23 Маусым, 2015

Халқының бағына біткен перзент

419 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
03.09.07-01 Мен ел ішіндегі қарапайым ақса­қал­дардың бірімін. Бүгінде жетпістің бесеуінен асып бара жатсақ та ел өңіріндегі жасампаз істерден тыс қала алмаймыз. Біздің өткен өміріміз оңай бола қойған жоқ. Мектеп бітіргеннен кейін Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумының механикаландыру бөлімін және Мәскеудегі кәсіподақтардың жоғары мектебінің экономика факультетін бітірдім. Жұмысымды қатардағы механизаторлықтан бастап, трактор паркінің механигі, орталық жөндеу шеберханасында меңгеруші болып істедім. Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданының кеңшарларында бас инженер болып 15 жылдан аса қызмет жасап, өмірден үлкен тәжірибе алдым. Ол кезде бізді партия жұмсайтын. Сол партияның жұмсауымен Куйбышев атындағы совхозда партия ұйымының хатшысы болдым. Одан соң Маңғыстау аудандық партия комитетінің өндіріс және көлік бөліміне басшылық еттім. Бір жылдан кейін «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы кеңшарға директор етіп жіберді. Сол кеңшарды 10 жыл басқардым. Қай жерде де жұмысты адалдықпен атқарсаң еңбек ескерілмей қалмайды ғой. Республика бойынша үш кеңшар директорының атқарған жұмыстары қорытылып, іс-тәжірибесі «Дербестік және жауапкершілік» деген атпен 1988 жылы кітап болып, көп таралыммен жұрт қолына тиді. Мұны неге айтып отырмын. Себебі, еңбек еткеннің есесі кетпейтінін, тұрмысы түзелетінін аңғарту. Осы күні кейбірулер жұмыс жоқ дейді. Ауырлау болса да айтайын, олар қара жұмысқа, мал бағуға, яғни қол жұмыстарына барғысы келмейді. Көлеңкеде отырып, жалақы алғысы келеді. Біз қызмет істеген кездерде қандай жұмыс болмасын үлкен бәсеке еді. Қазірде қол қусырып отырғаным жоқ. Ақтау қаласының «Қазақ тілі» қоғамының басқарма төрағасы болып қоғамдық негізде жұмыс жасаймын және «Мұнайтелеком» ЖШС-інде аудармашы болып қызмет атқарамын. Елбасының «Қазақстан-2050» Стра­те­гиялық даму бағдарламасы аясында облысымызда жаңа жұмыс орындары құрылып, кәсіпорындар іске қосылып, тұрғын үйлер салынды, еңбек, жәрдемақы мен зейнетақы, шәкіртақы көбейтілді, жұмыссыздықтың саны азайды. Осы жерде бір оқиғаны айта кетуге тура келеді. Әлемдік тәжірибеде жинақталған ғылыми тұжырымдарда жас мемлекеттер толыққанды елге айналу үшін ең кемі елу-алпыс жыл керек екені дәлелденген. Ал біздің еліміз, тәуелсіз Қазақстан бас-аяғы 10-15 жылда адам айтса нанғысыз дәрежедегі жетістіктерге жетті. Осы ширек ғасырдағы бел-белесті әлем мойындады. Әділдігі мен турасын айтуымыз керек, біз бұл адам айтса нанғысыз жасампаздыққа өз еліміздің Тұңғыш Призиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей ақылдылықпен басқаруының арқасында жеттік. Бұл – барлық салада аянбай тер төгіп, еңбек еткен отандастарымыздың берекесінің жемісі. Нұрсұлтан Әбішұлы – шын мәнінде қазақтың маңдайына біткен дара тұлғасы. Алланың қазақ деген елге берген сыйы, 1990-91 жылдары Қазақстан халқы алды шың, арты түпсіз құлама шыңырауға тіреліп тұрғанда, етегін түріп, білегін сыбанып, елін бастап ұшпадан ұшырмай алып шыққан кім еді, білесіздер ме? Әрине, білесіздер, ол Нұрсұлтан Назарбаев. Мен бұл сөзімді бұрында айттым, әлі де айта беремін. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет етіп тізгінін ұстағаннан бері адамның ойына сыймайтын қаншама асқаралы асудан астық, қаншама қиындықтарды жеңдік. Етігімен су кешіп жүріп, кемел ертеңге апарар баспалдақтарды қалады. Мемлекеттік шекараны бекітті, ұлттық саясатты анықтады. Ұлттық бизнесті қалыптастырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ бейбітшілік ұстанымымен ерекшеленді. Семей полигонын жауып, жаппай қырып-жоятын қарудың жолын кесті. Сарыарқаға Астана деп аталатын – тәуелсіз Қазақстанның дүниежүзіндегі ең сәулетті қалаларымен теңесетін ғажайып қала орнады. 2004 жылы басталған «Мәдени мұра» стратегиялық жобасының арқасында ұлттық құндылықтарымызды түгендедік. Тәуелсіздік жолына қаншама қажыр-қайрат жұмсады. Оны баянды ету үшін одан да зор еңбек сіңіріп келеді. Кейінгі ұрпаққа кемел Елбасының бастауымен Қазақстанды табыстау – бәрімізге ортақ міндет, ортақ мақсат, ортақ парыз. Президент Қазақстанды ең мықты әлемдегі елу елдің қатарына әкеле жатыр. Қазақстанға нақты бағыт беретін бағдаршам болып есептелетін «Қазақстан-2050» Стратегиялық жоспарын жасап берді. Енді, міне, халық игілігін жіті көздеп отырғанын дәлелдейтін 5 реформа, «100 нақты қадам» деп аталатын Ұлт жоспарын белгіледі. Онда көптеген маңызды мәсе­лелер алға тартылды. Олардың әрқайсысы еліміз бен халқымыздың болашағы үшін ауқымды қызметтерді атқарады. Осы 100 нақты қадам жоспарында «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі нұсқасын әзірлеу жайлы да сөз болған. Бұл жағдайдың жалпы болашақта Қазақ елінің өмірінде алатын орны ерекше болмақ. Әрине, 100 қадамның әрқайсысы бүгінгі күннің талабынан алған кезде өте маңызды қадамдар болып табылады. Бағдарламалық құжаттың назарды аудартып тұрған жері – мұнда мәселелердің нақты қойылып және оның шешімінің анық көрсетілгені дер едім. Ұлт жоспарының кіріспесінде: «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап. Сонымен бірге, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамы­ған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөнін­дегі жоспары екені атап айтылды. «Кә­сіби мемлекеттік аппарат құру», «Заң­ның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индус­трияландыру және экономикалық өсім», «Біртектілік пен бірлік», «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» деп аталатын бөлімдерден тұратын ресми құжаттың өн бойында мемлекет дамуының алдағы уа­қыт­тағы мақсат-міндеті айқындалған. Менімше, бұл тарихи құжат елімізде «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асы­ру мен мемлекетімізді нығайтуда адас­тырмас сара жол. Мұның өз жемісін бере­тініне сенімдімін. Бұл тарихи құжат­ты бірнеше рет оқып шықтым. Ел ара­сына түсіндіру жұмыстарына қа­ты­на­су­дамын. Бұл стратегиялық жос­парды халық болып, қоғам болып іске асыратын болсақ, біз үлкен жетістіктерге жетіп, мемлекетіміздің қуаттылығы артып, экономикалық, өзге де бағыттарда тың серпіндер орын алатыны сөзсіз. Ұлт жоспарының 87 қадамында: Азаматтық біртектілікті нығайтудың «Ме­нің елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру, оның аясында техно­ло­гиялық жобалар серияларын іске қосу қарас­тырылған. Соның бірі – «Қазақстан энциклопедиясы» – кең көлемді интернет жобасын құру. Мұндағы басты «мақсат – әрбір азаматқа және шетелдік туриске ел тура­лы көбірек білуге көмектесу», деп атап көр­сетілген. Мұны маңызды мәселе деп түсінген жөн. Елбасы ашық және халыққа есеп беруші мемлекеттің деңгейін «Шешім қабылдау үдерісінің мөлдірлігін қамтамасыз ету, азаматтар жоғары мемлекеттік органдар шешім қабылдайтын үдерістерге «ашық үкімет» тетігі арқылы белсенді тартылуы тиіс» деді. «Ашық үкімет тетігі» қалыптасу үшін биліктегі қызмет адамдары өздері мемлекет идеологиясын толық елге түсінік беретіндей дәрежеде білуі қажет. Идеологияны өзі жақсы білген адам мемлекеттің даму саясатына халықты бағыттап, сол арқылы даму бағдарламасын жүзеге асыратын болады. Бұл Елбасы ұсынып отырған айқын түрде халыққа есеп беруші мемлекеттің негізгі ұстанымы болып табылады. Мемлекет – халықтың панасы. Сондықтан да, халық өз мемлекетінің даму тетігін, жетістігін, оның ілгері жылжу жоспарының орындалғанын көзбен көріп, білуі тиіс. Осыларды жүзеге асыру үшін Елбасы реформада көрсетілгендей, қоғам өкілдерінің, ел азаматтарының мемлекеттен бөлінетін бюджет қаржысын бөлуге қатынасуларының және бұрынғыдай халық қаржысын талан- таражға салуды тоқтатып, көпшілік бақылауында болуын көздеп отыр. Ашық және халыққа есеп беретін мемлекет құру сыбайлас жемқорлықты азайтатынын атап айтты. Бұл жағдай бұдан былай ел басқару ісіне нағыз адал адамдардың келуін талап етеді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ұсынып отырған 5 халықтық реформаны қоғамымыздың үлкен қарқынмен дамуына, мықты 30 елдің қатарына жетуге ашылған бағдар деп түсінемін. Кәсіби жазушы болмасам да, ұрпаққа білгенімді қалдырсам деп талпынып келемін. Тарихи тақырыптарға қалам тартып жүргендердің бірімін. «Балдағы алтын ақ болат», «Бас сардар», «Адай тарихы сыр шертеді», «Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы», «Ғасырлар құндылықтары» атты повестер мен роман-эсселерім жарыққа шықты. Бұл дүниелерде бұрын айтылмай келген ақтаңдақтарға баса назар аудардым. «Балдағы алтын ақ болат» Махамбет Өтемісұлының өміріне арналады. Шығарма желісіне ел аузындағы деректер мен естелік әңгімелерді және тарихи құжаттардан да мәліметтер қостым. 2005 жылы «Бас сардар» атты халық батыры Шотан Назарұлы туралы тарихи хикаятым және 2007 жылы «Адай тарихы сыр шертеді» атты роман-эссем жарық көрді. Мен – Елбасымен екі рет бетпе-бет отырып сөйлесу бақытына ие болған адаммын. Біріншісі, 1993 жылдың басында Қазақстан кәсіподақтарының құрылтайы шақырылды. Құрылтайға облыстан қатысатын делегаттардың ішінде мен де болдым. Құрылтай қарсаңында Нұрсұлтан Әбішұлы делегаттармен жүздесіп, сол кездегі жағдайдың осал болмай тұрғанын, уақытша қиыншылықтарға төзімділікпен қараудың, ауызбірліктің қажет екенін, көп ұзамай жағдайдың жақсаратынын айтып, жұрттың сұрақтарына жауап берді де, делегаттардың ойларын білгісі келетінін айтты. Сол жүздесуде Маңғыстау облысы агроөнеркәсіптік кешені кәсіподақ коми­теті­нің төрағасы ретінде орнымнан тұрып, жекешелендіруге байланыс­ты кейбір түсін­беушілік жағдайлар туралы ойымды білдірдім. Ертесіне Мемлекет басшысы мені жеке қабылдап, әңгімелесіп, ел жағдайын сұрады. Сол жолы Президенттің өте қарапайымдылығы мен елжандылығына, елдегі жағдайды түгелдей біліп отырған сұңғылалығына тәнті болдым. Оның көрегендігі мен ақылдылығына, үлкен парасат иесі екеніне көз жеткіздім. Екінші рет 2006 жылы Елбасымен тағы да дидарласудың сәті түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Маңғыстау облысының әкімі қызметіне Қырымбек Көшербаевты тағайындаған облыс активінің жиналысына келгенінде маған сөйлеуге тура келді. Маңғыстауға келер алдында сайлау өтіп, ел сеніміне ие болып еді. Сол сайлаудан кейінгі ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Қазақстанды таяу он жылдың ішінде дамыған 50 елдің қатарына қоссам деген мұратым бар», деді. Сөз кезегі келгенде сайлаудағы жеңісімен құттықтай отырып, «Қазақстанды дамыған 50 елдің қатарына қоссам» деген мұратыңызды Алла тағала қабыл көрсін», деп шын ние­тім­ді жеткіздім. Нұрекең де ыстық құшағы­на алып ризалығын білдірді. Ол сурет 2006 жылы «Жұлдыз» журналында жария­ланды. Қазақстанның орасан зор жылдамдықпен дамуын және тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзінің аса зор білгірлігін, ұйымдас­ты­ру қабілетін бүкіл дүниежүзіне танытып отырған Тұлғаның осы реформасы арқы­лы таяу уақытта мемлекетіміз отыз елдің қатарынан орын алатынына толық сенемін. Тек мен ғана емес, Қазақстан хал­қы түгелдей сенеді! Менің бұл сеніміме күні кеше өткен сайлауда 97,7 пайыз сайлау­шылардың дауысына ие болып қайта сайлануы куә болмай ма? Дүниежүзіндегі мемлекеттердің кай­сысының басшысы сайлауда халқынан осындай қолдауды көріп еді! Бұл  қазақтың маңдайына біткен жалғызына ғана Алланың берген сыйы деп білемін! Жұлдызың жарқырай берсін, Нұрсұлтан! Біздер қай кезде де өзіңмен біргеміз! Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.  АҚТАУ.