Бокс • 30 Шілде, 2025

Жастар Бангкокқа аттанды

21 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

30 шілде – 12 тамыз аралығында Таиланд астанасы Бангкокта World Boxing ұйымының мұрындық болуы­мен жастар арасындағы Азия бірін­шілігінің жалауы желбірейді. Жарыс­қа 26 мемлекеттен 400-ге жуық был­ғары қолғап шеберлері қатысады.

Жастар Бангкокқа аттанды

Екі ай бұрын IBA-ның дәл осындай жарыс Шри-Ланка астанасы – Коломбода ұйымдастырылған еді. Сол кезде жаңадан тағайындалған аға жаттықтырушы Бақыт Сәрсекбаев үлкен тәуекелге барды. Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы бұрын-соңды көзге түспеген есімдері көпшілікке беймәлім боксшылардың басын қосып, соларға сенім артты. Өздеріне берілген мүмкіндікті жалынды жастар тамаша пайдаланды. Жарыс жолына шыққан 12 жігіттің 10-ы алтын алса, бі­реуі қола медальды иеленді. Тек бір ғана спортшы осы сапардан жүлдесіз оралды. Нәтижесін­де, еліміздің құрамасы жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастады. Осылайша, Бақыт Әбдірахманұлы өзінің мықты боксшы ғана емес, білікті бапкер екенін де мойындатты.

Алдағы күндері Тай елінде өтетін жарыстың жөні мүлдем бөлек. Өйткені World Boxing – Халықаралық Олимпиада ко­митеті (ХОК) тарапынан мойын­дал­ған ұйым. Сол себепті де Қазақ­стан бокс федерациясының (ҚБФ) қолдауына ие болған Бақыт Сәр­сек­баев аталған додаға кіл мық­ты­ларды апару мүмкіндігіне ие болды.

Бангкокта қазақ елі намысын мына боксшылар қорғайды: 50 кг – Нұрзат Оңғаров (ел біріншілігінің финалисі, Испаниядағы жарыстың жеңімпазы, Таиландтағы турнир­дің қола жүлдегері), 55 кг – Бексұл­тан Боранбек (жастар арасындағы әлем чемпионы), 60 кг – Нұрислам Қалдыбаев (Азия чемпионы – U22), 65 кг – Илья Калинин (ел біріншілігінің қола жүлдегері), 70 кг – Нұрбек Мұрсал (жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы), 75 кг – Аман Қонысбеков (Азия чемпионы – U22), 80 кг – Санжарәлі Бегалиев (жастар арасындағы әлем чемпио­ны), 85 кг – Азатбек Жолдасхан (Азия чемпионы – U22), 90 кг – Темірлан Мұқатаев (еліміздің чемпионы), +90 кг – Нұрасыл Асылхан (ел біріншілігінің қола жүлдегері).

– Азия чемпионаты қарсаңын­да Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиы­­нын өткіздік. Сол кезде әр сал­мақтың мықтыларын жұды­рық­тастырып, қазіргі кезде кімдер на­ғыз бабында екенін анықтадық. Солардың арасынан іріктелініп алынған үздіктер Бангкокта бақ сынайды. Шаршы алаңға шыға­тын жігіттердің барлығы да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көте­рілуге барын салады, – дейді Бақыт Әбдірахманұлы.

Елдос Сайдалин бастаған қыздар командасы сапында Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Томирис Мырзақұл (51 кг), Элина Базарова (54 кг), Виктория Байдукова (57 кг), Әсем Таңатар (60 кг), Аружан Жаңабаева (65 кг), Бақыт Сейдіш (70 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг), Әсел Тоқтасын (+80 кг) сын­ды бокс­шылар өнер көрсетеді.