Ақмола облысы, Ақкөл ауданында орналасқан «Боровичок» демалыс аймағы 25 жылдан бері балдырғандардың күлкісімен көмкеріліп келеді. Жыл сайын астаналық балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері аталған демалыс орнында жазғы күндерін қызықты өткізуге мүмкіндік алады. Сауықтыру маусымының ашылуына арналған салтанатты сап түзеу өткізілді.
«Астаналық балалар үйі тәрбиеленушілері 3 ай бойы «Боровичок» жазғы лагерінде демалатын болады. Былтырғы жылы 250 бала тәрбиеленген болса, биылғы жылы 134 бала қарауымызда. Жыл сайын мұнда келушілердің саны азайып келеді, әрине бізді қуантатын жағдай. Бұл елімізде жетімдер санының азайып жатқандығының көрсеткіші. Осы уақытқа дейін жүз бала патронаттық қамқорлыққа алынды. Отбасы тәрбиесіне алынса да 25 жасқа толғанша міндетті түрде қадағалауымызда болады. Біз қанша жақсылық жасағанымен, әрбір сәби жүрегі ата-ананың мейіріміне бөленуін аңсайтыны анық», дейді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.
Балалар үйі тәрбиеленушілердің туыстық байланыстарын ескере отырып 12 отбасына бөлінген. Мұнда балалар 4 жастан бастап мектеп бітіргенге дейін тәрбиеленеді.
«Балалар үйінде 19 жылдан астам қызмет етемін. Бұл лагерь табиғаты өте әсем жерде орналасқан. Демалыс кезінде балалардың таза ауада көбірек болуына және сапалы білім алып, спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Мұнда жыл сайын балалар үшін табиғатты қорғау жөнінде арнайы сабақтар өткізіледі. Демалыс орыны тек жаз айында ғана емес, сонымен қатар, жылдың төрт мезгілінде де жұмыс істейді. Қыста көбіне жоғары сынып оқушылары таза ауада шаңғы теуіп қызықты сәттерге куә болады», дейді балалар үйінің тәрбиешісі Бәтес Смағұлқызы.
Балалар үйінің мұғалімдері өз тәрбиеленушілерінің бос уақыттарын көңілді ұйымдастырумен қатар, әр баланың шығармашылық қабілетін одан әрі жетілдіріп, олардың бойындағы қабілеттерін ашу мүмкіндіктерін де қарастырып отыр. Шара соңында мектеп бітіруші түлектерге аттестаттар мен куәліктер табысталып, белсенді оқушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мектеп түлектері ұмытылмас бұл күнді достар арасында от алауын жағып аяқтады.
Динара ДОСПАН.