17 Ақпан, 2015

Өскеменде «Нұр Отан» партиясының өкілдері тұрғындармен кездесті

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
17 02 - Nur Otan ӨСКЕМЕН. 17 ақпан. «Нұр отан» партиясының Өскемен қалалық филиалының ұйымдастыруымен шаһардағы бірқатар ықшамаудандардың тұрғындарымен кездесу өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кездесуге Защита және Мұнай базасы ықшамауданының тұрғындары мен «Темір жол кәсіпорны», №9 өзін-өзі басқару аймақтық кеңесі, темір жол ардагерлер кеңесі, Защита ішкі істер бөлімі және бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы талқыланып, «Айқын тариф», «Stop-қылмыс» партиялық жобасы шеңберінде бастауыш партия ұйымдарының атқарып жатқан жұмысы тыңдалды. – «Айқын тариф» партиялық жобасын жүзеге асыруда арнайы партиялық бақылау бекеті күнделікті азық-түлік бағасын қадағалау бойынша өз жұмысын жүйелі атқаруда. Айталық, картоп, жұмыртқа бағасы әлеуметтік тұрақтандыру қоры дүңгіршектерінде дүкендегі бағадан 30-40 теңгеге арзан бағамен сатылады. Бастауыш партия ұйымдары белсенділерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар атқарылуда. Әсіресе, мектеп оқушылары, ардагерлер кеңесі, жастардың «Тимур» командасы бүгінге дейін ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қолғабыс етіп келеді, – деді бастауыш партия ұйымының төрағасы Рустам Асқарұлы. Защита ықшамауданындағы бастауыш партия ұйымдарының өкілдері «Stop-қылмыс» жобасы аясында темір жол бөлімшесі және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын, арнайы ерікті топтармен рейд жүргізетіндіктерін тілге тиек етті. Жиынға қатысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Шерубаев Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының негізгі бағыттары мен әлемдік дағдарыстан шығу жолдары жөнінде айта келіп, бастауыш партия ұйымдарының партияның негізгі бастамашыл күші екендігін атап өтті. Н.Шерубаевтың айтуынша, 12 партиялық жоба шеңберінде бастауыш партия ұйымдары атқарған жұмыстардың нәтижесі алдағы уақытта талқыланатын болады. Кездесу соңында «Нұр отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Екібасова аталған жұмыстардың жалғасын табатыны жөнінде айтты. Ал партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Шерубаев жаңадан қабылданған мүшелерге партия билеттерін салтанатты түрде табыс етті. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: «Нұр Отан» партиясы ШҚО филиалы.