17 Ақпан, 2015

Қаржы жұмсауда тиянақтылық қажет

275 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ek10-astМемлекеттің дағдарысқа қарсы саясаты үнемі депутаттардың назарында болып келеді. Соның жарқын бір дәлеліМәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Нұртай Сабильянов пен Татьяна Яковлеваның қатысуымен сенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг. Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет жобасын оңтайландыру жөнінде Елбасы нақты тапсырма бергендігін тілге тиек еткен Т.Яковлева аталған мәселе өте өзекті және жедел түрде шешімін табуы қажеттігін ерекше атады. Депутат бұл ретте берілген міндеттерді алты бағыт бойынша қарастыруға боларын да қаперге сала кетті. Елбасының ең бір маңызды алға қойған міндеттерінің бірі – «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру. Осыған орай бюджет жобасына тиісті түзетулер енгізген кезде Ұлттық қордан қосымша қаржы бөліп, бағдарламаның қысқа мерзім ішінде тиімді де жемісті жұмыс істеуіне жағдай жасау тапсырылғаны да аталмай қалмады. Депутат сөз орайы келгенде, алдағы үш жылда бағдарламаны жүзеге асыру үшін 428 миллиард теңге бөлінгенін, биылдың өзінде 176 миллиард теңге қарастырылғанын алға тартты. Олай болса, бюджет қаржысының тиімділігі оны дер кезінде бөлумен және игерумен тікелей байланысты. Мемлекет, сондай-ақ, аталған бағдарламаның бірқатар ынталандыру жақтарын да ойластырып отыр. Олар – машина жасау, шағын және орта бизнес субъектілерінің инфрақұрылымдық жобаларын ынталандыру. Келесі бағыт бюджет қаржысын қатаң үнемдеу. Бұл бюджет саясатының ең басты қағидасы саналады. «Егер қаржыны тиімді жұмсай білсек, қолға алған барлық бағдарламаларды жүзеге асыра аламыз. Ол үшін бізде барлығы бар. Үкімет пен квазимемлекеттік сектор тарапынан барлық шығындар оңтайландырылып, үнемді жұмсаса жеткілікті», деді Татьяна Ивановна сөзін сабақтай түсіп. Бюджет әкімшілері алдағы түзетулер енгізген кезде өз шы­ғын­дарын 10 пайызға, ал квазимемлекеттік сектор 6-12 пайызға қысқартуды жоспарлап отырғандығымен де бөліскен Т.Яковлева Мемлекет басшысы бұл ретте жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламаларды қысқартпауға нақты тапсырма бергендігін де ескерте кетті. «Бұл бағдараламаның маңызы сонда, жұмыссыздықты болдырмаумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу қолға алынған. Мектеп, аурухана сияқты құрылысы басталған нысандарды бітіру де назардан тыс қалмайды. Елбасының экономиканың нақты секторын қолдау туралы берген тапсырмасы ең басты басымдық дер едім», деді Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. Өзінің бұл тұжырымын депутат азаматтарымызға өз елінде еңбек ету үшін барлық жағдайды және өзімізде өндірілген өнімдерді тұтынуға мүмкіндіктерді жасағанымыз абзал деген ұстанымдармен түйіндеді. Сондықтан да, «Қазақстанда жасалған» деген бренд ел азаматтары үшін ең басты құндылық болуы тиіс. Бұл бағытта жетістіктер айтарлықтай. Астана индустриялық паркінде локомотивтер, вагондар шығарылады. Сонымен қатар, өзгелердікімен бәсекелесе алатын сапалы құрылыс материалдары да ұсынылуда. «Егер менен отандық өнімдерді тұтынасыз ба деп сұрасаңыздар, онда «иә» деп жауап беремін. Себебі, мен отандық өнімдердің сапалылығына тәнтімін», деді депутат. Бұдан кейін сөзді әріптесі Н.Сабильянов алды. «Елбасымыз Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға және қордаланып қалған бірқтар мәселелерге жан-жақты жауаптар берді. Соның бірі – теңге бағамы тұрақты бола ма, жоқ па? – деген сұрақ. Бұл сауалға халық толық жауап алды. Мемлекет басшысы теңге бағамының күрт ауытқуын болдырмаймыз деп айтты», деді Нұртай Сабильянов. Депутат енді осыны пайдаланып, кәсіпкерлікті, жалпы экономиканы дамытуымыз керек дегенді де қоса кетті. Сонымен қатар, Елбасы шағын және орта бизнесті қолдауды «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында әрі қарай жалғастыруды тапсырғандығын сөз еткен Н.Сабильянов аталған бағдарлама аясында шағын және орта бизнеске инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін сауықтыру үшін мемлекет тарапынан берілетін қолдауды ұлғайту қажеттігі тұрғысындағы ойын да ортаға салды. Оның сөзіне қарағанда, қазір бұл мәселе жан-жақты қаралуда екен. Жалпы, шағын және орта бизнесті қолдау үшін былтыр Ұлттық қордан 200 миллиард теңге бөлінсе, соның 100 миллиарды биыл игерілетін болады. Ол банктер арқылы жылдық 6 пайыздық үстемесімен шағын және орта бизнеске берілсе, бұл бұрын-соңды болмаған бизнесті қолдау. Сондықтан кәсіпкер осындай несиелерді ала отырып, отандық өнімдерді өндіруге құлшыныс танытуы тиіс. Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға байланысты Елбасы үнемі айтып келе жатқандығын алға тартқан Н.Сабильянов агроөнеркәсіптегі 292 субъектінің 313 миллиард теңге қаржысын оңалту мәселесі шешімін тапқандығын мәлімдеді. Енді осы қаржыны 500 миллиард теңгеге жеткізу тапсырылыпты. Депутаттың пайымынша, бұл шаруа қожалықтары мен фермерлерді қолдаудың бір жолы болмақ. «Жалпы халықпен кездесіп жүрген кезде шаруа қожалықтары мемлекет тарапынан қолдауды, субсидия беруді және оған қолжетімділікті қамтамасыз етуді мәселе етіп көтеріп жатады. Міне, осы мәселе толық шешімін тауып отыр деп айтуға негіз бар», деді Нұртай Сабильянов. Сондай-ақ, Елбасы Ұлттық қордан бөлінген қаражат қатаң бақылауды, оны елдің пайдасына тигізетіндей етіп жаратуды тапсырғандығын айтқан Н.Сабильянов оған «Нұр Отан» партия­сы қатаң бақылау жасау­да екендігін, тіпті, партияның парламенттік фракциясы осы жұмысты жүргізіп жатқанымен де бөлісе кетті. Қысқасы, Ұлттық қордан жұмсалатын қаржы қатаң бақылауда ұсталғаны жөн және де қаржы жұмсауда тиянақтылық қажет. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».