17 Ақпан, 2015

Білімнің мөлдір бұлағы

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген­ ұғым­ның астары тереңде жатыр. Осы қа­натты сөзге дәлел боларлық білім меке­мелері Қазақстанда көптеп саналса, барды бағалап, білімін жетік саралап, оларды халыққа жеткізгеннің еш айыбы жоқ. Осы тұрғыда, білім мекемелерінің арасында көпшіліктің ықыласына бөленген, аз уақыт арасында толағай табыстарымен Қазақстанды әлемге паш етіп келе жатқан білім ордасының бірі – Астана қаласындағы дарынды қыз балаларға арналған Қазақ-түрік лицейі мемлекеттік мекемесі. Бүгінде өз балаларын осы лицейге беруге ынталылар көп болғанымен, ол туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Халықтан келетін көптеген сұрақтардың кейбіреулеріне назар аударсақ: алдымен, «Бұл лицей ақылы ма?», «Қай сыныптан бастап қабылданады?», «Қандай сабақтар ағылшын тілінде жүргізіледі?» «Ұстаздары шетелдіктер ме?», «Қанша бала қабылданады, қай уақыттардан бас­тап қандай пәндерден емтихан алынады және қашан», деген сияқты сұрақтар көп. Жалпы, Қазақстандағы 30-ға жуық қазақ - түрік лицейлері 1992 жылы екі ел Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Өзалдың қолдауымен ашылған болатын. Мұндағы мақсат – екі ел арасында білім саласында тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты дамыту және Қазақстанға қызмет ететін білімді, білікті, қазіргі өркениетке сай мінез-құлқы, тапқырлығы, талабы мен таланты жетік, өз ортасынан озық шығып, бәсекеге төтеп бере алатын, мемлекеттік, шетел, орыс тілдерін еркін меңгерген жас ұрпақ тәрбиелеу. Астана қаласындағы дарынды қыз балаларға арналған Қазақ-түрік лицейі 2003 жылы сәуір айында ашылған. Өткен он екі жыл ішінде осында оқитын қаншама дарынды қыз шет мемлекеттерде өткізілетін білім олимпиадаларына қатысып, алтын, күміс, қола медальдарды қанжығаларына байлады. Қазіргі уақытта олар шет мемлекеттердің және өз еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуда. Ал лицейдегі білім жүйесіне келер болсақ, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдері оқытылады, соның ішінде математика, химия, биология, физика, информатика пәндері 7-11 сыныптарда ағылшын тілінде оқытылады. Бұл дегеніміз, біздің жас ұрпақтың өзге елдерге еркін шығуына және оңай қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік береді. Лицей ұстаздары – шетелдердің жоғары оқу орындарын тәмамдаған, түрлі білім көтеру курстарынан өткен, түрік ағайындарымыз бен қазақ бауырларымыздан құралған білікті мамандар. Лицейге қызметке келгеннен бері мені тамсандырып келе жатқан нәрсе – ұстаздар мен оқушылардың ізгі қасиеттері. Яғни, әріптестеріміздің адамға деген қамқорлығы, адамгершілікті берік ұстануы, қыздарымыздың ізеттіліктері, төрт тілде еркін сөйлеп, лицейге сырттан келген қонақтарымызды таңдай қақтыруы. Ұжымда қазақы дәстүр де еш кенже қалған емес. Лицейде қыз балаларды бөле оқытудағы мақсат – бір-біріне бауыр басып, бір үйдің апалы-сіңлілі қыздарындай болып өсуіне, бір-біріне көмек қолын созуға тәрбиелеу. Мұның өзге ойдан бойларын аулақ ұстап өсулеріне де үлкен септігі тиюде. «Білім мен тәрбие – егіз ұғым» дейтін болсақ, лицейіміздің қыздары өнерден кенде емес, бұған дәлел мектепішілік үйірмелер және сыныптан тыс шаралар өз деңгейінде өткізілуде. Мектепішілік домбыра үйірмесі, вокал, хор, би үйір­мелері дұрыс жолға қойылған. Тәрбие тал бесіктен басталатындығын ескерсек, ең бастысы, туған тілге деген құр­мет лицейде басты назарда. Осы орайда, Астана мектептерінің арасында ұйым­дастырылатын жыл сайынғы «Жарқын болашақ» республикалық тіл фестивалі, көркемсөз оқу шеберлері сайысы осы мектепте өткізілуі тілге деген құрметтің бірегей көрінісі. Қыздарымыздың жеке тұлға болып қалыптасуына басқа да шаралардың септігі мол. Айталық, Наурыз мерекесін ата-аналармен бірлесіп, ерекше ықыласпен тойлау оқушыларға салт-дәстүрлерімізді насихаттаудың үлкен үлгісі. Адами қасиетті біліммен ұштастыр­ғанда ғана жетістік жеміс беретіні ұстаздарға аян. Осы бағытта лицей білімге бет бұрғызу бағытында шәкірттерінің қай салаға бейім екенін анықтап, сол пәндер бойынша күш-жігерлерін жұмсайтыны басты қағида. Үнемі оқушылардың білімін жүйелі түрде қадағалап отыру басты назарда. Олай дейтінім, әр тоқсан сайын сол тоқсанда өткен тақырыптарды тексеру мақсатында БТС (білім тексеру сынақтары) алынып, төмен көрсеткіш көрсеткен оқушылармен қосымша сабақтар жүргізіледі, тынымсыз еңбекпен алға қойған мақсатқа жету жолындағы ізденіс пен жоспарлы жұмыстар өз нәтижесін беріп те келеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, балаңыз бейбіт елдің білімді болаша­ғы бо­лып, зымыран заманның жаңа­шыл кө­­шіне ілесемін десе, лицейге келу­ге тал­пын­сын. Ал өзіңіз балаңызға дұ­рыс жол сіл­теп, бағыт көрсетуге ұмтылы­ңыз, ағайын. Жасұлан САҒЫМБЕКОВ, дарынды қыз балаларға арналған Қазақ-түрік лицейінің музыка жетекшісі. АСТАНА.