07 Мамыр, 2015

Өшпес даңқ - «ҚазМұнайГаз» жастары ардагерлерді құттықтады

342 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

egemen (19) egemen (22) egemen (18)

Ұлы Отан соғысының аяқталып, Жеңіс жалауы желбірегеніне – 70 жыл. Айтулы күн қарсаңында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың Жастар кеңесі бастамашылық танытып «Бабалар сыйлаған бейбіт күн» атты акция ұйымдастырды. Акция аясында жастар респуб­лика өңірлерінде ардагерлермен кездесу өткізіп, оларға ақшалай көмек көрсетіп, тұрғын үйлерін жөндеуден өткізіп, сауапты іс атқарды.

Сұрапыл соғыс жылдарында оқ пен оттың ортасында жүріп, елін қорғаған сарбаздарға қандай құрмет көрсетілсе де артық болмас. Сондықтан да, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жанындағы Жастар кеңесі жыл сайын ардагерлердің үйлеріне барып құттықтауды үлкен парыз санайды. Бейбіт күнді сыйлаған қарт майдангерлерге қаржылай көмек көрсетіліп, сыйлықтар табыстап, қазыналы қариялардың әңгімелерін тыңдайды. Биыл да сол игі дәстүр жалғасын табуда.

Сондай жүздесудің бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, Ас­тана қаласының тұрғыны, 94 жастағы Шаймұхан Мұқановтың шаңырағында өтті. Екінші дү­ниежүзілік соғыс майдангері, мемлекеттік қауіпсіздік орга­ны­ның құрметті қызметкері, пол­ковник Шаймұхан Мұқанов Семей облысындағы Абыралы ауданының тумасы. 1941 жылдың 22 маусымында келген суық хабар жас азаматтың өмірін түбегейлі өзгертті. Сол күні-ақ, тұтқиылдан соғыс бастаған немістерге қарсы тұру үшін ол Ленинград майданына аттанды. 10 шілдеде 177-ші атқыштар дивизиясының құрамына кіріп, соғыстың бел ортасында жүрді. Жаужүрек жау­ынгер сұм соғыс аяқталғанша алғы шепте атойлап Отан үшін, туған жер үшін аянбай шайқасты. Айбынды атқарған міндетінің арқасында кіші әскери техниктен атқыштар батальонының майор шеніндегі командирі дәрежесіне дейін көтерілді.

– Менің өмірлік мектебім қар­ғыс атқыр қатал соғыс болды, жастық шақ, балалық шақ деген менде болған жоқ. Шайқас ала­ңында жүріп ержеттім, шы­нықтым. Соғысқа алғаш кіргенімде техник, кейін рота пулеметшісі, ал соғыстың ең қиын тұсы – 1942 жылдың ақпан айында батальон командирі едім. Ол кезде жасым 20-дан асқан бозбаламын, ал бір батальонда 600 шамасында жауынгер болды. Қан майданда қатарыңның қыршынынан қиылып жатқанын көріп, еріксіз бойыңа қуат жинап, жеңіске ұмтыла түсесің, – дейді Шаймұхан Мұқанов қария өткен зұлматты еске алып.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ жанындағы Жастар кеңесі ешқандай нұсқаусыз өз бастамаларымен елордадағы 10 ардагерді, ел аймақтарындағы 60-қа жуық майдангерді құттықтауды жоспарға алып, қазіргі таңда сол шараларды жүзеге асыруда.  Жалпы, бұл шараға «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының Қазақстан бойынша 40-қа жуық еншілес және тәуелді кәсіпорындарындағы Жастар кеңестерінің мүшелері атсалысуда. Еліміздің Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда облыстарында және Астана, Алматы қалаларында осындай шаралар жүргізіліп жатыр.

Құттықтау құрметіне ие болған ардагерлер арасында Мәскеу, Ле­нинград қалаларын жаудан қорғаған және Сталинград шай­қасына қатысқан майдангерлер, Ресей, Беларусь, Украина және Еуропа қалаларын азат етушілер, көптеген жауынгерлік ордендер мен медальдардың иегерлері, тыл еңбеккерлері бар. Осылайша, жастар Жеңіс күнін сыйлап, бейбіт күнге қол жеткізген жандарға алғыстарын білдіруде. Ұрпақтар жалғастығы деген, міне, осы болар!

Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».