17 Ақпан, 2015

Қостанайда суретшінің көрмесі ашылды

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
MGV_8886ҚОСТАНАЙ. 17 ақпан. Қостанайдағы көркемсурет гаелреясында Мейрамгүл Ордашеваның «Өнер толқынында» атты жеке көрмесі ашылды. Онда көрермендерге автордың 32 жұмысы ұсынылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жас суретші Мейрамгүл Ордашева шығармашылықпен 2012 жылдан бері айналысып келеді. Суретшінің бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы балалық шағынан басталған. Бұл ғажайып әлем сәби Мейрамгүл үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы туралы ағасы Талант Ордашев сыйға тартқан суретті кітаптан бастау алыпты. Туған жерге деген сүйіспеншілік – автордың көп жанрлық картиналар тақырыбының бірі. М.Ордашеваның картиналарының басты нысаны – туған жер, туған ошағы, жақындары мен туыстары. Суретші өз композицияларын жады арқылы, қиялы мен елестетуі, нақты өткерген қас қағым сәт пен тікелей заттың өзіне қарап салады. Суретші Мейрамгүл Ордашева: «Менің шығармашылығымда балалық әсер мен жарқын оқиғалардың бәрі де тоғысқан» деді. Мейрамгүлдің туындыларына Қазақстанның белгілі суретшілері шығармаларында жиі кездесетін, мәселен, «Бәйге», «Күрес», «Көкпар», «Жайлау» секіді ұлттық сюжет сарындары тән. Таңдаған тақырыбынан ғана емес, композициялық шешімінен, «классикалық» палитраны таңдауынан үлкен өнермен үндестік байқалады. Суретшінің портреттік көріністегі туындылары да тартымды. «Равильдің портреті», «Қызым», «Даянаның портреті» сияқты көбінесе өзінің жақындары бейнеленеді. «Музыканттар» және «Скрипкашы» сюжеттік композицияларынан автордың жаңалығы айқын аңғарылады. Бүгінде Мейрамгүл Ордашева – Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының «Өнер» кафедрасының оқытушысы. Осы аз ғана шығармашылық кезеңінде автордың екі дербес көрмесі өтті. Бірі Қостанай қаласындағы Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында, екіншісі Челябі қаласындағы (Ресей) «Солнечный дом» жеке галереясында өтті. 2013 жылы жас суретшілердің облыстық «Жас толқын» сайысына қатысып, «Кескіндеме» номинациясы бойынша 2-орынға ие болды. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz. MGV_8883 MGV_8943