17 Ақпан, 2015

Сыртқы саясаттағы сындарлы сәт

412 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мәжіліс депутаттары палата Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен кезекті Үкімет сағатында «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру» тақырыбын талқылады. Вице-спикер «Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан теңгерімді көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп келеді. Ұлттық мүддемізге сәйкес, еліміздің сыртқы саясаты ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуге, егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды нығайтуға және экономикамызды одан әрі дамытуға бағытталған. Осының нәтижесінде қазіргі кезде еліміз халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі болып қалыптасты. Қазақстан әлем­нің көптеген елдерімен дипло­матиялық қарым-қатынас орнатты. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сияқты бірқатар халықаралық және өңірлік ұйымдарға мүше», деді. Келесі кезекте ол Қазақстанның ядролық қаруды таратпау мен қарусыздану, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік, ұлтаралық келісім, конфессияаралық тағат­тылық пен үнқатысу салала­рындағы халықаралық бастамаларын бүкіл әлемнің мойындап отырғанына тоқталды. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің басқа мемлекеттері санасатын және сыйлайтын абыройлы елге айналды. Қазақстанның жүйелі бітімгершілік қызметіне әлемнің жетекші елдері мен халықаралық ұйымдар оң баға беруде. Бұл ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделі айрықша рөл атқарғаны мәлім. Қазіргі уақытта Қазақстанның сыртқы саясаты өз тиімділігі мен пәрменділігін дәлелдеді деп айта аламыз. Сонымен қоса, соңғы жылдары әлем түбегейлі өзгерістерге ұшырап, жаңа қауіп-қатерлер пайда болды. Осыған байланысты өткен жылдың басында Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Бұл тұжырымдама «Қа­зақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген сыртқы саясат саласындағы бағыттар мен мін­деттердің негізінде әзірленді. Бүгінгі Үкімет сағатының тақы­рыбы осы Тұжырымдаманың іске асырылуын талқылау болмақ, деді Д.Назарбаева. Аталған тақырыпқа Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов баяндама жасады. 2014 жыл Қа­зақстанның сыртқы саясаты үшін табысты жыл болды. Жал­пы, Қазақстанда және шет­елдерде жоғары деңгейде 59 іс-шара және 70 екіжақты сапар өткізілді. 73 халықаралық шарт (22 мемлекетаралық, 40 үкіметаралық, 11 ведомствоаралық) жасалды. Өткен жылғы 19 мамырда Астанада Қазақстан, Беларусь және Ресей Президенттерінің Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюын тарихи күн деп атауға болады. Бұл шарт 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Бұл маңызды құжат Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде (ММУ) айтқан еуразиялық интеграция туралы идеясының нақты іске асырылуы болып табылады. ЕАЭО тартымдылығын әлемнің 40-тан астам елінің ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құру туралы шартқа қол қоюы айғақтайды. Еуразиялық экономикалық ин­теграцияға арналған бағыт біздің елдің стратегиялық таңдауы болып табылатынын айрықша атап өтемін. Жаһандық турбуленттік жағдайларда экономикалық интеграция объективті үрдіс және заңды құбылыс болып табылады. Бірде-бір ел экономиканы интеграциялаусыз дами алмайды. Ал біздің экономика жаңа нарықтарды, сауда мен инвестициялар үшін кедергілерді жоюды қажет етеді, деді Е.Ыдырысов. Министр, сонымен қатар, Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім және Қа­зақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы келіссөздердің табысты аяқталуы осының айғағы болып табылатынын атап көрсетті. Осы жылы ЕО-мен жаңа келісімге қол қоюға үміт артамыз. Бұл келісім қазақстандықтар үшін визалық режімді жеңілдетуді қоса алғанда, 29 салада ынтымақтастықты ны­ғайту болып табылады. Сонымен қатар, өткен жылы біз қолайлы жағдайлар жасау және тағы да үлкен инвестициялар тарту үшін Қазақстанның негізгі инвесторлары болып табылатын 10 елге визасыз режім жөніндегі қанатқақты жобаны іске қостық. Энергетика саласында айтулы жетістік ретінде Қазақстанның шетелдік жоғары деңгейдегі өкілдердің қатысуымен болған Энергетикалық хартия конференциясының 25-сессиясына (26-27 қараша, Астана) табысты төрағалық етуін атап өтуге болады. ЭСКПО-2017-ге шетелдердің ғылыми және технологиялық әлеуетін тарту жөнінде белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстардың шеңберінде әлемнің ғылыми топтарымен және инновациялық орталықтарымен (АҚШ, Үндістан, Ресей және басқа елдердің селикон алқаптары) ынтымақтастық орнатылды, деді Е.Ыдырысов. Министр, сондай-ақ, еліміз бен Елбасымызға қатысты бірқатар бастамаларды, байланыстарды, сыртқы саясатқа қатысты атқарылған жұмыстарды атап көрсетті. Парламент Мәжілісі Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев талқыланған тақырыпқа қосымша баяндама жасады. «Министр Сыртқы істер министрлігі тарапынан еліміздің 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясаты тұжырымдамасын іске асыру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайлы толық баяндап берді. Нақты нәтижелер мен біршама жетістіктер бар екенін көріп отырмыз. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының сыртқы саясат саласындағы нақты тапсырмаларын тиімді іске асыру үшін министрлік барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатқанын атап өту қажет», деді М.Әшімбаев. Сондай-ақ, бесінші сайланым шеңберінде сыртқы саяси міндеттерді шешуге жаңа мүмкіндіктер беретін бірқатар заңдар қабылданғанын атап көрсетті. Жалпы алғанда, Мәжіліс депутаттары, оның ішінде біздің комитеттің мүшелері Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен және қызметкерлерімен сындарлы әрі тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыстар жүргізуде.  Және еліміздің Сыртқы саясаты тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған осындай маңызды қызметті одан әрі бірлесіп жалғастырамыз деп сенемін», деді комитет төрағасы. Баяндамалардан кейін Мә­жіліс депутаттары СІМ басшысына сұрақтар қойып, министр жауап қайтарды. «Үкімет сағатында министр Қазақстан Республикасы Сыртқы саясатының тұжырымдамасын іске асыру барысы жайлы толық баяндап берді. Мәселені жан-жақты талқы­ладық, депутаттар тарапынан сындарлы әрі маңызды ұсыныстар айтылды. Айтылған ұсыныстардың бәрі Сыртқы істер министрлігінің жұмысында ескерілетін болады деп сенеміз. Сыртқы істер министрлігінің алдына Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттерді уақтылы әрі сапалы орындау үшін министрліктің барлық мүмкіндіктері мен әлеуеті бар деген сенімдеміз.  Мәжіліс депутаттары өздері тарапынан заңнамалық дең­гейде, сондай-ақ, парламенттік дипло­матия тетіктерін пайдалана отырып, Сыртқы саясат тұжырымдамасының негізгі міндеттерін іске асыруға жәрдем­десуге дайын, деп палата Төр­ағасының орынбасары Үкімет сағатын қорытты. Сәулебек БІРЖАН.