағы “Дәулет” спорт кешенінде бокстан ересектер арасында Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы халықаралық турнир басталды. Бокс федерациясының ұйымдастыруымен осымен екінші мәрте өткізіліп отырған турнирге көптеген спорт саңлақтары келді. Соның ішінде атақты кәсіби боксшы Майк Тайсон да бар. Бұл бәсекеге “Темір Тайсон” құрметті қонақ ретінде келуді жөн көріпті. Аталмыш турнирдің ашылу салтанатында Майк Тайсон Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаевпен бірге, шаршы алаңға шыққан жігіттердің алғашқы жекпе-жектерін тамашалады. Осы күні кешке таман басталған жарыста 51 кг. салмақтағы биылғы республика чемпионы Мирас Жақыпов қарсыласын жүндей түтіп жеңсе, 54 кг. салмақта Темірбек Диханбаев пен Біржан Жақыпов бәсекелестерінен айласын асыра алмады. Осыдан кейін қызықтың көкесі 64 кг. салмақта өткен сында болды. Онда еліміздің екі боксшысы өзара кездесіп, соның біреуі жарысты әрі қарай жалғастыра алмай сан соғып қалды. Мерей Ақшалов пен Данияр Елеусіновтің арасында өткен шиеленісті жекпе-жекте алғашқысы 7:6 есебімен жеңіске жетті. Одан әрі осы салмақта Әділет Егізеков түркімен Шармұрат Гелдімұратовтың екі аяғын бір етікке тығып, сұлатып салса, осы салмақтағы тағы бір боксшымыз Алмасбек Алмасбаев украиндық Богдан Шелестюкті рингтің төрт бұрышына тығып, 10:0 есебімен ұтты. Турнирде ең жеңіл, яғни 48 кг. салмақта күш сынасқан Ілияс Сүлейменов жанкүйерлерді шеберлігімен тәнті етті. Ол Таннакун Мудиенселагті (Шри-Ланка) 18:3 есебімен жеңді. Сондай-ақ, осы күні Жандос Момынов (57 кг.) ресейлік Дмитрий Полянскийден басым түссе, Самат Бәшенов (60 кг.) моңғол Зоригбаатар Енхзорикті 16:2, осы салмақтағы Айдар Әмірзақов тәжік Мұхаммед Мирзоалиевті 5:0 есебімен тізе бүктірді. Турнирдің екінші күні таңертеңгілік жекпе-жектерде 57 кг. салмақтағы Думан Әлімов пен Мәди Шолақов әдемі өнер көрсетті деуге болады. Осы күні жеребе бойынша тағы да қос боксшымыз өзара қолғап түйістірді. Жандос Момынов пен Мұхит Амантаевтың арасындағы айқас алғашқысының пайдасына шешілді. Келесі жекпе-жекте Василий Левит грузин Давид Гогишвилиді 6:4 есебімен ұтса, тағы да қос саңлағымыз күш сынасқан бәсекеде Рүстем Іргебаев Ермек Үсеновті 5:1 есебімен жеңді. Одан кейін Досжан Оспанов Украинаның күміс жүлдегері Александр Трифоновты, Рүстем Сыбаев сол елдің тағы бір өкілі Александр Стрецкийден айласын асырса, Серік Сәпиев сириялық Абдул Моуен Азизерді екі рет нокдаунға жіберіп жеңді. Сонымен бірге, осы күні Дәурен Елеусінов украиндық боксшыны жеңсе, Данабек Сужанов жеребе бойынша тағы да отандасымызбен қолғап түйістіріп, Әділбек Ниязымбетовті ұтты. Одан кейін Данияр Төлегенов, Азамат Белгібаев, Ердос Жаңабергенов, Марат Қиясов қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді. Кеше “Дәулет” спорт кешенінде бірнеше секция бойынша керілген шаршы алаңдарда 40 жекпе-жек өтті. Елбасының кубогы жолындағы бәсекеге бас бапкер Мырзағали Айтжановтың жетекшілігімен ұлттық құрама үш құраммен қатысуда. Қазір шаршы алаңға мына боксшылар шығып отыр. Біржан Жақыпов, Ілияс Сүлейменов, Мардан Берікбаев, Теміртас Жүсіпов (48 кг.), Мирас Жақыпов, Хабиболла Исмаил – Ахунов, Н.Жүсіпов (51 кг.), Данияр Төлегенов, Міржан Рақымжанов, Т.Диқанбаев (54 кг.), Жандос Момынов, Думан Әлімов, Мұхит Амантаев (57 кг.), Айдар Әмірзақов, Самат Бәшенов, Ғани Жайлауов (60 кг.), Данияр Елеусінов, Әділет Егізеков, Алмас Әлібеков (64 кг.), Манат Өмірзақов, Серік Сәпиев, Рүстем Сыбаев (69 кг.), Данабек Сужанов, Нұрболат Жарманов, Хамза Байматов, Дәурен Елеусінов (75 кг.), Алмат Серімов, Марат Қиясов, Ердос Жаңабергенов, Азамат Белгібаев (81 кг.), Василий Левит, Данияр Үстембаев (91 кг.) және аса ауыр салмақтағы Иван Дычко, Досжан Оспанов, Рүстем Іргебаев, Руслан Мырсатаев, Ермек Үсенов. Дастан КЕНЖАЛИН.